Әнші Әкімханды тыңдайық!

0 12

Індеттің өршуі білімнің, ғылымның, өнердің дамуына тосқауыл бола алмайтынына көзіміз жетті. Ол салалардағы біршама уақыт тоқырап қалған сайыстар мен бәйгелер «заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген қағидатты басшылыққа алып, қайта жандануда. Барлық елдерде ұйымдастырылған сайыстар карантин талаптарын орындай отырып өткізілуде. Ең бастысы, оларға қатысқан отандастарымыздың мерейлері үстем болуда.Мұндай жетістіктер туралы хабарлар жастардың рухын көтеріп, бүкіл елге жағымды әсер ететіні белгілі. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдары ондай жаңалықтарды қалт жібермей, халыққа жеткізуге тырысуда. Канн кинофестивалінің жұлдызы болған жерлесіміз Самал Есләмова Ресейдің кино саласындағы беделді «Ника» сыйлығына ие болғаны туралы таяуда ғана газетімізде жазылды. Бұл – елордалық жас көрермен музыкалық театрының ұжымы үшін де зор мәртебе.
Тағы бір өнерпазымыз Башқұртстан астанасы – Уфа қаласында өтіп жатқан халықаралық «Яңы моң» музыкалық жобасына еліміздің атынан қатысуда. Ол – Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының әншісі Әкімхан Мәженов. Жобаның мақсаты игі –халықтар арасында мәдени музыкалық байланыс орната отырып, жас таланттарды анықтау. Жалпы бұл жобаға 8000-нан астам адам өтініш білдіріп, 52 әнші ғана іріктеуден өткені және соның біреуі қазақ баласы екені көңілде мақтаныш ұялатады.
Сыршыл, нәзік иірімді ән тыңдағысы келетіндерді халық­аралық «Яңы моң» телевизиялық музыкалық бағдарламасын көруге шақырамыз. Жай ғана көріп қоймай, Қазақстан атынан өнер көрсетіп жатқан Әкімхан бауырымызға сәттілік тілеп, қолдау көрсетейік!

Камал ӘЛПЕЙІСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − ten =