«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Анасын құрметтеген ел азбайды

«Отбасы – шағын мемлекет» деген тәмсіл бар. Еш боямасыз, жасандылығы жоқ өмір қағидасы. Сол шағын мемлекеттің ырысын арттырып, берекесін келтіріп отыратын, отбасы ұйтқысы әйел деген құдірет бар. Сондықтан болар, әйел – шаңырақтың алтын діңгегі дейміз. Бүгінде әйел заты тек отбасы ошақ қасы емес, жалпы қоғамда бейбітшілік пен тыныштықтың шырақшысына айналып отыр.

0 28

Қарымды қаламгер, жазушы Дулат Исабековтің «Әрбір әйел – танылмаған планета. Жай ғана планета емес, әрқайсысы мұңлы планета. Бүкіл дүние жүзінің ұлы ғалымдары жиналып, әйтеуір, бір кезде әлемнің құпияларын ашуы мүмкін, ал бірақ ешқандай ғылым, ешқандай данышпан қарапайым әйел жанының құпия­сын аша алмайды. Әйел жаны әрқашан жаралы. Өйткені ол таза да нәзік жаралған, сондықтан ауруға тез шалдығады. Әйел жанын таза сақтайтын қоғам жер бетінде әлі құрылған жоқ, оған дақ түсірмей аялай білетін еркек әлі туған жоқ…» деп тереңнен толғап, толғақты сыр шертуі ойымызды дөп басқандай.
Расында, мына жарық дүниеде әйелдің атқарар рөлі – ұшан-теңіз.
Ол – ақылшы, тәрбиеші, үйдің береке-ырысы, ел мен елді елдес­тіруші, дәнекерлеуші, іскер, тіпті қаһарман десек те жарасады. Әсіресе, қазақ қоғамында аналардың алар орны ерекше болған. Өйткені ұлтымыздың болмыс-бітіміндегі, дүниетанымындағы бар игі қасиеттерді тілін, ділін, дінін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, ұлттық дәстүрін баласынан немересіне, немересінен шөбересіне жеткізуші, дарытушы, дамытушы ретінде әйел көшбастау­шы іспетті.
Солай бола тұра, ұлтымыздың қадірлісі саналатын қырық шырақты әйел-аналардың қоғамдағы орны әлеуметтік үрдісі бүгінгі күннің ең өзекті мәселесіне айналып отыр. Еліміздегі әлеуметтік-экономикалық, мәдени, саяси өзгерістер аналар жағдайына, проблемасына назар аударуды қажет етеді. Жыл басында мұқым қазақстандықтардың қабырғасын күйретіп, арқаға аяздай батқан бес періштенің өртеніп кеткен азалы қазасынан кейін көпбалалы аналардың билікке талап қойып көшеге шығуы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың мемлекет тарапынан жеткілікті қолдау көрмей отырғандығын көрсетті. Одан қалды мемлекет саясатындағы жұрт көңілінен шықпайтын басқа да көптеген мәселелердің бет-пердесін ашып, аналарды ашуға булықтыр­ғанын қалың жұртшылық ұмыта қойған жоқ.
Сол кезде көпбалалы аналарды әлеуметтік қорғауды күшейту туралы талаптарын билікке жеткізуге тырысып, ашық диалог алаңына шақырды. Өмірге нәресте келгенде және баланы бағып-күту кезінде төленетін жәрдемақы көлемін көбейтуді, қосымша төлемдер мен жеңілдіктер қарастыруды, баспана мәселесінің шешілуі сияқты міндеттер қойып еді.
Бір қуантарлығы, қазіргі таңда отбасы институтын нығайтуға мемлекет тарапынан айрықша басымдық беріліп отыр. Соның ішінде, елорда әкімдігі отбасы құндылықтарының рөлін арттыру мен қолдау, отбасылық қарым-қатынастың дәстүрін және мәдение­тін сақтау мақсатында жүйелі жұмыс­тар жүргізіп, маңызды жобаларды іске асыруға бет бұрды. Жыл сайын өткізілетін дәстүрлі «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы отбасы құндылықтарын күшейтуге бағытталған әлеуметтік жобаның бір көрінісі болмақ.
Жақында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің бастамасымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен тұңғыш рет «Отбасы форумы» өтті.
Форумның басты мақсаты – қордаланып қалған аналар проблемасының түйінін шешу, отбасы мәртебесін нығайту және әйелдердің кәсіби шыңдалуына атсалысу ­болды.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен «Бас қаламызда әйелдер қауымының басын қосып бірінші рет ұйымдас­тырылған форумдағы көздегеніміз – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Үкіметпен бірлесе отырып, жергілікті атқарушы орган ретінде әлеуметтік саладағы қордаланып қалған мәселелерді шешу. Мұқтаж әйелдерге қолдау көрсетіп, тығырықтан шығар бағыт-бағдар беруге мұрындық болу. Тиісті ақпараттық демеу көрсетіп, ақыл-кеңес айту. Жасыратыны жоқ, кейбір кәсіпкерлікпен шұғылданғысы келетін әйелдер шаруаның басын неден бастарын, қайда барарын білмей дал болады. Осындайда жөн сілтеп жіберетін мамандар кеңесі бар. Қазір көбісінің мәселесі тұрғын үй болып тұр. Бізде көптеген мемлекеттік бағдарламалар бар. Айталық, «Бақытты отбасы», «Нұрлы жер», «7-20-25» деген. Жалғызбасты, тұрмысы төмен отбасыларға арналған «Мектепке жол» бағдарламасы да іске қосылды. Бұл форумның ерекшелігі – ереуілге шыққан аналардың бәрін жинап ақылдасу. Сәтін салса, күзге қарай отбасы құндылығын дамыту мақсатында «Отбасы» ­орталығын ашпақшымыз» деп ойын ортаға салды.
