Анар ЖАЙЫЛҒАНОВА: ҚАЗАҚСТАНДА БIРДЕ-БIР САЯСИ ДАFДАРЫС БОЛFАН ЕМЕС

0 254
333
Анар ЖАЙЫЛҒАНОВА,
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мүшесі,
заң ғылымдарының кандидаты

    

  

– Анар Нұралықызы, Ата заң – мемлекетіміздің алтын қазығы. Ендеше, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, Қазақстанның халықаралық аренада кеңінен танылуына Ата заңымыздың ықпалы қандай?

– Әрине, ықпалы өте зор. Өйткені, Конституция дегеніміздің өзі мемлекеттің құрылымын, қандай жолмен дамитындығын, қандай басымдықтар болатынын белгілейтін мемлекеттегі саяси-құқықтық ең басты құжат қой. Он тоғыз жылдан бері қолданыстағы 1995 жылдың 30 тамызында бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституциямыз, тарихи тұрғыдан аз ғана уақыт өткенмен, еліміздің құқықтық, демократиялық, зайырлы және әлеуметтік мемлекет ретінде орнығуына үлкен үлес қосты.

Атап айтқанда, Конституция жас Қазақстан Республикасының дамуына жүйелі әрі дәйекті жаңа фундаменталды қағидалар ұсынды. Қазақстан Республикасының бірегей тұтастығын сақтап қалуда үлкен рөл атқарды. Жүйелі және нақты түрде ел дамуының демократиялық және құқықтық басымдықтарын айқындап берді. Республиканың ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп, адамның мемлекеттегі рөлін бұлтартпай анықтады. Мемлекетіміздің халықаралық және дүниежүзілік құқықтық кеңістігіне терезесі тең мемлекет ретінде кіруіне жол ашты.

–Әлемде сан алуан конституциялар бар. Ұзын саны 395 баптан тұратын Үндістанның конституциясы ең үлкені болса, Ұлыбританияның бірыңғай конституциясы жоқ. Ал ең ежелгі конституция 1600 жылы Сан-Маринода қабылданған екен. Сол сияқты АҚШ, Норвегия, Нидерланды конституциялары ең ескі конституциялар болып табылады. Осы ретте біздің Ата заңымыздың қандай тарихи ерекшелігі бар?

–Иә, ондай тарихи ерекшелік біздің Конституциямызда да бар. Ол Елбасы, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Конституция жобасын әзірлеуге қатысқан заңгерлермен қызу пікір таластыра отырып енгізген принциптер: қоғамдық татулық және саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігі үшін экономикалық даму, қазақстандық патриотизм, мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның ішінде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу. Конституцияның 1-бабында орын алған, бір қарағанда, заңдық қағидаға жатпайтын, бұл принциптер Елбасының көреген саясаты мен көп жылдық ой-толғаныстарының жемісі еді. Екінші ерекшелік, ол Конституцияда, ұлттық саясаттың бүкіл әлемде теңдесі жоқ құралы – Қазақстан халқы ассамблеясын құруды баян ету болып табылады. Осыдан 19 жыл бұрын жасалған Елбасының осы көрегендігін жанымызда, көршілес елдерде болып жатқан ұлтаралық шиеленістер тағы бір паш еткендей.

– Көптеген зерттеушілер Қазақстанның Конституциясы әлемдегі адамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік 50 конституцияның бірі дейді. Сіздің көзқарасыңыз қандай?

– Меніңше, мақсат – ең үздік конституциялардың қатарына кіру емес. Басты мақсат – азаматтарымыздың емін-еркін дамуы: денсаулық, білім, әлеуметтік-экономикалық, саяси құқы, шығармашылық даму және тағы басқалар. Бұған қалай қол жеткізуге болады? Тек қана қоғам мен мемлекет арасында сенім болған кезде. Егер, Конституцияны қоғам мен мемлекет арасындағы келісім деп қарайтын болсақ, осы келісімді жүзеге асыруда екіжақты сенім керек. Конституцияда осы сенімді іске асыратын құқықтық негіздер орын алған. Ол – адам құқықтарының құндылығы, мемлекеттік биліктің тепе-теңдік және тежемелік жүйе арқылы жұмыс істеуі, мемлекеттің құқықтық, демократиялық, зайырлы және әлеуметтік сипаты, адамдардың заң мен сот алдындағы теңдігі және тағы басқалар.

