Апта айнасы

0 112

АПТА ҮЗДІГІ

Осы аптада қазақтың танымал музыканты, скрипкашы­ Марат Бисенғалиев әйгілі ағылшын композиторы Эдвард­ Элгардың шығармашылығын зерттеуге қосқан үлесі үшін «Элгар Фаундэйшн»­ америкалық қорының алтын дискісімен марапатталды­

Франция астанасы Парижде өткен бұл шараға мәдениет қайраткерлері, ҚР Сыртқы істер министрлігінің және бизнестің өкілдері қатысты.
Атақты музыкантқа кеш барысында алтын дискімен қоса австралиялық суретші Ральф Лиллифордтың Эдвард Элгарды бейнелеген портреті тарту етілді.

АПТА АНЫҒЫ

Осы аптада «Қазақстан Республикасының мем­­­ле­­кет­тік қызмет мәсе­­ле­лерi бойынша кей­бір заң­на­малық ак­ті­ле­ріне өзгерiстер мен то­лық­ты­рулар ен­гi­зу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы өз күшіне енді. Заңға сәйкес, бұдан былай еліміздегі мем­лекеттік қызмет тізімінен «бастық» сөзі алынып тасталды. 

«Бастық» сөзі тек «ҚР Президенті кеңсесінің бастығы» лауазымында, құқық қорғау жүйесінде, Қорғаныс министрлігінде сақталып қалады.

«Себебі, бұл жүйелерде мемлекеттік қызметшілер мен басшылар арасындағы қарым-қатынас басқа қағидаларға негізделген» дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің төрағасы Әлихан Бәйменов. Сондай-ақ, оның айтуынша, «бастық» сөзі теріс ұғымға айналып кеткен. Сол себептен мемлекеттік қызметші лауазымындағы жаңа тізілімнен алынып тасталған.

АПТА ҰСЫНЫСЫ

Тұрсынбек ӨМІРЗАҚОВ,  Мәжіліс депутаты

«Қазақстандықтардың 70 пайы­зы­ дәрігерлердің жұмысына нара­зы. Оның үстіне, соңғы кездері нау­қас пен дәрігер арасындағы кикіл­жіңдер күрт көбейіп кетті. Қай тараптың айтқаны дұрыс бол­са да, қолдарында дәлелі жоқ. Егер мемлекеттік мекемелерде бей­не­ба­қылау орнатар болсақ, бірін­ші­ден, жұмыстың тиімділігін арт­ты­ра­мыз, екіншіден, қоғамдағы көп­те­ген түсініспеушілікті шешеміз. Ресей мұндай жүйені бекітіп, қазір қолданысқа жіберді, нәтижесі де­ жаман емес. Тіпті, жеке басым­нан өтті, дәрігердің өз ісіне салғырт­ты­ғы салдарынан жақын туысымды жоғалттым. Ақыры дәлелдей алмай, әуре-сарсаңға түстік. Бұл тек бір ғана мысал, шын мәнінде, бұл мысалдың мыңдаған екені жасы­рын­ емес».

(«Алаш айнасы» газеті)

АПТА ЖАҢАЛЫҒЫ

Осы аптада Ұлттық банк 2000 тең­ге­­лік жаңа банкнотаны айналымға шығарды

Өлшемі 139х73 мм болатын жаңа 2000 теңгелік­тің дизайны да өзгерген. Қою және ашық жасыл түсті банкноттың оң жағында «Қазақ Елi» мону­менті, ортада ұшып жүрген кептердің бей­несі орналасқан. Төменгі бөлігінде киіктің, жоғары бөлігінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары елтаңба және ту бейне­лен­ген. Сол жақ төменде және жоғары жақта номи­налдың цифрлық белгіленуі басылған, сол жақта ортада номиналдың мемлекеттік тілдегі әріптік белгіленуі жазылған. Ал, сыртқы бетінде Ертіс өзені бейнеленген Қазақстан картасының сұлбасы көлденеңінен орналасқан. Оң жағында киіз үй және мемлекеттік тудың бейнелері бар ені 13 мм голографиялық жолақ орналасқан.

