Әндірбектің жалғызы

0 99

Кілең қара домалақ балалар асыр салып ойнап жүрген. Бәрі жалаң аяқ. Тізелеріне дейін шаң қапқан. Алысып, жұлысады, күреседі. Қала берді айқайлайды… Бағып жүрген қозы-лақтары әлдеқашан ауыл жаққа өріп кеткен. Оны есіне алатын, іздейтін олар ма?.. Бәрін ұмытқан. «Өй, мынау Вася ғой!..» Ересектеу Дәуреннің сөзінен кейін ғана құлақтан ұрған танадай тыншыды…

* * *

Иә, Вася… Баяғы Вася. Ауылдан әке-шешесімен тарихи отанына көшіп кеткен Вася. Бес жыл бұрын.

Бәрі қасына біртіндеп аяңдап, ошарылып қапты. «Вася…», «Вася, сен қайдан жүрсің?» деген са-уалдар естіледі арагідік. «Бойың өсіп кетіпті» дейді Дәурен арқасынан қағып. «Келе жатқан бетің бе? Ауылға кірмедің бе? – дейді бір кездері көршісі болған кішкене бойлы Ерік. – Сендердің үйлеріңде Мараттар тұрып жатыр». «Берліннен келдің бе? Апам сендерді Берлінге кетті деген…» дейді ақсақ Айбын аяғын сілте басып жақындап.

Вася үнсіз. Көкпеңбек тұздай көзінде болар-болмас мұң бар. Бір уақ терең күрсініп, «Е-е-ех, бәріңді сағындым, – дейді үлкен адамдарша. – Ауылды сағындым! Күреңқасқамды сағындым!..»

* * *

Күреңқасқасын сағынатындай жөні бар. Жазғы демалыс бастала есейіңкіреген қарасирақтар шыбық атты тастап, кәдімгі тай жарыс ойынын шығарды. Тұқымың өскірлер, «түнделетіп жаямыз» деп, бір-бір жабағы, тайды кеш бата тақымдап, үш-төрт шақырымдағы Қарашоқыға дейін шабады. Қырық-елу түтінді ауылдан шығатын он-он бес қара домалақты жалғыз ғана көзі көк, сары өңді бала тоған басынан ұзатып салып тұратын…

Бірде шыдамы шегіне жетті. Әкесі Андрейге: «Маған тай керек, – деді. – Жүйрік тай. Балалармен жарысамын». Бес аспап ұста Андрей жалғыз ұлына өзге әкелердей көп зекімейтін-ді, айтқанын екі етпеуге тырысатын. Бұл жолы да «Е-е-е, жары­самын де» деп, жымиды да қойды. Неміс деген ұлты ғана, әйтпесе, жүрегі де, тілі де қазақ. Қазақы қалжыңды қатырады, сөз орамдарына шебер, қазақы салт-дәстүрді де сіңіріп алған бойына. Отбасымен солай. Ауылдықтар «ұста Әндірбек» дейді, әйелі Амалияға «Әмина» деп ат қойған. Ал, Вася – Вася, шал-шауқан, кемпірлерге – «Әндірбектің жалғызы».

Ауылдағы жалғыз үйлі ұста неміске көпшіліктің алғысы мол. Өйткені, Андрей қолынан шыққан тырмасын, күрегін, қалағын, көсеуін, кернейін, керек­ болса, ат арбасына дейін қалап келген адамның көңілін қалдырмай, бере салатын. Бұл жолы өйтпеді. Бүгін ғана соңғы шегесін қаққан ат арбаны аудан орталығына әкетті. Көршінің мініске ұстап отырған шегіркөз бестісі бар еді. Соған жекті де, арбаны базарға шығарды. Пұлдап, жалғызына тай алмақ. «Жабағы болса да, жарар еді» деп кеткен.

* * *

Күреңқасқа тай екен. Тұрқы – ірі. Жүрісі, пошымы бөлек. Болаттан құйғандай тұяқтарын нық басады. Ал, шабысы… Шабысын әлі көрген жоқ. Әкелгеннен бері ауыл балалары айналшықтап шығар емес. «Белі қайысып тұр. Жүйрік-ау» дейді бірі. «Құлағы мен басы кішкене екен. Қатты шабатын аттікі сондай болады» деді екіншісі. «Мынау Ақалтекенің тұқымы, бойы биік» деді бір «сыншы».

Балалар жазбай таныпты. Тай жарысқа асыққан шабандоздар бүгін күндегіден ерте жиналды. Күрең қасқаны ойқастатып, Вася да қосылды додаға. Ал­ға­шын­да тізгінді іркіп, жүрексініңкіреп, топтың соңына ала шапқан. Еті қыза түскен жануар бірте-бірте үдей берді. Ауыздыққа ерік берер емес. Қара­шо­қы­ға өзгелерден оқ бойы озық жетті…
Күрең қасқа содан бері алдына қара салып көрген жоқ-ты…

* * *

«Әндірбек ұста Керманға кетеді-мыс. Берліндегі туыстары шақырған көрінеді» деген жел сөз ауыл ішіне жайылып кеткен. Ошақ басындағы салпыетек әйелдерге біраз күн азық болған өсек шындыққа айналды.

* * *

Жеті жылдан кейін ауылына оралған Вася күрең қасқаға салған сары жүгені мен ер-тоқымын бауырына басып, егіліп тұрды. Айнала қоршап тұрған шал-шауқан да, егде тартқан ер-азаматтар да, өзімен бірге бәйгеге түскен балалар да күрең қасқаның өздері көшкен күннің ертеңгісін-ақ ұшты-күйлі жоғалып кеткенін естірте алмай қиналды…

Әсел МҰРАТБЕКҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × two =