Аңызға айналған текті тұлға

Елордада – есімі

0 59

Аты аңызға айналған ұлтымыздың даңқты перзенті Бауыржан Момышұлының туғанына осы желтоқсан айында 110 жыл болып отыр. Көзі тірісінде-ақ халқымыз оны батыр деп мойындады. Ұлы Отан соғысындағы ерлігімен ғана емес, бейбіт күнде де өршіл рухымен, қайсар мінезімен аты шыққан тұлғаның «Отан үшін отқа түс – күймейсің», «Тәртіпке бағынған құл болмайды» секілді қанатты сөздері қазір ел аузында. Батырдың атына еліміздің әр аймағында көшелер, елді мекендер, оқу орындары беріліп, ескерткіштер бой көтерді. Елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласындағы бір даңғыл оның есімімен аталады. Соның бойында ескерткіші қасқайып тұр.ДИВИЗИЯ КОМАНДИРІНІҢ ДАҢҒЫЛЫ

Бас қаладағы Бауыржан Момышұлы даңғылы Сарайшық көшесінен басталып, Абылай хан даңғылында аяқталады. Бұрынғы атауы – 13-магистральды автожолы. М.Жұмабаев, Тәуелсіздік даңғылдарын және Қызыларай, Сырымбет, Қордай, М.Төлебаев көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 3958,7 м.
Ал ескерткішті астанаға батырдың кіндігін кескен жұрты – Жамбыл облысы тарту етті. Осыдан он екі жыл бұрын жаздың жайма-шуақ күнінде қойылған оның авторлары – сәулетші Бақытжан Сыздықов пен мүсінші Темірхан Қолжігіт. Қызыл граниттен құйылып, тұғыр­ға қондырылған мүсіннің биіктігі төрт метрден асады.
Ұлтымыздың асыл азаматтарын қанша ардақтап, құрметтесек те артық етпейді. Момышұлының мерейтойына арналған шаралар легі күні кеше ғана туған жері Жуалы ауданынан басталды. Белгілі тұлғалар әлеуметтік желілер арқылы да оның рухын асқақтатып жатыр. Мәселен, Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Фейсбуктегі парақшасында жазба қалдырды.
«Бәукеңнің есімі халқымыз үшін қашанда батырлықтың, қайсарлықтың және ержүректіктің символы болып саналады. Оның соғыс жылдарындағы ерлігі мен атақ-даңқы бірқатар елдерге тарады. Сол кезде батыр атамыз дарынды қолбасшы, әскери стратег, шебер ұйымдастырушы ретінде мойындалды.
Бауыржан Момышұлының соғыстан кейін әскери-ғылыми қызметпен және әдебиетпен айналысқаны баршамызға белгілі. Оның қаламынан майдан даласын шынайы суреттеген кесекті шығармалар туды. Сол дүниелер қазақ әдебиетіндегі әскери тақырыптың негізін қалауға үлкен үлес болып қосылды…» деп жазды Сенат төрағасы.

КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТ ПЕН КИНОДАҒЫ БЕЙНЕСІ

«Мәскеуді қазақтар қорғап қалды» деген ақиқат бар. Шынтуайтында Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қазақ жауынгерлері ата-бабаларымыздың ХІХ ғасырдағы ерлігін қайталап, Ресей астанасын екінші мәрте алып қалды десек те болады. 1812 жылы Наполеон әскері Мәскеу түбіне жеткенде, орыс патшасы І Александр қазақтардан көмек сұраған. Үш жүзден құралған қазақтың қалың қолы жауды Мәскеуден қуып шықты.
Ал Ұлы Отан соғысы жылдары генерал-майор Иван Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясы құрамында фашистермен шайқасқа түскен Бауыржан Момышұлы алдымен батальон командирі, кейіннен полк және дивизия командирі болды. Жалпы алғанда Мәскеу үшін 207 ұрысқа қатысты.
1941 жылдың 16-18 қараша күндері вермахтың Мәскеу бағытында екінші мәрте жасаған жорығы кезінде аға лейтенант Момышұлы бастаған батальон Матронино деревнясының жанында Волоколамск тас жолында асқан ерлік көрсетті. Білікті комбаттың арқасында үш күн бойы фашистер шабуылын тойтарып, батальон үлкен шығынсыз, ұрысқа қабілетті жағдайда қоршауды бұзып шықты.
Батырдың майдандағы осындай ерліктері туралы талай жазылды. Алдымен орыс қаламгері Александр Бек кейіпкерімен сұхбаттасып отырып, «Волоколамск тас жолы» романын дүниеге әкелді. Таяуда бұл туындыны белгілі жазушы-публицист Құлтөлеу Мұқаш екінші мәрте ана тілімізге тәржімалады. Оның алдында бұл еңбекті «Арпалыс» атауымен Құрманбек Сағындықов қазақшалады. Осы кітап ағылшын, француз, неміс, итальян, испан, грек, португал, фин, араб, иврит тілдеріне де аударылып, әлемнің түкпір-түкпіріне тарады. Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» кітабын да жұрт оқыған болар. Батырдың ұлы Бақытжан Момышұлы мен келіні Зейнеп ­Ахметова да әкелері туралы бірнеше кітап жазып шығарды.
Соғыстан кейін қаруын қаламға айырбастаған Бауыржан Момышұлының өзі де қаламгерлік қырын танытып, «Ұшқан ұя», «Мәскеу үшін шайқас», «Жауынгердің тұлғасы», «Соғыс психологиясы», т.б. кітаптарды жазды.
Асыл азаматтың тұлғасы кино тілінде де кестеленді. 1967 жылы кинорежиссер Мәжит Бегалин «Арқамызда Мәскеу» атты көркем фильм түсірді. Батырдың 100 жылдығы тұсында Қалила Омаровтың «Қазақтың Бауыржаны» деректі фильмі көрерменге жол тартты. Бірнеше жыл бұрын отандық телеарналардан Ақан Сатаев түсірген «Бауыржан Момышұлы» телехикаясы көрсетілді. БЕЙСЕУОВТІҢ «БАТЫР БАУЫРЖАНЫ»

