©2020 Астана Ақшамы
АНТИЯДРОЛЫҚ ҚОЗҒАЛЫС ЖҰМЫСЫ ЖАЛҒАСУДА
«Невада – Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының құрылғанына биыл 25 жыл толып отыр. Белгілі ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов басқаратын ұйым Семей ядролық полигонын жабу мақсатында құрылып, өз дегеніне жетті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен полигон 1991 жылдың 29 тамызында өз жұмысын тоқтатты. Алайда, қозғалыс мүшелері әлі де тыным табар емес. Полигон зардаптарын жоюмен айналысып отырған олар қазіргі таңда сол аймақ халқына түрлі көмектер көрсетуде.
«Бүгінгі таңда қозғалыс туының астына екі миллионнан астам қазақстандық жиналған. Ұйымымыздың филиалдары Қазақстанның барлық облысында, көптеген қалаларда және әлемнің біраз елдерінде ашылған. Бүгінде филиалдарымыз көптеген Еуропа, Азия мен Америка мемлекеттерде жұмысын атқарып отыр» дейді қозғалыстың вице-президенті Сұлтан Қартоев.
Ұйым тарихына қысқаша тоқталсақ, осыдан ширек ғасыр бұрын 28 ақпан күні Алматыдағы Жазушылар үйінде 100 адамның қатысуымен қозғалыстың алғашқы жиналысы өткен. Осы жерде Олжас Сүлейменов Семей полигонын жабу туралы ұсынысын енгізіп, серіктестерінен қолдау тапты. Сол жылы-ақ олар 11 ядролық сынақ пен алда жоспарланған 18 жарылысты болдыртпай тастады.
«Бүкіл әлемдегі осындай полигондар жабылмайынша біз күресімізді тоқтатпаймыз. Қазір ядролық сынақтарға мораторий жарияланса да. Екінші мақсатымыз – зардап шеккен аймақты әлеуметтік-экономикалық жағынан сауықтыру ісінде Елбасына қолдау көрсету. Ядролық сынақтардан зиян көрген соңғы азамат сауықпайынша полигон тақырыбының өзектілігі жойылмайды» дейді тағы да Сұлтан Қартоев.
Айта кетейік, еліміздің Үкіметі антиядролық қозғалыстың 25 жылдығын биыл ескерусіз қалдырмауды ұйғарды. Осының ішінде ядролық сынақтардан ең көп зардап шеккен Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарына назар аударылып отыр. Осы жылы аталмыш өңірлерде кең көлемдегі шараларды өткізу жоспарлануда.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