©2020 Астана Ақшамы
ӘНДІ СҮЙСЕҢ, МЕНШЕ СҮЙ…
немесе Әлмағамбет Қапсалямұлы жайында не білеміз?
Құлақтан кіріп бойды алар,
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең менше сүй,- деп бүгінгі ұрпаққа айтқан Абайдың бұл өсиеті мәңгілікке айналды. Бұрынғы фольклорлық ән үлгісі келе-келе томаға-тұйық қалыптан әлдеқайда ұзап шығып, жеке ауылдың, болмаса ру-ұлыстың ғана тиесілі сыбағасындай болмай, кең-байтақ қазақ сахарасының ортақ туындысына, қазына байлығына қосылды. Сарыарқадан ән әуелеткен Сегіз сері, Біржан, Ақан сері әндері қазақ жұртының батыс-шығысына тегіс жария болды. Бұл қатарда алдымен ауызға ілігері – тағы да Абай әндері. Оның ішінде ел көкейіне қона кеткен ерекше екі ән – «Айттым сәлем, Қаламқас» («Жігіт сөзі») пен «Сегіз аяқ» («Алыстан сермеп») қазақ сахарасында кең таралды.
Қарт Шыңғысты мекендеген елге арқа әндерінің дендеп тарай бастағаны да ұлы Абайдың ән, сән түзеген жастық, бозбалалық шағымен тұспа-тұс келетінін Мұхтар Әуезов әріден байыптап, суреткерлік шеберлікпен пайдаланғаны оқырманға «Абай жолы» роман-эпопеясы арқылы белгілі. Ұлттық поэзиямызға жаңа мазмұн, жаңа түр беріп, сол арқылы қазақ халқының дүниетанымын, көзқарасын кеңейтіп, ақыл-ой санасын тереңдетіп, жаңа өріске бастаған ақын қазақ музыка өнерін дамытуда да асқан жаңашыл болды. Бүгінгі ұлттық музыка әлемінде «Абай стилі» деп аталатын ақынның музыкалық мұрасы – соның айғағы. «Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел» деген ақын поэзияға қойған заңғар талабын қазақ музыкасына, оның ішінде қазақ өнеріне де қоя білді.
«Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы, Қиыннан қиыстырар ер данасы» деген Абай музыка жайындағы ойын былай түйді:
Құр айғай бақырған
Құлаққа ән бе екен?
Өнерсіз шатылған,
Кісіге сән бе екен?
Немесе:
Жаманға «жар» деген-ақ, ән көрінер,
Жақсы ән білсе, айтуға кім ерінер?
Жарамды әнді тыңдасаң, жаның еріп,
Жабырқаған көңілің көтерілер.
Ұлы ақынның әнге деген терең философиялық көзқарасы оның көптеген өлеңдерінен осылай мен мұндалап тұрады. Тұтас жұрттың адамгершілікке, имандылыққа, адалдыққа, бауырмалдыққа тәрбиелеудің бір үлгісі өнер, ұлттық өнер деп білген Абай сөз бен саздың, әуеннің ара-жігін ашпады. Екеуін де тәрбиелік бағытта қуатты құрал ретінде жұмсай білді. Ең алдымен, өнерпаз беделін көтеріп, көпке әйгілі етудің жолдарын жиі қарастырып отырды. Қолынан келгенше жас өнерпаздарды өз ауылына шақырып, жиі мәжілістес болып, ұзақ уақыт қолынан ұстап, ән сырын, өнер сырын ашып, түсіндіріп, жол-жөн нұсқады. Әсем әнді құлай сүйген ақын өресі биік өнерге қатаң талап қойды. Әнді тыңдауда, әншіні бағалауда табиғи талант иесін жоғары қадір тұтты.
