Антрополог

0 91

Осыдан екі жыл бұрын атақты антрополог Оразақ Смағұловтан сұхбат алдым, сонда ол кісі әңгіме арасында: «Балам, мен туған жылы елде алапат аштық басталып, жұрт бір үзім нан іздеп, жан-жаққа босыпты. Анам аштықтан өліп жатқанда бір күн қойнында жатыппын. Қайта көрші Ресейге азық іздеп кеткен әкем дер кезінде келіп, мені ажалдан құтқарып қалды. Әкем бір ғасырға жуық өмір сүріп, бертінде қайтты. Қазір жасым сексен сегізге келді, сонда да анасы бар адамға қызыға қарап, ананың жылуын аңсап тұрамын» деп жанары жасаурап, балалық шағынан сыр шертті.
Қазыналы қарияның осы бір сыры көпке дейін көңілімнен кетпей жүрді, кейде сол бала «анасымен бірге көз жұмғанда не болар еді?» деп те ойладым. Онда қазақ ғылымында бір айтулы тұлғаның орны үңірейіп тұрары анық еді. Алайда көрер жарығы бар баланың аман қалғаны – тағдырдың сыйы деуге болады. Сол бала кейін ержетіп, жоғары білім алып, озық ойлы, зиялы азаматтардың қатарына қосылды. Енді бүгін торқалы тоқсан жасқа толып, туған елінің құрметіне бөленіп отыр.

Жалпы, антропология – адам туралы ғылым, сондықтан да оның қатпар-қатпары көп. Өткен ғасырдың 30-жылдары Германияда билік басына келген А.Гитлер антропология ғылымын саяси ұстанымына айналдырды. Бұл көзқарас Кеңес одағына ұнамады. Сондықтан Кеңес одағының басында отырған төрелер антропология ғылымын дамытуға онша құлықты болмай, ғалымдардың адамның биологиялық, физиология­лық, морфологиялық ерекшеліктерін зерттеуге қарсылық көрсетті. Шетелдік генетик ғалымдарды «буржуазияның идеологтары» деп күлкіге айналдырды. Қысқасы, кеңес заманында антропология ғылымына дұрыс көзқарас болмады. Соның салқыны ұзақ уақытқа дейін сақталды. Бізде де сондай көзқарас орнады. Қазір де еркін елімізде ол ғылымның бағы жанып кетті дей алмаймыз. Бірақ Смағұлов секілді саңлақ тұлғаның арқасында отандық антропологияның негізі қаланып, мектебі қалыптасты.
Ғибратты ғалымның бұл салаға келуі де тосыннан басталды, 1952 жылы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетінде оқып жүргенде Жетісу өңіріне археологиялық экспедицияға барады. «Көрсем, білсем» деп тұрған жалынды жас. Экспедиция барысында археологтар қорғаннан табылған бұйымдарды алады да, адам сүйектерін сырып қояды. Мұның сырын жетекшіден сұраса: «Бізде адам сүйегін зерттейтін маман жоқ» деп жауап береді. Содан ол сүйектің құпиясын білуге ынтығады. Экспедициядан оралғаннан кейін Алматыдағы медицина институтындағы «Қалыпты адам анатомиясы» деген кафедра меңгерушісі профессор Нұрыш Бөкейхановқа жолығып, ол кісі де білімді жасты жылы қарсы алып, еркін әңгімеге тартады. Сол жерде ол ғалымға экспедицияға барғандағы көргендерін бүге-шігесіне дейін баяндап, қысқасы, «Адам сүйегін зерттейін маман болып, сонымен айналыссам» дейді. Осыны естігенде профессор: «Апырм-ай, жастардың арасынан да антрополог болам дейтіндер бар екен ғой» деп балаша қуанады. Сөз арасында өзінің жас кезінде антрополог болам деп талпынып, бірақ кейін осы саладағы ғалымдардың түрмеге қамалғанын көріп, ол ойынан айнып, медицина саласына кеткендігін айтады. Cөйтіп кейіпкеріміз екі жыл медицина институтының студенттерімен бірге дәріс тыңдап, білімін жетілдіреді.
