Апат күнін еске алды

0 129

Кеше елордадағы Чернобыль құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, апат салдарынан зардап шеккендерді еске алу шарасы өтті.

Осыдан дәл 26 жыл бұрын – 1986 жылдың 26 сәуірінде Чернобыль атом-электр стансасында болған апаттың зардабын жоюға 600 мыңға жуық адам қатысты. Апат орнына аттанған Химиялық қорғау полкі құрамында 32 мың қазақстандық болған екен. Араларында медицина қызметкерлері мен кыз-жігіті аралас студенттер тобы да бар. Бүгінде соның 15 мыңнан астамы бұл дүниеде жоқ. «Бір өкініштісі, апат орнында болған жерлестеріміздің ешқайсысына радиацияның денсаулыққа келтірер зияны жөнінде мағлұмат берілмеген, қауіпсіздік ережелерімен таныстырмаған» деп, бүкіл ғұмырына балта шабылған өрімдей жастардың болашағы үшін қамкөңіл күйде батыр ағамыз әрі Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағанбетовтің тебірене жазғаны бар-ды. Ал, Чернобыль АЭС-ы апатының зардаптарын жоюға қатысқан Марат Жүнісбек «Чернобыльдің тірі қалқаны» атты кітабында: «…апатқа байланысты сол кездегі Кеңес одағы қорғаныс министрі, армия генералы Д.Язов та жедел түрде көптеген құжаттарға қол қойды. Солардың бірі 045-нөмірімен шыққан құпия бұйрықта: залалсыздандыру жұмыстарына жасы 30-ға жеткен, әрі үйленген және екі немесе одан да көп баласы бар азаматтар ғана тартылсын. Бұл жұмысқа тартылу мерзімі 3 айдан аспасын!» деген сөздер тайға таңба басқандай етіп көрсетілген еді. Оның жүзеге асқаны шамалы. Әйтпесе, жауынгерлердің алғашқы апталардағы арнаулы киімдерсіз және құралдарсыз қол күшімен атқарған теңдессіз жұмыстарын басқаша қалай түсінеміз» деп жазыпты. Еске алу шарасына жиналғандар да: «Апат орнына барғанда небары 18 жасқа жаңа толған жауынгер едік» дейді шетінен. Жауапсыз атқарылған істің зардабын әлі күнге дейін шегіп келе жатқандардың ішінде балалары мүгедек болып туылғандар да, өздері айықпас дертке шалдыққандары да бар. Себебі, Чернобыльдағы апат күші жағынан 1945 жылы Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларына тасталған атом бомбаларынан кем емес еді.

Еске алу митингісіне оралайық. Биыл Чернобыль оқиғасына 27 жыл толып отыр. Осыған орай Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының бастамасымен Дін мәселелерін зерттеу және психикалық реабилитациялау орталығы ұйымдастырған шараға қалалық Мәслихат хатшысы Сансызбай Есілов, «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сапар Ахметов, «Қалалық жылжымайтын мүлік» МКК директоры Мирас Шекенов, Алматы ауданы әкімінің орынбасары Түсіп Рыспеков қатысты. Республикалық «Союз Чернобыль» заңды тұлғалар қауымдастығының жақында сайланған жетекшісі Қуандық Омарбаев сөз сөйлеп, апат орнында болған сарбаздарға марапат қағаздарын табыстады. Бір өкініштісі, мақтау қағаз бәріне жетпей қалып, жиналғандар ішінен наразылық танытқандар табылды. «Атын атап итке таста» демекші, бір парақ қағаздан кем-кетігіміз толып кетпейді. Бірақ, бұл – көңіл дүниесі ғой, берсе бәріне берсін, әйтпесе былай алаламасын» дейді қауымдастық басшысына өкпелі Төлепберген Сағынбаев.

Жиын соңында біз тілдескен ұйым­дас­ты­рушылар: «Жыл өткен сайын Чернобыль апаты зардаптарын жоюға қатысқан қазақстандықтар саны кеміп барады. Сондықтан да, біздің мақсатымыз оларды құрметтеп, ерліктерін тағзым ету» деді.

Ербол ЖАНАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve − 2 =