Апатты үйлер алаңдатады

0 109

Астанада әбден тозығы жетiп, қабырғасы әне-мiне құлағалы тұрған үйлер жоқ емес. Бұйыртса, 2017 жылдың аяғына дейін апатты жағдайдағы 157 үй сүрілмек.  

Жасыратыны жоқ, өткен ғасырдың 40-60-жылдары қамыстан салынған 2, 3, 4 қабатты үйлер жөндеуге мүл­дем келмейдi. Халық арасында «хрущевка» және «ле­нин­градтық» деп аталатын бес қабатты үйлердiң де пайдалану мерзiмi 30-50 жылмен шектеледi. Бас қаладағы тұрғын үй қорының техникалық жағ­дайын тексеру нәтижесi, сол кезеңдерде салынған үйлер 70 пайызға дейiн тозып кеткенін алға тартады. Оның үстіне конструктивтiк элементтерi апатты жағдайға душар болған үйлердi күрделi жөндеуден өткiзу экономикалық тұрғыдан өте тиiмсiз. Сондықтан апатты үйлердің жайы тек тұр­ғындардың ғана емес, билікті де алаңдатады.
Жалпы, осы мәселені шешуге арналған пилоттық жобаның бірінші кезеңін 2017 жылдың аяғына дейін жүзеге асыру жоспарланған. Осы уақыт аралығында ескі үйлердің орнына жаңа баспаналар бой көтермек. Қазірдің өзінде жоба аясында Астананың сол және оң жағалауында бірнеше тұрғын үй пайдалануға берілген. Ал, 2018-2020 жылдар аралығында апатты үйлерді бұзудың екінші кезеңі жүзеге асырылады.
Айта кету керек, қала әкiм­дiгiне салмақ салатын ау­қымды жұмыстардың бiрi – ескi қаланы жаңалау. Ол үшiн бiрнеше бағыттағы жұ­мыстар қарастырылмақ. Ескi және құлау алдында тұрған үйлердi бұзу, жаңа үйлердiң жобасын жасау және салу үшiн де жүйелi жоспар қажет. Инженерлiк-коммуникациялық инфрақұрылымды жобалау және салу көп уақыт алатын болса, керісінше апатты үйлердің тұрғындары жаңа пәтерлерге тезірек көшуді қалайды.
Егер бұл шаралар өз кезе­ңiмен жүзеге асып, апатты үйлер азайса, елорданың сәулеттiк келбетi жақсаратыны сөзсіз.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × 1 =