Қызық болғанда, сол жылы республикаға Одақтан жергілікті ұлт өкілдерінен антропология саласына маман дайындау керек деген қағаз келіп, бұл болашақ ғалымға жол ашып бергендей болды. 1957 жылы КСРО ҒА Этнография институтының аспирантурасына түсу үшін Мәскеуге келеді.
Мұнда сол кезде есімдері дүние­жүзіне танымал антропологтар Г.Дебец, В.Бунак, М.Герасимов жұмыс істеді. Бірақ аспирантураға түсу үшін алдымен, үш ай зоология институтына барып, маймыл сүйек­терін зерттеп, адам мен маймыл арасындағы байланысты жақсы білу қажет, үш ай маймыл сүйектерін зерттеумен айналысады. Одан соң Санкт-Петербургтегі әскери медициналық академияның антро­пологиялық бөлімінде Бірінші Петр заманынан бері сақталған адам сүйектері­мен танысады. Сосын барып қана 1958 жылы аспирантураға түсуге мүмкіндік алды. Бірақ жас жігітке ғылыми тақырыбын бекіту оңайға түспейді. Комиссия мүшелері: «Сізге кандидаттық тақырыпты біз береміз, Қазақстанда материалдық база жоқ» деп келісім бермейді. Оған Қазақ ғылым академиясы: «Оны оқуға біз жібердік, шәкіртақыны біз төлейміз. Тақырып бізден болады» деп қарсылық танытады. Ғалымның өзі де Қазақстандағы адам сүйектерін зерттесем дейді. Осылай екіұдай күй кешіп жүргенде Мәскеуге іссапармен келген академия басшысы Қаныш Сәтбаевқа барып жөнін айтады.
Осы жерде кейіпкеріміздің өзін сөйлетсек:
«Қанекең «Мәскеу» қонақүйіне түсіпті. Бөлмесіне келсем, көмекшісі «Әлі келген жоқ, күтіңіз» деді. Қыс айы. Бір кезде Қаныш ағамыз шаршаңқы кейіппен аяғын сүйрете басып, баспалдақпен көтеріліп келе жатты. Алдынан шығып, сәлем бердім. Амандасып, жөн-жобамды сұрады. Ол кісіге өзім жайлы шамалы айтып, негізгі мәселеге көштім. Елімізде антрополог-ғалым жоқ екендігін, сондай маман болсам деп армандап жүргенімді, қысқасы барлық жағдайды түсіндірдім. Кандидаттық тақырыбым Қазақстаннан болғанын қалар едім дегенде Қанекең: «Ол үшін не керек?» деп өзіме сауал тастады. «Көне дәуірдегі тұрғындардың сүйегі керек. Оларды бүгінгі қазақтардың сүйегімен салыстырып, зерттеу қажет» дедім. «Тағы не керек?» деп ойланып қалды. «Экспедицияға шығып, иесіз мұсылман зираттарын қазып, сүйек қорларын жинасам деймін» деп айтқанымда, Қанекең: «Онда жақсы, экспедицияға дайындал, бір жетіден кейін хабар беремін» деп шығарып салды. Бір жеті емес, үш күннен кейін институт директоры Сергей Толстов шақырып алып, Қ.Сәтбаевтың атынан жазылған: «Сізге экспедицияға шығуға үш айға 12 мың рубль, бір машина, төрт жұмысшы бөлінді» деген телеграмманы қолыма ұстатты» деп алып адамға риазашылығын білдірді.
