Әнде ұлттық сипат болу керек

0 106

Алтынбек   ҚОРАЗБАЕВ, ҚР Халық әртісі

– Ассалаумағалейкүм, Алтынбек аға! Сізге қояр сұрағым: қазiр музыкант­тарға, сазгерлер немесе про­дюсерлерге ақша табу оңай болып кеткен жоқ па? Әнiн сатады немесе әнiн өңдеп бередi деген сияқ­ты…
Бекзат МАХМЕТОВ

– Уағалейкүмассалам! Жал­пы, мен өнердi сату дегендi түсiн­беймiн. Қазiр үкiметтiң жұмысымен бала-шағаңды асырай алмайсың. Сондықтан, жағдайы келмеген соң сатады. Айына түсiп жатқан бұрынғыдай қа­ламақы жоқ.

– Әншілерге ән берген уақытта танымалды­лы­­ғына, талантына қарай­сыз ба?
Шынарай СӨКЕНОВА

– Әрине, қараймын. Кей­бір жақсы әншілерге арнайы ән жазып беремін. Әйтпесе, әніңді жет­кізіп айта алмайтындар болады. Орындауы көңіліңнен шықпай жатады. Өкінішке қарай, қазір өмірдің өлшемі ақшаға ай­налып барады. Кімде ақша бар, соның дәурені жүріп тұр. Соларды он орайтын, бірақ жарыққа шыға алмай жүрген талантты жастар бар. Компьютердің жетілуі адамның дамуын, ізденісін артқа тастады. Егер фонограмманы қолданыстан алып тастасақ, жұлдыздардың 90 пайызы жоқ болып кетер еді.

– Сiз қай кезде ән жаза­сыз?
Дархан ҚАДЫРОВ

– Ішімдік ішпей, көңіл-күйім көтеріңкі болған кезде жазамын. Жасыратыны жоқ, бүгінде сапасыз ән жазу­шылар көбейіп кетті. Со­сын олар тиын-тебен алу үшін, бір сағаттың ішінде шала-шарпы бір дүние жаза салады. Міне, осыдан бір-ақ рет орындалып, сол күйі қа­ла­тын әндер қаптап кетті.

– Алтынбек аға, домбырамен айтылған әнді ешкім тыңдамай­тын болды деген пікірге қалай қарайсыз?
Сәкен, дәрігер

– Мен бұған қосылмай­мын. Домбырамен әдемі әндерді тыңдауға болады. Домбы­раны халықтан бөліп қа­рас­тыра алмайсыз. Ол – қа­зақ­тың қанына сіңген, өмі­­рі­мен біте қайнасқан, бір­ге жасасып келе жатқан дү­ние. Қай ауылға барсаңыз да, қай ай­мақтың халқымен жүз­дес­сеңіз де, көзі ашық, кө­кі­регі ояу жандар домбыра­мен ай­ты­ла­тын әндерге құлақ түреді.
Кез келген адам ата-те­гіне тартпай тумайды. Му­зыка өнерiндегi бүгiнгi ең үлкен мақсаттың бiрi – әр­бiр жазылған шығармадан қазақтың иісi шығып тұруы керек. Оны тыңдаған адам қазақтың музыкасы екенiн дөп басып тануы керек. Ұлт­тық сипат болуы қажет. Он­сыз ешқ­андай дүние өн­бейдi.

– Әннің сатылғанына қалай қа­райсыз?
Гүлзат ЖҮНІС, оқытушы

– Ән сатылмауы тиіс. Ән пайда табу үшін емес, жүрек­тен шығуы қажет. Әнді сату жан дүниеңді, балаңды сатып жібергенмен бірдей. Сол себептен, ком­позитор­лар әнді тауарға айналдырмаса, мемлекет оларды сол күйге жеткізбесе екен деймін.

– Қазақстанда қазір на­сиха­ты күшті жанр эстрада болып тұр, бұл ән өнері­нің басқа сала­лары­ның кен­желеуіне әсер етіп отыр­ған жоқ па?
Бекболат РАЗАҚОВ, қала тұрғыны

– Мысалы, Құрманғазы атын­дағы консерваторияны жылына қаншама қобызшы, домбырашы бітіріп шы­ғады. Бәрі жұмыссыз жүр. Мұндай мықтылар елеусіз қалмауы тиіс деп ойлаймын. Саф өнер­­­ді өзінің көкірегінде, жү­­ре­гінде сақтап жүрген ән­­шілерді халыққа көрсету ке­­рек. Сонда дәстүрлі ән өне­­рі кенжелемейді, кері­сін­ше, алға басады.

– Астанаға қоныс ау­дар­ғы­ңыз келмей ме?
Жансая

– Алматы да жаман қала емес. Мен осында өнерім­ді дамыттым, сол жерде ха­лық­қа танылдым. Жалпы, бұл қаланы мекендеген өнер адамының бағы бес елі деп ойлаймын. Мұн­да тыңдармандарымыз жетер­лік. Осындай ортаны қиып кету ешкімге оңай соқпай­тын шығар.

– Сіз басқаратын «Қа­зақ­кон­церт» ұйымы нен­дей жетістік­тер­ге қол жет­кізді?
Айым, мұғалім

– Мен бұл орынға келгенде зейнет жасындағы кісілерді шығарып салып, жастарды көбірек тартуға ты­рыс­тым. Жалынды жас­тардың арқасында ұжым­ның абыройы да ас­қақтап, жұмысы да жүрді. Жас­­тардың да имиджімен, сти­лі­мен, репертуарымен жұ­мыс істедік. «Менің Қа­зақ­станым» пойызы­мен ел аралап, концерт бердік. Тәуелсіздігіміздің 20 жыл­дығына орай жасақ­­тал­ған бұл құра­ма­­ның 50 пайы­зы – «Қазақконцерттің» мүшелері. 2005 жылы ак­ционерлік қоғамға ауыс­қалы бері жағдайымыз онша емес. Қу тiршiлiкпен, әр­қай­­сысы шамасы келiп жат­қанша күнiн көрiп жүр. Одан түсiп жатқан пайда шамалы. Жалақыны уақытында алмаймыз. Мемлекеттік қолдау жоқ.

– Аға, кезінде Нұрғиса Тілен­диев Мей­рамбекке қа­тысты «Мық­ты күйші бо­ла­тын баланы бе­кер сүй­реп жүрсің» дегені рас па?
Ардагер Елубаев, студент

– Жоқ, олай деген жоқ. Ке­рісінше, Мейрамбектің дауысына, домбыра тартысына сүйсініп, болашағынан үлкен үміт күтіп, батасын берген.

Осы уақытқа дейін қан­ша ән жаз­дыңыз?
Гүлнар, медбике

– Шамамен 65-тей. Соң­ғы рет «Менің де бір аққуым бар шығар» деген әнді жаздым.

Еркежан СӘТІМБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 2 =