АҢСАР АУЛАҒАН АНКАРА

0 90

Түн жамылып түсіп келеміз. Шаһардың көлдей-көлдей шамдары төбеден қарасаң, әр тұсы әрнеге ұқсап қалатындай. Жанымдағы Сұлтанның «Мына жер жирафтың басы секілді екен» деуі сондықтан. Алайда жирафты ауылда тумаған соң, біз байғұс дәл сол маңнан ұқсастық байқамадық – бұл, әрине, әзіл ғой.

 Әдепкі сөз

Астананы қимай, кешігіп ұшқанымызбен, барар жолда ұйқыға үнем табылды. Қос қала арасындағы уақыт айырмашылығы – үш сағат.

≪Есенбұғы≫ әуежайы төңірегінде ауа райы ≪+18≫ градус екен. Қыркүйектің таңы үшін әжептәуір жылымық. Елден шығарда білетіндердің ≪бархатный сезон≫ туралы айтқандары бекер болмады. ≪Бархатный сезон≫ демекші, осынау сапарда біз тек төл сөздерімізді ғана естідік. Астаналық өкілтоп атынан ресми түрде сөйлегендердің бәрі қазақ үніне ерекше басымдық берді. Әкім Иманғали Тасмағамбетов мырзаның Анкарадағы әр кездесуде бір-екі мақалды міндетті түрде тілге орап отырғаны – көбімізге үлгі етерліктей жайт.

Ғасырлар сыры сіңген

Анатолия өркениеттер мұражайы қабырғаларына назар қойғанымызда, осындай ой келді.

Қожайын тараптың қонақтарға оны алғашқы аялдама ретінде ұсынуы да тегін емес. Мұражай дегеніміз – қаланың оңтүстік-шығысындағы белгілі ≪Ат базары≫ төңірегінде орналасқан османдық екі ғимарат. Олардың бірі ≪Махмұт Паша бедестенін≫ 1464-1471 жылдар аралығында Фатих Пашаның бас уәзірлері көтерген көрінеді. Сән-бедері классикалық сәулетке келіңкірейді.

Ортада – он күмбезбен көмкерілген төртбұрышты жабық жай. Бұл жер бесік күмбездермен жабылған бір жүз екі дүкеннен тұратын кешенмен қоршалуда. Екінші ғимарат ≪Күршүнлу Керуенсарай≫ тахрир дәптерлеріне және тіркеу мағлұматтарына қарағанда, Мехмет Пашаның Үскүдардағы құдайханасына қойма ретінде тұрғызылған.

1946 жылғы жөндеу кезінде мұнда ХV ғасырдың бірінші жартысына тиесілі мәнеттер табылыпты…

Мұражайдың тәжірибелі маманы жағы жаңылмастан сақылдатып әлі әңгімелеп тұр, әңгімелеп тұр. Ара-арасындағы біздің тараптың сұрақтарын да қоса қамти жөнеледі. Тарихшы емес пе, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов мырза тақырып төңірегінде ұғымтал үн қатты:

≪Оңға қарасақ та, солға қарасақ та – бұғының бедер-бейнесі. Сонда Анадолы даласында бұғы көп болғаны ма әлде бұл түрік халқының санасында баяғы Алтайдағы дәуірінен қалған түсінік пе?≫. Мұражай маманы Анадолыда ешқандай бұғы кездеспейтінін, түріктер оны билік, байлық, күш- қуат айшығы ретінде қадір тұтатынын білдірді. Жалпы, музейде наным-сенімнің ғасырларға созылған тасбелгілері бар. Тарих қойнауынан-ақ той мәдениетіне ерекше мән берілгені, қазақтың ≪Бес тасы≫ сынды ойын ойнағаны зейін қойғызады. Қысқа қайырсақ, ≪Анатолия өркениеттері≫ 1997 жылы Швейцарияда күллідүниелік дәрежеде ≪Жыл мұражайы≫ атағын алған.

Ақпараттың амалы мен қамалы

Табанымыз тиіп тұрған соң, Анкараның ақпарат тарату жүйесімен танысуға бірден мүдделендік. Түс ауа қалалық мэрия жанындағы медиаорталық басшысының бөлмесінде отырмыз: жап-жайлы кабинет Ататүріктің екі суреті. Ұжымда бас-аяғы жиырма бес адам қызмет ететін көрінеді. Анкара мэриясына қатысты бар жаңалық, фото, видеолар ақпарат агенттіктеріне, газеттерге, телеарналарға осы жерден таратылады. Әркім өз қалаған ақпаратын жариялауға құқылы. Оның сыртында медиаорталық аптасына бір рет А5 пішімімен ≪Анкара≫ деген 32 беттік газет шығарады екен. Басы артық адам жоқ – бітпей жатқан іс жоқ. Редакция үй-жайы өркениет өлшемінің белгісіндей. Жауапты қызметкерлерінің бірі Әлижан Атай асқан ынта-ыждахатпен таныстырып жүр. Әсіресе, біздікілерді пультпен басқарылатын ұшқыш фотоаппарат көбірек қызықтырды. Құйрықты жұлдыздай құрылғының жұмысымен түнгі су-сәулелі шоуды түсіру барысында жеткілікті таныстық.