Антропологтың алғашқы экспедициясы бұрынғы Семей облысы Шұбартау өңірінен басталып, кейін Қарқаралы, Баянауыл жерінде жалғасты. Ондағы байырғы көне қорымдардан адам сүйектерін қазып алып, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бір өкінштісі, табылған сүйектерді сақтайтын орталық немесе зерттеу жүргізетін ғылыми лаборотория болмағандықтан оларды Санкт-Петербургтегі Кунсткамерага өткізді. Кейін еліміз егемендік алғаннан кейін ұлтымыздың асыл перзенттері Абылай хан мен Әйтеке би бабаларымызға зерттеу жүргізіп, олардың антропологиялық тұлғасын анықтады.
Академик өзінің саналы өмірін қазақтың шығу тегі мен генология­сына арнады. Оның осы саладағы ұзақ жылғы еңбегінің нәтижесінде «Қазақ халқының шығу тегі» атты кітабы жарық көрді. Мұнда халқымыздың 40 ғасырлық антропологиялық тарихы ғылыми анықтамалармен толық дәлелденген. Оған ғалым еліміздің әр өңіріндегі 12 мен 60 жасқа дейінгі ер мен әйелдерді алып, зерттеу жүргізді. Әсіресе, ауылдағы 12-17 жас аралығындағы ұл мен қыздардың тұрақты тіс морфологиясын зерттеді. Өйткені одан жоғары жастағының морфологиялық ерекшелігін анықтау қиын. Тұрақты тіс 12 жастан 17 жасқа дейін ғана өседі. Сосын адамдардың қан жүйесінің анықтамасы мен саусақ және алақан тері бедерлерінің жеке қолтаңбалары алынды. Нәтижесінде қазақтардың бассүйегі өзіміз бір туған деп іш тартатын қырғыз бен ноғайларға қан жағынан жақын болғанмен, мүлде ұқсамайды. Ұлтымыздың азу тісі 4 мың жылда 60 пайыз өзгерген, ал төменгі азу тісі сол қалпынан өзгермеген. Төрт мың жылғы сүйектерді зерттегенде, қазақтың денесінде осыдан 40 ғасыр өмір сүрген көне тайпалар ерекшеліктерінің үштен бірі сақталған. Ал қазіргі қазақ әйелі­нің жамбас сүйегі мен аяғының ұзындығы 4 мың жыл бұрын ғұмыр кешкен әйелдерге өте жақын. Бұдан шығатын қорытынды: 4 мың жыл ішінде қазақ жерінде сырттан ешқандай тайпа кірмеген. Тек біздің арғы түп бабаларымыз ғана өмір сүрген. Әлемде 4 мың жылдық тарихы бар еврей ұлты ғана. Олар оны теологиялық тұжырыммен дәлелдеген. Еуразия кеңістігінде төрт мың жылдық тарихы бар, жалғыз ұлт – қазақты Смағұлов ғылыммен дәлелдеді.
Оразақ әке тоқсанға келсе де, ғылыми жұмысын бір сәт тоқтатып көрген емес, қазір ол кісі елордадағы Ұлттық музейдің Физикалық антропология лабораториясының меңгерушісі. Бүгінгі білім-ғылым қарыштаған кезеңде әлемде антропология ғылымы да жаңаша өріс алды. Тек бізде ғана бұл ғылымға онша назар бөлінбей тұр. Академикті осы мәселе қатты алаңдатады. «Қазір антропология саласында маман жоқ. Біз қызым екеуміз ғана қалдық. Менің жасым ұлғайды. Кеңес дәуірінде біздің ғылым көп теперіш көрді. Содан әлі арылған жоқпыз. Сондықтан медицина мен биология оқу орындарынан кафедра ашып, осы салаға қатысты мамандарды дайындау керек» дейді. Бірақ осыны кім ескереді екен?!
Біз мақаланың басында аштықтан аман қалған бала туралы айтып едік, соның сырын енді түсінгендей болдық. Алла тағала антрополог атамызға қазақтың қырық ғасырлық тарихын жазуға ғұмыр берген секілді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 2 =