АҢДАМАЙ СӨЙЛЕГЕНГЕ АЙЫППҰЛ САЛУ ДҰРЫС ПА?

0 115

bypass-censorship-main-img1

Елімізде әлеуметтік желінің әлеуеті артып келеді. Күні кеше Парламентте қаралған Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодекстерінде бұл мәселе шет қалмаған. Яғни, әлеуметтік желіде біреуді ғайбаттағандарға 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу қарастырылған. Сіздің ойыңызша, арнаулы сараптама негізінде жүзеге асатын бұл шара қаншалықты тиімді болмақ?

ӘДІЛ АГИТАЕВ, С.ҒЫЛМАНИ МЕШІТІНІҢ НАЙБ ИМАМЫ:
– Әлеуметтік желіде біреуді ғайбат­таған­дарға 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу қарастырылуда екен. Ислам дінінде де ғайбат туралы көп айтылады. Оның жамандығы жайлы Құран кәрімнің «Әй, иман келтіргендер! Көптеген ойлардан аулақ болыңдар, өйткені, кейбір ойлар күнә болып табылады. Бір-біріңді аңдымаңдар, әрі арқаларыңда бір-біріңе ғиба жасамаңдар» деген аяты бар. Пайғамбар хадистерінің бірінде де: «Ей, тілімен иман етіп, жүрегімен сенбегендер, мұсылмандарды сыртынан өсектемеңдер және олардың кемшілігін іздемеңдер. Кім де кім мұсылман бауырының айыбын ашпақ болса, Алла оның өзінің айыбын ашады. Алла Тағала кімнің айыбын ашар болса, ол кісіні үйінде отырып-ақ абыройынан айырады» деген. Ондай адам ақыретте де жазасыз қалмайды.

ЖАНАР ӘДІЛХАНҚЫЗЫ, СТУДЕНТ:
– Соңғы деректерге сүйенсек, елімізде 5,6 миллион адам әлеуметтік желілерді күнделікті пайдаланады екен. Ең танымал әлеуметтік желілердің қатарына «Мой мир», «Одноклассники», «В контакте» және «Facebook» -ті жатқызуға болады. Ал, 350 мыңнан астам адам ұялы телефонмен «mail.ru agent»-ті тұтынады. Осы ретте айта кеткен жөн, психо­лог мамандар әлеуметтік желінің әлегі өтірік сөйлеуден басталады дейді. Әрбір екінші адам өзі жайында өтірік мәлімет жазып, есімі мен жасын, отбасылық жағдайын, түр-әлпетін, білімі мен жұмысына қатысты жалған ақпар береді. Әлеуметтік желіде біреуді ғайбат­­та­ғандарға ғана емес, өзі туралы өтірік ақпарат бергендерді де жазаласа деген ұсынысым бар.

НҰРЖАН ПІРМАҒАНБЕТ, ЗАҢГЕР:
– Менің ойымша, бұл – өте дұрыс бастама. Әрі бұл ретте ешкімнің құқына қол сұғылмайды. Керісінше, азаматтардың бір-бірінің ар-ожданына, кісілік беделіне деген құрметін қалыптастыратын болады. Жұрт ойлағандай заң жүзіндегі мұндай шектеу жаппай міндет емес, адамдардың іс-әрекеттерін реттеу үшін ғана қолданылады емес пе?! Бұл әлеуметтік желіде отыратындарға ғана емес, қоғамның барлық мүшесіне қатысты мәселе екенін ұмытпаған жөн.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

10 − one =