Апатты үйден – жаңа пәтерге

0 32

Биыл бас қалада 800-ден аса отбасы ескі, апатты үйлерден жаңа үйлерге қоныс аударады. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында 50-ден аса көппәтерлі тұрғын үй кешендеріне жөндеу жұмыстары жүргізіледі.Жуырда елорда әкімі Алтай Көлгінов қаладағы ескі үйлерді аралап, тұрғындармен әңгімелесті. Таң қаларлығы, апатты үйлердің ішінде 1931 жылы салынғандары да бар. Демек, апатты үйлерді бұзу мәселесі күн тәртібінен түспейді. Мәселен, Сарыарқа ауданындағы Бесшатыр көшесіндегі 8-ші үйдің тұрғындары өткен жылдың күзінде әкіммен жүздесуден соң тас жол салу, кәріз құбырын жүргізу сияқты бірқатар мәселелер шешілгенін тілге тиек етті.
Алтай Сейдірұлының айтуынша, қалада 125 апатты үйлер бар. «Осы ауданда былтыр болғанбыз. Биыл апатты үйлерді бұзылатындар қатарына қостық. Бұзылған үйлерде тұратын отбасылардың барлығы жаңа жылды жаңа баспанасында қарсы алады. Биыл елордадағы 800-ден аса отбасыларды жаңа үйлерге көшіреміз» деді қала басшысы.
Алтынсарин көшесіндегі бұзылатын бір үйдің тұрғанына 90 жыл болыпты. Оның жанындағы барак типіндегі ескі үйлер де сүріледі. «Вагондар рельстен шығып, біздің үйге жақын жерге құлаған жағдайлар да кездесті. Балаларды далаға жіберуге қорқамыз» дейді тұрғындар. Аталған басқосуда Алтай Көлгінов биыл бас қалада үйдің кезегінде тұрған азаматтарға арналған 8 мыңнан аса әлеуметтік пәтерлер салынатынын хабарлады. «Біраз жылдар бұрын салынған ескі үйлерге қатысты мәселелер көп. Үйлердің плитасы құлап жатыр. Атап айтсақ, ол – «Инфинити», «Территория комфорта – 2», «Орбита», «7 бөшке» сияқты тұрғын үй кешендері. Мемлекет мұндай үйлерге күрделі жөндеу жүргізуге қаражат бөледі. Сол қаражат тұрғындар арасында 15 жылға дейінгі мерзімге бөлінеді» деп түсіндірді әкім.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × four =