Бір өкініштісі, Абай әндерінің туу, таралу тарихы әлі күнге дейін тиянақты зерттеушісін тапқан жоқ. Абайдың ақындық мектебі болғанын білгенімізбен, әншілік мектебіне келгенде мүдіріп қаламыз. Шындығында, көптеген архив құжаттарында, ел аузынан жиналған ақын замандастарының, өз ауылдастары мен туған-туысқандарының естеліктерінде Абай әндерінің шығу төркіні, ол әндерді орындап, көпке таратқан әнші шәкірттерінің есімдері кездесіп қалады. Мәселен, Абайдың ақын шәкірті Көкбай, алыс ауылдастарынан атасақ, Әсет, Әріп, кейіннен Абай қолына келіп тұрақтап қалған Мұқа, Уәйіс, өзінің аталас жақыны Майбасардың Мұхаметжаны, кейіндеу Әлмағамбет, Әмір, өз баласы Ақылбай, немересі Әубәкір болып жалғаса береді.
Ұлы ақынның өзіне ерекше ұнап, қолайына жаққан, өнерпаз тұлғалардың бірі – Әлмағамбет Қапсалямұлы. «Абай жолы» роман-эпопеясының көрнекті кейіпкерлерінің бірі. Мұхтар Әуезов Әлмағамбетті жақсы білген. Таныс, сырлас, талай рет дәмдес, мәжілістес болғандықтан, Абайдың өз балалары Ақылбай, Мағауия, Әбіштердің қатарында, соларға қатысты оқиғалар ішіне үнемі қатыстырып, көрсетіп, суреттеп отырады. Құнды деректердің бірі «Қазақ тілі» газетінің 1924 жылғы 27 желтоқсандағы №131 санында «Білдіру» атты құлақтандыру мақалада жарияланған. «Осы жылы 29 декабрьде Луначар клубында қазақтың байтақ даласында өткен атақты сыршыл ақын Абай (Ибрагим) Құнанбайұлының дүниеден өткеніне 20 жыл толғанын еске түсіру үшін Семейдің «географический обществосы» құрметтеп, ескерткіш кешін жасайды» делінген онда. Кеште Абайдың әндері орындалатыны айтылып, Әміре, Әлмағамбет әншілердің есімдері аталады.
Абайдың Әлмағамбетті іш тартуының себептері болған. Ақынның қырықтан асқан шағында, өлең, ән қуаты тасқындап, кемеліне келген кезінде, жастықтың, махаббаттың шерменді шерін, ыстық лебізін Әлмағамбет әншідей жеріне жеткізе орындаған күміс көмей кемде-кем. Абай әндерінің жаңашылдығы Әлмағамбеттің әншілігі мен серілік думанды шағына әсер етті. Абайдың балаларымен бірге өнер үйренуі, қаладағы атақты музыканттардан дәріс тыңдап, сауатын ашып, өнердің өлмес мұратын анық аңдауы басты себеп болды. Жастайынан пысық, зерделі Әлмағамбет «Абайдың әншісі» атанып, өзге өнерпаздардан қара үзіп алға шығады. Тегінде, Әлмағамбет Қапсалямұлының өмірі мен шығармашылығы – ел ішіндегі үзік-үзік айтылып жүрген аңыз-әңгімелерден басқа зерттеуді қажет ететін жұлынды тақырып.
«Айқап» журналы 1915 жылы жариялаған (авторы М.М) «Қазақша бастапқы ойын» атты хабар да біраз деректі қамтиды. «13 февральда Семейдің приказчик клубында қазақша әдебиет кеші» болғанын, онда Абайдың жетпіс жылдығы аталып өтілгенін, Әлмағамбеттің ән шырқағаны жазылады. «Ырғақты», «Жарқ етпес», «Татьяна» әндерін домбыраға қосып айтқанын, екі домбыра, бір мондалинамен ұлт күйін тартқанын сөз етеді.