Аптаның есеп-қисабы

Астана қаласы Статистика депар­та­­мен­­ті­нің­ осы­ аптада таратқан мәлі­ме­ті бой­ын­ша, Астанада наурыз айында күнбағыс майы, май, қант, құс­ еті, қарақұмық сияқты әлеуметтік тағам­дар мен бірқатар көкөністердің бағасы біршама төмендеген.

Нақтырақ айтқанда, қарақұмық – 2,7 пайызға, күнбағыс майы – 1,4 пайызға, қант – 1,3 пайызға, тауық еті 0,6 пайызға арзандапты.
Сондай-ақ, макарон өнімдері 2,4 пайыз, тұз бен шай 2,2 пайыз, жұмыртқа 1,4 пайыз, айран 0,4 пайыз арзан бағаға сатылған.
Көкөніс өнімдерінің бағасы да қарапайым халық үшін қолжетімді бағада болды. Өйткені, пияз ал­дың­­ғы айлармен салыстырғанда 5,8 пайызға, кар­топ 2,2 пайызға, орамжапырақ пен сәбіз 2,1 пай­ызға төмендетілді.

Естеріңізде болса, Статистика департаменті биылғы ақпан айында ет бағасының да айтарлықтай төмендегенін хабарлаған болатын.

АПТА АҚПАРЫ

4 сәуірден бастап Парламент Мәжілісінің депутаттары ел өңірлерін аралауға шығады.

Осы аптада «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшелері бас қосып, маңызды сапар қарсаңында алдағы жұмыстың көкейкесті мәселелерін талқылады.
Мәжіліс Төрағасы, «Нұр Отан» фракциясының жетекшісі Нұрлан Нығматулин депутаттарға айналысып жатқан жұмысынан алшақ кетпеуі тиіс екендігін атап көрсетті. «Әрбір заң жобасы бірінші кезекте адамдар өмірін жақсартуға бағытталуы шарт» деді ол.
Депутаттар аймақтарда 13 сәуірге дейін болады. Ал кездесулер тікелей еңбек ұжымдарында, өндірістерде, сондай-ақ, әлеуметтік нысандарда өткізіледі деп жос­пар­ланып отыр.

АПТА ЗЕРТТЕУІ

ҚР Ұлттық банкінің мәліметінше, Қазақ­­стан­да бір банкоматқа – 1860, 1 терми­нал­ға 483 адамнан келеді екен.

Ал, Ресейдегі жағдаймен салыстыратын болсақ, онда 2012 жылдың басын­да­ 1 терминалға – 270, ал бір банкоматқа 1007 адамнан келіпті.

Еліміздегі бүгінгі күні 33 мың 318 POS-терминал бар болса, оның 27 мың 325-і сауда және қызмет көрсету орындарында ор­на­­тылған. Сондай-ақ, 8 мың 652 банкоматтың 1040-ында ақша қабылдау қызметі қарастырылған.

АПТАНЫҢ «КЕРЕКТЕРІ»

Шәкір ЫБЫРАЕВ,
Түркі академиясының президенті:

«Наурыз мерекесінің түпкі атрибуттары мен ғұрып­тық­ рәсімдерін жүйелі жолға қойып, ол үшін «Наурызнама» ма, басқа ма, әйтеуір, мемлекеттік деңгейдегі мәдени бағдарлама қабылдау керек»;

Сейітқазы МАТАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының басқарма төрағасы:

«Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне салынатын айыппұл көлемін азайту керек»;

Азат ПЕРУАШЕВ,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

«Кез келген зейнетақы қоры банкротқа ұшыраса, онда салымшылар қаражатынан айырылады. Сондықтан, бірыңғай зейнетақы жүйесін құру керек».

Шынар ДОСАН 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

10 + twelve =