ӘНҰРАНЫМЫЗ БІР УАҚЫТТА ШЫРҚАЛАДЫ

0 114

Бүгін – Мемлекеттік рәміздер күні. Тәуелсіздік ұғымы ту етілген қоғамда мұндай мереке атаусыз қалмайтыны анық.

Мемлекеттік рәміздер туралы айтқанда, азаматтардың ар-ожданы мен мәдениеті туралы ойлар орала кетеді. Туды, Елтаңбаны, Әнұранды қалай қастерлеп жүрміз деген сұрақ сананы торлайды. Осыған орай Астана қаласы Ішкі саясат басқармасы Талдау, мониторинг және әдістемелік жұмыс бөлімінің басшысы Жаңабай Мейірманқұловпен әңгімелескен болатынбыз.

– Астана қаласында Мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия 2007 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын білеміз. Мемлекеттік рәміздердің қолданылуын тексеру жиілігі қандай?
– Астана қаласының Ішкі саясат басқармасы аудан әкімдіктерімен бірлесе отырып, қала аумағында айына бір рет тексеру жүргізеді.

– Биыл мемлекеттік рәміздерді қолдану мәселесі бойынша ереже бұзу фактілері байқалды ма?
– Иә, 2013 жылдың 5 айының нәтижесі бойынша, шамамен 30-дан астам факті тіркелді. Анықталған кемшіліктер бойынша мекеменің бірінші басшыларына ресми хат жолданып, оларды жою жөнінде жұмыстар жүргізілді.

– Әйтсе де, жалпылай айтқанда Тудың, Елтаңбаның жөнімен қолданылмауы, Әнұранды қате орындау секілді жағдайлардың орын алып тұратыны жасырын емес. Осындай оқиғаларға байланысты заңдарымызда нақтылы жаза түрлері көрсетілген бе?
– Иә, қазіргі заңдарымызда бұл мәселе толық қамтылған. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін заңсыз пайдалану, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұза отырып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын пайдалану және орындау – екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Мемлекеттік рәміздерді пайдалану міндетті болып табылатын жағдайларда оларды пайдаланбау – лауазымды адамдарға екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер – төрт жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады» деп шегелеп жазылған.

– Ал, Мемлекеттік рәміздер күнін атап өтуге қаншалықты көңіл бөлініп жүр?
– Мемлекеттік рәміздеріміз – тәуелсіз еліміздің басты атрибуттарынан болғандықтан, бұл мереке өз деңгейінде өтуі керек деп ойлаймыз. Астана қаласында да жыл сайын бұл күн ескерусіз қалған емес.

– Атап айтқанда…
– Мемлекеттік рәміздер күніне орай Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастырумен бүгін, яғни, 2013 жылдың 4 маусым күні сағат 20:00-де «Атамекен» этно-мемориалдық кешені аумағында орналасқан Бас мемлекеттік ту аумағында «Менің Қазақстаным! Менің Астанам!» атты мерекелік шара өтеді. 5 маусым күні «Ұлттық сана-сезімді қалыптастырудағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің маңыздылығы мен мәнділігі» тақырыбында конференция өткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, барлық мекемелерде бір уақытта Әнұран орындау рәсімі өткізіледі.

Әңгімелескен, Нәзира БАЙЫРБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − ten =