Ақын әншісінің туып-өскен ортасы, ата-анасы, ұрпақтары жөнінде мағлұмат Семейдегі мемлекеттік Абай қорық мұражайының негізгі қорында сақтаулы. Әлмағамбеттің әкесі Қапсалям жөнінде немересі Шабдан Әлмағамбетовтің айтуынша, Беркінбай байдың жылқышысы болып жүреді. Қапсалямды Абай өз ауылына шақырып алған соң, көп жылдар Ақшоқы төңірегінде Абай ауылының жылқышысы болады. 1925 жылы 95 жасында қайтыс болған. Бейіті – Бақанас өзенінің бойында. Қапсалямның бәйбішесі Қанымбала Абай үйінің тошаласын (етхана) ұстаған. Денесі кішірек болғанымен, ширақ қимылдайтын әйелді Абай «Шипақай» деп атапты.
Абай ауылына барғанда Әлмағамбет бес жаста екен. Абай балаларымен бірге болып, ескіше, арабша мұқтасарға дейін оқыған. Домбыра, скрипка, сырнайды жақсы тартып, ән салуды үйренген. Кішкене молда, Мүрсейіттерден сауат ашып, жиырма жасқа дейін өнер соңында болған. Атақты әнші-күйші Мұқадан көп үйреніп, өзінің ұстазы санаған. Абай Мағауия, Тұрағұл мен Әлмағамбетті үш қыс бойы Семейдегі орыс музыкантына беріп, скрипка үйреткен.
Абай әншісін Мұхтар Әуезов те әншіні қатты қадірлеген. 1925 жылы Затаевичке айтып, Әлмағамбет орындайтын Абай әндері мен халық әндерінің біразын нотаға түсіреді. Әлмағамбеттің тартқан «Алшағыр», «Бозайғыр», «Саймақтың сары өзені», «Бұлаң жігіт», «Азамат қожа», «Малжаңгер», «Тепеңкөк», «Түрікпен» күйлері де сол кезде нотаға түседі. Скрипкада ойнаған орыс күйлерінің де саны оннан асады.
Абайдың баласы Мағауия қайыншылап барғанда, қасына Мұқа, Әлмағамбеттерді ерте барады екен. Әлмағамбет бас құда Ақылбайдан Мағауияның қайын жұртына тарту ретінде бір ән тауып беруін сұрайды. Әлмағамбеттің өтінішін жерге тастамаған Ақылбай осы сапарда «Ақылбайдың әнін» шығарады. Сонда «Ағамның (Абайды айтады) әндерін бір айтқаннан-ақ жаттап алатын құйма құлақтығың бар еді. Кәне сол өнеріңнен жаңылдың ба, сынап көрейін» деп,
Бір ән тауып Әлекем бер деген соң,
Матайды алыс бірқатар жер деген соң.
Он минутта ойыма осы ән түсті,
Қолымды қапаш-құпаш сермеген соң, -деген белгілі әнді үйретеді. Мұны Мағауияның қайын жұртына айта барған да осы әнші Әлмағамбет.
Кейіннен Абай қайтыс болған соң, Әлмағамбет өзінің ұлы ұстазы Абай әндерін халыққа таратудан еш жалықпаған. Қазан төңкерісінен кейін де Семейде қазақтың зиялы қауымы тұңғыш қазақ театрын ұйымдастырғанда Әлмағамбет соның белсенді мүшесі болады.
Әлмағамбеттен Шабдан, Қаблан және Уалхан деген ұлдары тарайды. Солардың ішінде Шабдан әкесінің домбырасын, өнерін ұстаған, кеудесі толған шежіре, құйма құлақ қадірлі қария болады. Өз заманында Социалистік Еңбек Ері атанған Шабдан бертінде дүние салды. Әкесі Әлмағамбеттің домбырасын 1950 жылдары Семейдегі Абай мұражайына табыс етіп, әкесінің ғұмырына байланысты естеліктер жазып қалдырады. Абайдың мәңгі өлмес туындыларын бүгінгі буынға жеткізген әнші Әлмағамбет Қапсалямұлы бүгінгі ұрпаққа да қастерлі.
Алмахан МҰХАМЕТҚАЛИҚЫЗЫ, Қазақстан-Ресей университеті Абайтану ғылыми-танымдық орталығының директоры