Келесі мәселе, осы көрсетілген құқыларды жүзеге асыруда кездесетін, орын алатын уақыт талаптары мен заманауи қыр көрсетулер. Сондықтан, ең басты мәселе – осы қауіп-қатерлерді уақтылы түбегейлі шешуге Конституцияның әлеуеті жету керек. Ол қыр көрсетулер туралы ашып айтар болсақ, сыбайлас жемқорлық, діни экстремизм мен терроризм көріністері, экономикалық қылмыстар. Бұл зардаптар заңның кемшіліктерінен, заңды қолданудағы ақаулардан, әлеуметтік теңсіздіктен, тәрбие кемшіліктерінен, материалдық төмен жағдайдан және тағы басқа себептерден туындайды. Соған қарамастан, Конституция мемлекетті өзі баян еткен қағидалармен алып жүре алса, бұл Конституцияны заман талаптарына сай деп бағалауға болады. Қосып айта кететін жағдай, осы Конституция қабылданғаннан бері Қазақстанда бірде-бір саяси дағдарыс болған емес, кез келген қайшылық конституциялық рәсімдер шеңберінде шешіліп жатыр. Осылайша шешу дәстүрге айналып келеді деуге болады.

–Тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет бүкілхалықтық талқылауға салынған 1995 жылы қабылданған Конституция екені белгілі. Жалпы, аталмыш құжатты талқылауда халықтан көптеген ұсыныстар түскен екен. Олар қаншалықты ескерілді?

– Әрине, ол ұсыныстар ескерілді. Бұл туралы Елбасы өзінің «Қазақстан жолы» атты кітабында өте жақсы жазған: «Конституция жобасын талқылауға 3 миллион 345 мыңнан астам қазақстандық қатысып, 31 886 ұсыныс пен ескерту жасалды, соның нәтижесінде жобаның 98 бабының 55-іне 1100 түзету мен қосымша енгізілді, сондай-ақ Конституцияға жаңа тарау мен бірқатар жаңа баптар қосылды. Кейіннен, жалпы алғанда, Конституция мәтінінің 18 нұсқасы дайындалғанын санап шықтық». Қорыта айтқанда, бұл Ата заң шынымен бүкілхалықтық Конституция болып табылады.

– Бұрынғы Конституциялық соттың орнын басқан Конституциялық кеңес бүгін қандай қызмет атқаруда?

– Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабына сәйкес Конституциялық Кеңес Қазақстан Республикасы Президентінің, Сенат Төрағасының, Мәжіліс Төрағасының, Парламент депутаттары жалпы санының кемінде бестен бір бөлігінің, Премьер-министрдің өтініші бойынша: дау туған жағдайда Республика Президентінің, Парламент депутаттарының сайлауын өткізудің дұрыстығы және республикалық референдум өткізу туралы мәселені шешеді; Парламент қабылдаған заңдардың Республика Конституциясына сәйкестігін Президент қол қойғанға дейін қарайды; Парламент және оның палаталары қабылдаған қаулылардың Республика Конституциясына сәйкестігін қарайды; Республиканың халықаралық шарттарын бекіткенге дейін олардың Конституцияға сәйкестігін қарайды; Конституцияның нормаларына ресми түсіндірме береді; Конституцияның 47-бабының 1 және 2-тармақтарында көзделген реттерде қорытындылар береді. Сондай-ақ, Конституцияның 78-бабында көрсетілген тәртіпте соттардың ұсыныстарын қарайды. Атап айтқанда, онда «егер сот қолданылуға тиісті заң немесе өзге де нормативтік құқықтық акт Конституциямен баянды етілген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп тапса, іс жүргізуді тоқтата тұруға және осы актіні конституциялық емес деп тану туралы ұсыныспен Конституциялық Кеңеске жүгінуге міндетті» деп көрсетілген.

– Бір сөзіңізде «Біз қазір сөз бостандығының жоқтығын емес, сол сөз бостандығын Конституцияда көрсетілгендей құқықтық шеңберде дұрыс пайдалануды әңгіме қылуымыз керек» деген екенсіз. Оқырмандарға түсінікті болу үшін таратып айтсаңыз…

– Қазіргі кезде бұл өзекті мәселелердің бірі болып қалып отыр. Әсіресе, ғаламторда. Өйткені, қайсыбір сайттарда, қандай ақпарат болса, сонымен бірге оқырмандар ақпаратқа байланысты өз пікірлерін қалдыруға құқылы. Дегенмен, сол құқы көп жағдайда басқа адамның құқына, атап айтқанда, ақпаратта сөз болған адамның ар-ожданына, қадір-қасиетіне кір келтіре отырып, жүзеге асырылады. Яғни, сол адамды сөгіп, тіл тигізіп жатады. Бұндай жағдай тек заңға ғана емес, Конституция талаптарына да қарама-қайшы. Өйткені, Конституцияның 17-бабында «адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды» деп көрсетілсе, Конституцияның 18-бабында «әркімнің жеке өміріне қол сұғылмауына, өзінің және отбасының құпиясы болуына, ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар» деп атап көрсетілген.

– Мерейлі мереке қарсаңында қандай тілегіңіз бар?

– Конституция күні қарсаңында көзі ашық оқырмандарға тілейтінім – мықты денсаулық, отбасының амандығы, әлеуметтік оптимизм, еңбекқорлық, береке-бірлік. Біз үлкеніміз – дана, жастарымыз – жалын халықпыз ғой, сондықтан еліміздің болашағы жарқын болатынына кәміл сенемін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

9 + 15 =