Анимациялық жобалар жарық көреді

0 23

Мультфильм рухани тәрбиелік рөлімен қатар әлемдік экономиканың тиімді бір бөлшегі болып саналады. Бұған мысалдар келтірудің қажеті жоқ. Мультфильмнің қаржылық айналымы әлемде жүздеген миллиард АҚШ долларын асып триллиондық көрсеткішке бара жатыр. Ақпараттық технологиялар бизнесі космостық жылдамдықпен дамып жатқан сала десек, мультфильм бизнесі де көз ілеспестей жылдамдықта дамуда. Яғни, мультфильм – қазіргі таңдағы әлемдік нарықтағы орасан зор пайдалы бизнес көзі.«Balapan» телеарнасы өткен жылы 422 бөлімнен тұратын, 2309 минуттық балдырғанды білім нәрімен сусындатып, ғылымға баулитын, жас ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіретін 28 анимациялық жоба өндірсе, биыл тағы 25 туындысын тарту етеді.
Телеарна анимациялық жобалардың жекелеген жас категориясын дамытуды қолға алған, яғни әр жастағы балаға арналған жобаларды жарыққа шығарады. Атап айтсақ, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ел тарихындағы маңызды оқиғалардан сыр шертетін «Менің елім» және «Бабалар ізі» анимациялық жобалары қалың көрерменге ұсынылды. Сонымен қатар «әлемнің екінші ұстазы» әл-Фарабидің ғылымға келу жолын баяндайтын «әл-Фараби» анимациялық сериалы да көрерменге жол тартты. Бұл – ғұламаның 1175 жылдығына орай дайындалған арнайы жоба.
«Balapan» телеарнасы Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы негізінде биыл 10 бөлімнен тұратын «Қызғалдақтар мекені» атты анимациялық сериал түсірді. Бұл жобада әлем жұртшылығының сүйікті гүліне айналған қазақ даласының символы – қызғалдақтың Еуропаға бару жолы баяндалады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында баяндалған балаларға экологиялық тәрбие беру идеясы негізінде өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Әткеншек» және өзен-көлдердің ластану мәселесі жайлы «Су астындағы оқиға» анимациялық сериалдары көрерменге ұсынылды.
«Balapan» телеарнасы жас ұрпақтың санасына отансүйгішік, батырлық, адалдық сынды ізгі қасиеттерді сіңіру мақсатында қазақ ауыз әдебиетінің көрнекті саласы – батырлар жырын анимациялауға да ден қойған. Мәселен, «Алпамыс» және Қобыланды» батыр жырлары негізінде әрқайсысы 10 бөлімнен тұратын екі тарихи-танымдық анимациялық жоба жасалды. «Қалалар мен балалар» мультхикаясы еліміздегі және әлем қалаларының бүгінгі әрі кешегі келбетін танытса, «Әріптер қаласы» латын қарпіндегі жаңа қазақ әліпбиін үйретеді. «Кім болғың келеді?» жобасы арқылы кішкентай көрермендер алуан түрлі мамандықпен таныса алады. «Бетперделі батыр» анимациялық сериалы пандемия кезіндегі сақтық шараларын бала тілінде жеткізеді. Ал «Сақалар» мультхикаясы балалардың асық ойнауға қызығушылығын арттырып, ұлттық ойынды жандандыруды көздесе, «Ырысты ыдыстар» ұлттық ыдыстарымызды насихаттауды мақсат етеді.
Аталмыш туындылардың арасында көрермен мен әлемдік киносыншылардың жоғары бағасына иеленіп үлгергендері де аз емес. Мәселен, 2020 жылғы Amen Animation халықаралық кинофестивалінде «Ырысты ыдыстар» анимациясы «Үздік мультхикая» номинациясының жеңімпазы атанса, «Алпамыс» мультфильмі «Үздік қоюшы-суретші» номинациясын иеленді.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × 4 =