©2020 Астана Ақшамы
«Әншінің бағы – тыңдаушысының шынайы ықыласында»
Жаңабай ӨТЕГЕНОВ, әнші
– Жаңабай, «Саз әлемі» байқауында жеңімпаз атанғаныңызды естідік. Жүлдеңіз құтты болсын! Алған ақшаңызды қайда жұмсадыңыз?
Самал, банк қызметкері
– Рахмет! Жүлдеге алған миллион керемет көп ақша болмаса да, керегіме жарады. Ақшаны таза шығармашылығыма жұмсадым. Жаңа әндер жаздырдым.
– Байқаудағы ең мықты қарсылас деп кімді айтар едіңіз?
Гүлжан, есепші
– Байқауға барлығы 49 ән қатысты. Солардың жетеуі финалға өтті. Барлығы мықты әндер. Мен Қалқаман Сарин мен Медет Салықовтың «Аяла» атты әнін орындадым. Сайыстың жүлдесі «Заман» тобы мен Фарида Жолдасоваға бұйыратын шығар деп ойлағам. Бірақ, олай болмады. Көрермендердің дауыс беруі нәтижесінде, жеңіске жеттім. Тыңдарманның таразысынан өтіп, қалауынан шыққаныма қуаныштымын.
– Жас әншілер шығармашылық жолын ерекше қарқынмен бастайды да кейін басылып қалып жатады. Олардың ізденімпаздыққа келгенде ақсап қалуларының себебі неде?
Айман, мұғалім
– Кез келген әншінің, ақынның, жазушының болсын шарықтау және құлдырау кезі болады. Еш нәрсе мәңгілік емес қой. Кейбіреулердің күнделікті күйбең тірлікпен уақыты болмай жатады. Дегенмен де, шама келгенше шығармашылық адамы үнемі ізденісте болуы керек деп ойлаймын. Шығармашылық соны талап етеді.
– Асабалықпен айналысады екенсіз. Құпия болмаса, бір тойды қаншаға басқарасыз?
Мақсат, қала тұрғыны
– Тойға бармайды емес, барамын, онда да көбінесе әнімді орындап қайтуға барамын. Көбіне туған-туысқандардың, достарымның тойларын басқарып беремін. Яғни, асабалықпен кәсіби түрде айналыспаймын, ешкімге жарияламаймын.
– Қазіргі таңда халал тойлар мен халал емес тойлар деген бар. Бұған не айтар едіңіз?
Асан, оқырман
– Халал тойлардың болғаны жақсы. Біраз жылдың көлемінде тойды халал өткізу дағдыға айналып келе жатыр. Ол жердегі айтылатын әндердің мән-мағынасы дұрыс, етек-жеңі жинақы болады. Әр әніңді тыңдап, қабылдаудың өзі бөлек болып отырады. Ішімдік ішілмеген тойда халық тыныш отырып тыңдайды. Ал, кейбір арақпен өтетін тойларда әркім өзімен өзі болып, улап-шулап, сөз тыңдамай жататын кездер орын алады ғой. Сондықтан халал тойлардың көбейгеніне қуанамыз, оған халық та үйреніп келе жатыр.
– Сіз үшін үлкен сахнаға шығу мен тойға барып ән салудың айырмашылығы қандай?
Перизат
– Меніңше, айырмашылық өте көп. Сахнада жалғыз өзің екі сағат бойы концерт бересің. Тойда әр әнді орындаған сайын үзілістер болып тұрады. Кейде ұсақ-түйек қателіктер де кете береді. Дегенмен де, бес адам тыңдаса да, бес жүз адам тыңдаса да олар сіздің өнеріңізді көреді. Сондықтан әнші алдымен әннің алдында, содан соң халықтың алдында жауапты. Әншінің бағы тыңдаушысының санында емес, шынайы ықыласында.
– Жыраулық мектепті бітіріпсіз. Сахнаға жыр, терме айтып шығуыңыз мүмкін бе?
Гүлнәр, медбике
– Қазақ ұлттық өнер университетін Ғарифолла Құрманғалиевтің мектебі бойынша бітірдім. Наурызбек жыраудың, Кердері Әубәкірдің, Құдайберген жыраудың термелерін орындаймын. Қазақтың халық әндері, халық композиторларының туындылары – асыл мұрамыз ғой. Сондықтан ол теңдесі жоқ, өзінің биігінде тұру керек. Болашақта сахнаға домбырамен шығу ойда бар. Тыңдармандарды термелермен, халық әндерімен сусындатып жатсаң, әншіге одан артық бақыт жоқ шығар.
– Байқауда сіздің әніңізге қатысты біраз әңгімелер айтылды. Төрешілердің әділдігі жөнінде не айтар едіңіз?
Динара, студент
– Ол жерде келісетін де, келіспейтін де пікірлер естідім. Біреулер «ескі сарындағы ән» немесе «қазақ эстрадасы мүлде дамымаған» деп жатты. Соған қарамастан, қазылар жаман баға берген жоқ.
– «Аяла», «Кездесерміз біз әлі» деген әндеріңізді сүйіп тыңдаймын. Бұдан басқа қандай әндеріңіз бар?
Тамара, шаштараз
– Репертуарымда Ерхан Алданазаровтың «Кешір мені», Медет Салықовтың «Сағыныш хат», Шымберген Сүлейменовтың «Жанның құмары», «Ғашық арман» тағы басқа әндер бар. Алдағы уақытта Бауыржан Есебаев, Бауыржан Өскенбек сынды композиторлардың әндерін орындамақпын. Бәрі жазылу үстінде. Алдағы уақытта тыңдайсыздар.
– Жаңабай, шығармашылығыңыз туралы аз-маз әңгімелеп, алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз…
Игілік, программист
– Алдағы уақытта жылдам орындалатын бір әнге бейнебаян түсірсем деген арманым бар. Сосын дәстүрлі әндер мен эстрадалық бағыттағы әндерді топтастырып, туған жерім Ақтөбе облысында жеке концертімді бергім келеді. Сондай-ақ, ақын Қалқаман Сарин мен Оралдық Ербол деген сазгер жігіттің «Перизат» деген әнін жаздырып жатырмын. Құдай қаласа, жақында дайын болады. Бауыржан Есебаевқа да әнге тапсырыс беріп қойдым. Шығармашылық жолында алға қойған мақсаттарымды орындау үшін тер төгіп, еңбектенудемін.
Еркежан СӘТІМБЕК