Ал даңқты перзентімізге арналған өлеңдер мен әндердің саны жоқ шығар. Тіпті, көрнекті композитор Әсет Бейсеуов осыдан қырық жылдай бұрын «Батыр Бауыржан» атты опера жазды. Өкінішке қарай, бұл туынды арада қаншама уақыт өтсе де, әлі сахналанбады. Бұл туралы композитордың өкіл баласы, өзі де тамаша сазгер Марат Ілиясов үш жыл ілгері бізге сұхбатында айтқан еді.
«Бұл шығарма менің көз алдымда жазылды. Жазылған соң Абай атындағы опера және балет театрына тапсырылды. Әсет ағаның қасында жүріп, соның бәрін көрдім. Әсет аға Бауыржан Момышұлына арнап алдымен «Батыр Бауыржан» деген ән жазды. Оны Ғафиз Есімов орындады. Ән мәтіні нотасымен бірге «Лениншіл жас» қазіргі «Жас Алаш» газетіне шықты. Бір күні аға «батыр­ды туған күнімен құттықтайық» деп таң азаннан мені оятты. Жолда әннің сөзін, кейіннен операның либреттосын жазған ақын Айтжан Байғожаевпен кездесіп, газеттің бірнеше данасын дүңгіршектен сатып алған соң, үшеуміз батырға бардық. Бұл Баукеңнің өзі көрген соңғы туған күні еді. Бізден басқа ешкім келмеді. Таңертеңнен кешке дейін кең дастарқан басында өзіміз ғана отырдық. Кетерімізде батыр қатты риза болып: «Басқа жұрт елемесе, елемесін, бауырларым, келгендеріңе рақмет!» деп көзіне жас алды. Әнге де көңілі толды. Әсет аға содан қатты әсерленіп, Айтжан Байғожаевқа: «Әнімізді батыр ұнатты, неге опера жазбасқа?» деді. Содан опера жазылған соң, шығарманы опера және балет театрына барып тапсырдық.
«Батыр Бауыржан» операсы әлі күнге дейін жарық көрмеді. Содан бері арада 30-35 жыл өтті. Енді қойылатын жөні бар ғой. Бірақ қолға алатын адам болмай тұр» деген еді композитор бізбен әңгімеде.
Рас, осы бір сүйекті музыкалық туынды Абай атындағы опера және балет театры архивінен табылып жатса, қойылуы керек. Бұл өнер ұжымы сахналамаса, «Астана Опера» театрына тапсырғаны жөн. Қалай дегенмен де жұрт естуі тиіс. Биыл, батырдың мерейтойы кезінде қойыла ма деп үміттенген едік, болмады. Қазір ұлттық опералар саусақпен санарлық деп айтып жатамыз. «Батыр Бауыржан» операсы олқылықтың орнын толтырмаса да, опера театрының қоржынын біршама қампайтар еді.
Иә, шығарманың бағы ашылмай тұр. Бауыржанның өзіне тиісті атақ өмірден озғаннан кейін берілді. Кеңес заманындағы шовинистік саясаттың кесірінен соған лайық болып тұрса да, Кеңес Одағының батыры атағын ала алмады. Осы атаққа соғыс жылдары-ақ ұсынылған. 8-гвардиялық (Панфилов) дивизиясының командирі Иван Серебряков 1944 жылдың 7 шілдесінде КСРО Жоғарғы кеңесі президиуміне Момышұлының ерліктерін тізіп тұрып, ұсыныс хат жөнелткен. Бұл құжат кейіннен КСРО Қорғаныс министрлігі архивінен табылды. Алайда Ұлы Отан соғысы 1945 жылы аяқталса, арада 45 жылдан соң ғана Елбасының араласуымен Бауыржан Момышұлына батыр атағы берілді. Бұған қатысты Нұрсұлтан Назарбаевтың мәтелге айналған «Баукең жұлдызды болған күн – қазақтың жұлдызы жанған күн» деген сөзі де бар.
Момышұлының өзі бұл атаққа ешқашан ұмтылмады. Керісінше, Рейхстагқа бірінші болып ту тіккен қазақ Рақымжан Қошқарбаевқа Кеңес Одағының Батырын алып беруге тырысты. Сол мақсатпен жазушы-публицист Кәкімжан Қазыбаевқа тапсырма берді. Алайда ештеңе шықпады. Рақымжанға кейіннен Халық қаһарманы атағы берілді. Қазір қос батырдың ескерткіштері елордада бір-біріне қарама-қарсы тұр. Ерліктің даңқы өшпейтіні рас…

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five + eleven =