©2020 Астана Ақшамы
АНАНЫҢ МЕЙІРІМ ШУАҒЫ
Жұмыр басты пенденің ең қадірлі, ең мейірімді тірегі – Ана екені даусыз. Атам қазақ сондықтан «Жұмақ ана табанының астында» деп ықыласты пейілмен оймақтай нақылды айтқан.
Бала тәртібіне, оның ішінде қыз баланың тәрбиесіне ұлтымыз ерекше назар аударған. Отбасы түтінін түзу ұшыратын, ағайынның бірлігін сақтайтын да – осы нәзікжандылар. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та осы мәселеге орай өзінің «Қазақстан –2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында былай деп атап өткен болатын: «Ең алдымен, біз қыздарымыздың тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз керек. Олар – болашақ жар, болашақ ана, шаңырақтың шырақшылары». Осылай дей келе, ажырасуға мүлде қарсы екенін мәлімдепті. Меніңше, мұны болдырмас үшін тәрбие құралы саналатын телеарнада – ашық-шашық жүретін бейәдеп бойжеткендерді көрсетуді тоқтату керек. Өркениетті елде аралас неке насихатталмайды. Ал біздің кейбір жекелеген ақпарат құралы бұл мәселеге оңтайлы көзқарас танытпай, түндікті жабулы күйінде қалдырып жүр.
Шүкір, өзім төрт қыз тәрбиелеп өсірдім. Алды тұрмыс құрып, немерелі болдым. Үшіншісі қазір Еуразия ұлттық университетінде білім алуда. Бір қуанарлығы, осы балаларым еңбек пен оқуды ұштастырып, бізге салмақ салған жоқ. Жалпы, Елбасы Жолдауында көрсетілгендей, бала тәрбиелеу – болашаққа жасалған мықты инвестиция. Сол байлығымыздың өркен жаюына үлес қосатын отбасы тәрбиесінің орны ерекше. Ал ананың мейірім шуағын алтынға да теңемес ем.
Бақтыгүл БЕКТАЕВА,
«Монолит» ЖШС қызметкері