Шынтуайтына келгенде, нарық заманында қоғам мен мемлекет ісіне белсене араласып жүрген әйелдер қауымы жетерлік. Олар мемлекеттік қызметте, бизнесте, денсаулық сақтау мен оқу-ағарту жүйесінде т.б. салаларда да жемісті еңбек етіп, ел ырыздығын еселеп жүр. Елордада 96021 жеке кәсіпкер болса, соның 50350-і әйелдер екен. Демек, 52,3 пайызын құрайды.
Астанадағы «Даму» қоры арқылы әртүрлі бағыттағы жобаларға қаржылай қолдау да көрсетілуде. Мәселен, соңғы төрт жыл аралығында 182 бизнес жобаға ақша бөлінгені құптарлық жайт. Әкімдік тарапынан шаруасын дөңгелету мақсатында ұсынған жобасына қаржылай көмекке қол жеткізген 182 кәсіпкердің 76-ы әйелдер қауымы екеніне көз жеткіздік.
Демек, сауда саласының қыр-сырын бүге-шігесіне дейін меңгеріп, өндірісін дамыта отырып, тауар мен қызмет түрін ұлғайту арқылы халықтың әл-ауқатын арттырып жүрген әйелдер қауымының ісіне сүйсінбеске болмас.
Қолдағы бар мәліметке жүгінсек, Нұр-Сұлтан қаласында 15 мыңға жуық көпбалалы отбасы тұрып жатыр. Соның ішінде 47963-і – «Күміс алқа», «Алтын алқа» төсбелгісін иеленген аналар. Айта кету керек, биыл көпбалалы аналарға берілетін ай сайынғы жәрдем­ақы көлемі 768 теңгеге артып, 16 160 теңгені құрады. Онда да бұл қаражат – «Күміс алқа», «Алтын алқа» алған көпбалалы аналар, «Батыр ана» атағын алғандар, І және ІІ деңгейлі ордендермен марапатталған әйелдер, ­І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ­орденімен марапатталған әйелдерге ғана тиесілі екен де, бес баласы бар аналардың алатыны 10 мың теңге көрінеді. Бұл, әрине, теңізге құйған тамшымен бірдей. Ер-тоқымы ­бауырына түскен нарықтың қымбатшылық қыспағында осынша жәрдемақы талғажау етуге де жеткіліксіз екені түсінікті.
Дегенмен де көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қолдау мақсатында қосымша 1,3 млрд теңге қаржы қарастырылып отырғаны – көңілге демеу. Жыл басынан бері «Нұрлы жер» бағдарламасы негізінде 24 көпбалалы отбасы тұрақты баспанаға қол жеткізсе, 1000 отбасыға тұрғын үй сертификатын тапсыру жоспарда тұр.
Алқалы жиынның қонағы, аналар кеңесінің мүшесі ­Әнияш Байсалбековадан сыр суыртпақтағанымыз­да «Аналардың, әйелдердің жүгі ауыр. Бүгін жақсы іс-шара ұйымдас­тырылып, тұсауын кескелі отыр. Көмек, жәрдем сұраған адамдар өзінің керекті жауабын осы жерден алады деген ойдамын. Қазіргі заманда көп баланы асырап-бағу оңай емес. Мұны ата-аналар да жақсы түсінеді. Сондықтан әркез мемлекеттен қолдау күтеді. Алайда біздің елдегі көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы жеткіліксіз. Соның салдарынан дәл қазір көпбалалы аналардың талайы шарасыздықтан шырылдап жүр» деп ағынан жарылса көпбалалы ана, кәсіпкер Әсел Сейітқалиқызы: «Мен алты баланың анасымын. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі ұйымдастырған ізгі шара «Отбасы» форумы үлкен істің бастауы болайын деп тұр. Әрине, мәселенің тамыры тереңде жатыр. Өткенде ереуілге шыққан аналар осы уақытқа дейін шенеу­ніктер тұрғындармен кеңеспей, өз қалауынша шешім қабылдап, құр даңғаза мақтанға қомақты қаржы шашып, халықтың әлеуметтік қажеттілігіне келгенде ақша үнемдей қалатын саясатқа наразылығын білдірді. Алайда үкімет тарапынан былтыр көпбалалы аналарды қолдауға 19 млрд теңге ақша бөлініпті. Біз одан хабарсыз екенбіз. Енді-енді біліп жатырмыз. Алдағы уақытта көп­балалы аналармен тығыз ­қарым-қатынас орнайды деген үміт бар» деп ойын еш бүкпесіз жайып салды.
Сөзіміздің тобықтай түйіні – әйел қоғамның тірегі, мемлекет дамуының тұғыры. Сондықтан да болар, түркі дүниесін терең зерттеген тарихшы-ғалым Лев Гумилев «Түркілер әйелдерді сал серілердей әдейі қатты құрметтейтін. Баласы үйге кіргесін әуелі шешесіне иіліп, тәжім еткен, содан кейін барып әкесіне сәлем берген. Орхон жазуында да оларға ажал қаупі төнгенде, Күлтегіннің оларды жанқиярлықпен қорғап қалғаны зор шабытпен жыр­ланады… Түркілерде анасының шыққан тегіне айырықша мән берілген» деген қанатты сөзі халқымыздың анаға деген құрметі қандай болғанын аңғартып тұрған жоқ па?! Ендеше, отбасының құты мен ырысы, ұйытқысы мен жылуы әйел анаға деген ілтипат қашанда жоғары ­болуы керек. Бас қалада өткен «Отбасы форумы» осының айғағы болса керек. Отбасын нығайтуға бағытталған тұжырымды ойлар ортаға салынып, жүзеге асады деген ­ниеттеміз. Ең бастысы, ­­сең қозғалды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды