АПАТТЫ ҮЙЛЕР АЛАҢДАТАДЫ

0 125

Астанада әбден тозығы жетiп, қабырғасы әне-мiне құлағалы тұрған үйлердiң саны – 228. Жалпы аумағы 150 мың шаршы метрдi құрайтын мұндай үйлерде  шамамен 3000 отбасы өмiр сүруде.
Қаланың құтын қашырып тұрған жайлар қашан құлатылады?
Ескi  үйдiң қожайындарына мемлекет тарапынан жаңа пәтер берiле ме?
Бұл – тұрғындардың көкейiнде жүрген жауабы бұлыңғыр сауалдар.

Есiлдiң сол жағалауы… Әлемге әйгiлi сәулетшiлер қолтаңбасын қалдырған  жаңа қала күн санап ас­қақтап  келедi. Экологиялық тазалық, технологиялық жетiстiк, интеллек­туал­дық еркiндiктi кез-келген ғима­раттан сезiнуге болады. Қала мен табиғаттың үйлесiмдiлiгiне сай көрi­нiс тапқан туындылар бүгiнде көпшi­лiктiң көзайымына айналды. Ал оң жағалау ше? Әдетте ескi қала атанып кеткен бұл жақ бұрынғымен салыс­тырғанда әлдеқайда өзгерген. Көше­лер жөнделiп, аулалар абаттанды­рылды. Халық көп баратын қоғамдық орындарда қызмет түрлерi ұлғайды. Оң жағалауда орын тепкен Кенесары хан ескерткiшi, С.Сейфуллин мұра­жайы мен мүсiнi,  «Отан қорғау­шы­лар» монументi, Тұңғыш Президент мұражайы, К.Байсейiтова атындағы Ұлттық опера және балет театры, Қ.Қуа­нышбаев атындағы қазақ ака­демиялық  драма театры, М.Горький атындағы орыс драма театры және астаналық саябақ  қаланың көрiктi жерлерiне жатады. Десек те, Кене­сары, Бейсекбаев, Гете, Затаевич, Потанин тағы басқа көшелердiң бойында орын тепкен көрiксiз жер үйлердiң барын да айтуға тиiспiз.
Дәл қазiргi таңда 2978 үй қайта қалпына келтiрудi қажетсiнедi. Өткен ғасырдың  40-шы, 60-жылдары қа­мыстан салынған  2, 3, 4 қабатты үй­лер   жөндеуге мүлдем келмейдi. Ха­лық арасында «хрущевка» және «ле­нинградтық» деп аталатын бес қа­батты үйлердiң де пайдалану мерзiмi 30-50 жылмен шектеледi. Бас қала­дағы тұрғын үй қорының техникалық жағ­дайын  тексеру нәтижесiне тоқ­тал­­сақ, сол кезеңдерде салынған үй­лер 70 пайызға дейiн тозып кеткен.
Құрылыс және тұрғын үй-комму­налдық шаруашылық агенттiгiнiң төрағасы Серiк Нокиннiң айтуынша, конструктивтiк элементтерi апатты жағдайға душар болған үйлердi күр­делi жөндеуден өткiзу эконо­мика­лық тұрғыдан өте тиiмсiз көрiнедi. Егер аталған аймақтарда кешендi қалпына келтiру жұмыстары қолға алынатын болса,  11 мың 264 пәтердi бұзу керек.
«Бұл жұмыстар бойынша  жалпы аумағы 588 мың шаршы метрлiк 2978 үйдi немесе 11 мың 264 пәтердi ысыру қажеттiгi туындайды. Апатты жағ­дай­да тұрған 228 үй мен тозығы жет­кен 150 мың шаршы метр үй де осы­ның iшiне кiредi. Ескi үйлердiң ор­нына салынады деп жобаланған  тұр­ғын үйдiң жалпы аумағы 3,1 млн шар­шы метрдi құрамақ»,– дейдi ол.
Қала әкiмдiгiне салмақ салатын ауқымды жұмыстардың бiрi – ескi қаланы жаңалау. Ол үшiн бiрнеше бағыттағы жұмыстар қарасты­рыл­мақ. Ең алдымен, қайта қалпына кел­тiрiлетiн үйлердi анықтау керек. Одан кейiн меншiктi мүлiкке сараптама жа­сау көзделген. Бұзылатын нысан­дардың қожайындарымен келiсiм жасау да оңай емес. Ескi және құлау алдында тұрған үйлердi бұзу, жаңа үйлердiң жобасын жасау және салу үшiн де жүйелi жоспар қажет. Ин­женерлiк-коммуникациялық инфра­құрылымды жобалау және салу өз алдына арнайы уақытты қажет ететiн болса, бұзылған үйлердiң орнына жаңа пәтерлер салып берудi тездету тұрғындардың басты талабы болып отыр.  Егер бұл шаралар өз кезеңiмен жүзеге асса, елорданың сәулеттiк кел­бетi жақсарып қана қоймай, сол жағалау мен оң жағалаудың айырма­шылығы айтарлықтай азаяр едi.
Алайда бұзылуға тиiс үйдiң иелерi шағым айтып, жергiлiктi басшы­лар­дың  есiгi мен табалдырығын қанша тоздырса да аталмыш мәселелердi дәл бүгiн шешу мүмкiн емес. Құры­лыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық агенттiгi төрағасының орынбасары Николай Тихонюктiң мәлiмдеуiнше, 2018 жылға қарай, тозығы жеткен 228 үйдi бұзу және ол үйлердiң шығынын өтеу үшiн 40 миллиард теңге керек. Жалпы Аста­на қаласында 2018 жылға дейiн 18400 пәтер салу жоспарланған екен. Мұ­ның iшiнде 4074 пәтер бұзылған үйлердiң қожайындарына берiледi деп күтiлуде.
Айта кетерлiгi, қаланың тұрғын үй қорындағы ескi үйлердiң көбiн күр­делi жөндеуден өткiзу жергiлiктi әкiмдiктiң назарынан тыс қалған емес. Мысалы, 2011 жылдың iшiнде 12 көппәтерлi үйдiң шатыры, кiре­берiс, жертөле, су, кәрiз және басқа да инженерлiк желiлерi күр­делi жөндеуден өткiзiлдi. Ал биылғы жылы тағы 50 көппәтерлi үйдi жаңар­ту мақсатында ауқымды жұмыстар жүзеге аспақ. Сондықтан ескi үйлер­дiң тұрғындары мәселесiн қозға­ғанда, түсiнiстiк танытқаны абзал.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × two =