Антқа берік академия

Астананың Анкарадағы мәдени күндері аясында Әділет академиясында болудың сәті түсті. Білім алушыларға жасалған жағдай ғұмыр бойы оқи беруден бас тартқызбастай сезілді. Әлбетте, біреуді біреумен салыстыру немесе әлдекімді мадақтап – әлдекімді мұқатудан аулақпыз. Түркия сынды дамыған елдің құқықтық әлеуетінің қайнар-көзі қарабайыр еместігі түсінікті де. Елдің сот құрамының денін осынау академия түлектері құрайды. Жылына екі мың бес жүздей бітірушіге құжат тапсырылады. Жоғары білімділерді ғана

оқытатын академияға түсудің өзі – зор мәртебе. Тәмамдаудың жөні тіптен бөлек. Өйткені түрік елінде судьялардың статусы қайран қаларлықтай биік.

«Құқық саласындағы ең жаңа оқулықтың барлығы жарық көргеніне екі күн өткен соң біздің кітапханадан табылады» деді баяндалған игілікті істер бастамашысы, академия президенті Хусейн Иылдырым.

Оқу орнының Президенті төрт жылдық кезеңге сайланбалы негізде бекиді екен. Көптеген жұмыстың ұйытқысы болғанына қарамастан, Иылдырым мырза келесі сайлауға түспейтінін әлден-ақ ашып айтып отыр. Себебін сұраушыларға «Кейінгі жастарға да жол беру керек» деп қысқа қайырды.

Анкарада оқып жүр…

Анкарада өткізген төрт-бес тәулігімізде сол жақтағы қыз-жігіттеріміз басы-қасымызда болды.

Елшіліктегі жиын барысында білгеніміз: бүгінгі Түркияда жеті жүздей қазақ баласы білім қуып жүр. Олар бірнеше жүйе бойынша барған. Астаналық өкілтопқа жауаптылар санатынан Яссауи атындағы қазақ-түрік халықаралық университеті грантымен түскендер жиірек көрінді. Эконометрия саласы бойынша докторантурада ілім жиып жатқан Сәбит сынды жігіттер келешекте Қазақ еліне тың саланы меңгеріп әкелмесіне күмән кем.

Қаракөз замандастарымыз Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің жұмысымен де етене таныстықтарын аңғартты. Айтуларынша, қазіргі елші Жансейіт Түймебаевтың қазақ жастарына қашан да есігі ашық. Әсіресе, арнайы жиындар өткізіп, отанымыздан барған студенттердің жауапкершілігін сезіндіруде үлкен жетекшілік қызметін бағалайды.

«Жеті жұлдыздың» жыры

Түнгі аспаннан бәріміз «Жеті қарақшыны» көріп өстік. Бірақ «жеті жұлдызды» қонақүй көрмегеніміз рас.

…2004 жылдың қоңыр күзінде Атырауда «Марриотт» компаниясы айтулы салтанатпен қазақ жеріндегі алғашқы жобасының таныстырылымын ұйымдастырды. Құдайдан құдай боп, сарыауыз  студент біз де сол жерден табыла кеткеніміз есімде. Жаңалық жаршысына қатысты мақтаудың неше атасы кетіп жатыр. Алайда өмірі ондай ұғымдарды сезінбеген басымызға қалай сендірсе де, түк сыймап еді. Енді міне! Анкара әкімшілігі мәдени күндерін өткізе келген астаналық әріптестерін «Марриот» мейманханасына жайғастырды.

Көзіңізді өзіңіз ашып, өзіңіз жұмасыз – қалған жағын түрік бауырлар баяғыда қолайластырып қойғанға ұқсады. Бауырлас шаһардың берері әр саладағы осындай тәжірибелер болса керек.

P.S. Басқа сапар. Пойыздамыз. Алматы-Астана жолы. Көсілген кең даланы көріп отырып, жеңгем Тектен текке жатыр, иа? деп қалды. Жыбырлаған жәндік көрмесек те, ол даланың құр босқа жатпағанын айттық: Бұл жерлер текке жатқан жоқ, өткен-кеткеннің көз құртын жеп жатыр!

…Анкара да амалсыз жатпаған шаһар көрінді. Оның басты миссиясы – сірә, алыс-жақыннан аңсар аулау-ау!

Ерболат ҚАМЕН,Сұлтан СЕЙІТ (фото)

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

11 + seven =