«Анықтама алайын деп едім…»

0 115

Жұмыссыз жата беруден жалыққан көкем бір орын тапты. Оған орналасайын десе, ауру-сырқаудан аман екенін айғақтайтын медициналық анықтама керек. Ал, оны алу үшін емхана есіктерінің бәріне бас сұғып шықпаса, болмайды. Енді қайтпек керек?!

Әрине, алдын ала мөрі басылып тұрған бір жапырақ қағазға көзді ашып-жұмғанша медик мамандардың «мүбәрәк қолдарын» қойдыра салатын мүмкіндік бар. Астананың Студенттік емханасында. Бірден Баян атты ханымның «баянды нөмірін» тере бастады. «Тәәәк… Сегіііз… жеті жүз бііір… Әлөу, бүгін срошны анықтама алайын деп едім… Әу?.. Сәтімжаннан алдым нөміріңізді… Иә, иә… Екі мың теңге дейсіз бе?.. Болады!.. Аха… да… мхм… Рахмееет, Баянжан!.. мхм… Қазір-ақ құстай ұшып жетемін ғой!».

Бар болғаны осы-ақ! Көкем төбесімен көк тіреп жүр осы күні! Басының сақинасы, көзінің дәбілениесі, тізесінің сәл сырқырауы бар демесең, қалтасында – пора-пора ақша! Бірде сол сырқаттары бір-ақ күнде қатарынан меңдеп, үйіне жедел жәрдем шақырмасына қоймады. «103»-ті теріп кеп жіберді, пақырың! Арғы жақтан компьютер жауап беріп жатыр: «Сәлеметсіз бе? Сіз жедел жәрдем бөліміне хабарластыңыз. Қазақ тілін таңдау үшін бірді басыңыз…». «1» нөмірін басты. Әлгі техникалық өңдеу-жөндеуден өтіп, фонограмма жасатып алған қоңыр дауыс қайта сайрады: «Бұл нөмір бойынша сөйлесу әзірше мүмкін емес. Нөмірді қайта теру үшін торды басыңыз немесе оператордың жауабын күте тұрыңыз». Екі-үш гудоктан кейін көп күттірместен бір әйелдің дауысы шықты:

– Алло! Скорая слушает. Чем могу помочь?
– Алло! Мен қатты ауырып қалып едім. Қазір жедел жәрдем жіберіңіздерші!
– Я вас не понимаю. Говорите по русский!
– Я же казахский язык выбрал…
– Ну, говорите по русский!
– Кетші-ей!

Трубка тарс ете қалды. Оны сабырға шақыра жүріп, «түсінікті тілде» қатыны хабарласқан жедел жәрдем жедел жетпеді. «Пробкада тұрып қалдық» дейді. Беті-аузын тұмшалап алған фельдшер (қыз ба, келіншек пе, білмедім) укол салуға болмайтындығын алға тартып, тегін кеңесін тыңдатудан басқа ештеңе де істеген жоқ. Ол бейбақтан медиктен гөрі тәп-тәуір тәуіп шығатын тәрізді.
Сонымен, көкем не қылды дейсіз ғой?.. Студенттік емхананың нөмірін іздей бастады:

– Қой, Баянға ызбандап, бәлнишній аштыртып алайын одан да!..

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × two =