«Әншінің бағы – тыңдаушысының шынайы ықыласында»

0 106

Жаңабай ӨТЕГЕНОВ, әнші

– Жаңабай, «Саз әлемі» бай­қауында жеңімпаз атанғаныңыз­ды естідік. Жүлдеңіз құтты болсын! Алған ақшаңызды қайда жұм­садыңыз?
Самал, банк қызметкері

– Рахмет! Жүлдеге алған миллион керемет көп ақша болмаса да, керегіме жарады. Ақшаны таза шығар­машылығыма жұм­садым. Жаңа ән­дер жаздырдым.

– Байқаудағы ең мықты қарсы­лас деп кімді айтар едіңіз?
Гүлжан, есепші

– Байқауға барлығы 49 ән қа­тысты. Солардың жетеуі финалға өтті. Барлығы мықты әндер. Мен Қалқаман Сарин мен Медет Са­лықовтың «Аяла» атты әнін орындадым. Сайыстың жүл­десі «Заман» тобы мен Фарида Жол­дасоваға бұйыратын шы­ғар деп ойлағам. Бірақ, олай бол­мады. Көрер­­мендер­дің дауыс беруі нәти­же­сін­де, же­ңіс­ке жет­тім. Тыңдарманның таразысынан өтіп, қалауынан шыққаныма қуаныш­тымын.

– Жас әншілер шығармашылық жолын ерекше қарқынмен бас­тайды да кейін басылып қа­лып жатады. Олардың із­де­нім­паз­дық­қа келгенде ақ­сап қа­лу­ларының себе­бі неде?
Айман, мұғалім

– Кез келген ән­ші­нің, ақын­ның, жазу­шы­ның болсын шарық­тау жә­не құлдырау кезі болады. Еш нәрсе мәңгілік емес қой. Кей­­бі­­реу­лер­дің күнделікті күй­бең тір­лікпен уақыты болмай жатады. Де­генмен де, шама кел­генше шығар­машылық адамы үнемі ізде­ністе болуы керек деп ойлаймын. Шығар­ма­шылық соны талап етеді.

– Асабалықпен айналысады екенсіз. Құпия болмаса, бір тойды қаншаға басқарасыз?
Мақсат, қала тұрғыны

– Тойға бармайды емес, барамын, онда да көбінесе әнімді орындап қайтуға барамын. Көбіне туған-туысқандардың, дос­та­рым­ның той­­­ла­рын бас­қа­рып бе­ремін. Яғ­ни, асабалық­­пен кәсіби түрде ай­­на­лыспай­мын, ешкім­­ге жарияламаймын.

– Қазіргі таңда халал тойлар мен халал емес тойлар деген бар. Бұған не айтар едіңіз?
Асан, оқырман

– Халал тойлардың болғаны жақ­сы. Біраз жылдың көлемінде той­ды халал өткізу дағдыға айналып келе жатыр. Ол жердегі айтылатын ән­дердің мән-мағынасы дұрыс, етек-жеңі жинақы болады. Әр әнің­ді тыңдап, қабылдаудың өзі бөлек болып отырады. Ішімдік ішіл­меген тойда халық тыныш отырып тыңдайды. Ал, кейбір арақпен өтетін тойларда әркім өзімен өзі болып, улап-шулап, сөз тыңдамай жататын кездер орын алады ғой. Сондықтан халал тойлардың көбейгеніне қуанамыз, оған халық та үйреніп келе жатыр.

– Сіз үшін үлкен сахнаға шығу мен той­ға барып ән салудың айыр­ма­шылығы қандай?
Перизат

– Меніңше, айырмашылық өте көп. Сахнада жалғыз өзің екі сағат бойы концерт бересің. Тойда әр әнді орындаған сайын үзілістер болып тұрады. Кейде ұсақ-түйек қателіктер де кете береді. Дегенмен де, бес адам тыңдаса да, бес жүз адам тыңдаса да олар сіздің өнеріңізді көреді. Сондықтан әнші алдымен әннің алдында, содан соң халықтың алдында жауапты. Әншінің бағы тыңдаушысының санында емес, шынайы ықыласында.

– Жыраулық мектепті бітіріп­сіз. Сахнаға жыр, терме айтып шығуыңыз мүмкін бе?
Гүлнәр, медбике

– Қазақ ұлттық өнер университе­тін Ғарифолла Құрманғалиевтің мектебі бойынша бітірдім. Наурызбек жыраудың, Кердері Әубәкірдің, Құдайберген жыраудың термелерін орындаймын. Қазақтың халық әндері, халық композиторларының туындылары – асыл мұрамыз ғой. Сондықтан ол теңдесі жоқ, өзінің биігінде тұру керек. Болашақта сахнаға домбырамен шығу ойда бар. Тыңдармандарды термелермен, халық әндерімен сусындатып жатсаң, әншіге одан артық бақыт жоқ шығар.

– Байқауда сіздің әніңізге қа­тысты біраз әңгімелер айтылды. Төрешілердің әділдігі жөнінде не айтар едіңіз?
Динара, студент

– Ол жерде келісетін де, келіс­пейтін де пікірлер естідім. Біреулер «ескі сарындағы ән» немесе «қазақ эстрадасы мүлде дамымаған» деп жатты. Соған қарамастан, қазылар жаман баға берген жоқ.

– «Аяла», «Кездесерміз біз әлі» деген әндеріңізді сүйіп тың­­­дай­мын. Б­ұдан басқа қандай ән­де­­ріңіз бар?
Тамара, шаштараз

– Репертуарымда Ерхан Алдана­за­ровтың «Кешір мені», Медет Са­лықовтың «Сағыныш хат», Шым­берген Сүлейменовтың «Жан­­ның құмары», «Ғашық арман» тағы басқа әндер бар. Алда­ғы уа­қыт­та Бауыржан Есебаев, Бауыр­жан Өскенбек сынды компо­зи­тор­лар­дың әндерін орындамақпын. Бә­рі жазылу үстінде. Алдағы уақытта тыңдайсыздар.

– Жаңабай, шығармашылығы­ңыз туралы аз-маз әңгімелеп, ал­дағы жоспарларыңызбен бөліс­сеңіз…
Игілік, программист

– Алдағы уақытта жылдам орын­далатын бір әнге бейнебаян түсір­сем деген арманым бар. Сосын дәс­түрлі әндер мен эстрадалық ба­ғыт­тағы әндерді топтастырып, туған жерім Ақтөбе облысында жеке концертімді бергім келеді. Сон­дай-ақ, ақын Қалқаман Сарин мен Оралдық Ербол деген сазгер жігіт­тің «Перизат» деген әнін жаздырып жатырмын. Құдай қаласа, жа­қында дайын болады. Бауыржан Есе­баевқа да әнге тапсырыс беріп қойдым. Шығар­машылық жолында алға қойған мақ­саттарымды орындау үшін тер төгіп, еңбектенудемін.

Еркежан СӘТІМБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen − seven =