«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Аналарға әкімдіктің есігі қашанда ашық

0 145

Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтановтың халыққа есеп беру кездесуінде көптеген қала тұрғындары өздерінің мәселелерін көтеріп, оны шешудің жолын іздеп, пікір алысқан болатын. Сол күні әкім қабылдауына жазылып, жеке жолыққысы келетіндер де көп болды. Қала әкімі олардың бәрін бір күнде тыңдап үлгермей, келесі күні де тұрғындарды қабылдады. Осыны пайдаланған елуге тарта астаналықтар, оның дені көпбалалы аналар басқарма басшылары мен әкімнің қабылдауында болып, мұң-мұқтаждарын жеткізді. Мұндай кездесулер кеше де жалғасын тапты.

Әлеуметтік көмектер қаперде болса…

Кездесуге келген алды алты баладан туған жиырмаға тарта аналардың сөздерін тыңдай келе, осылайша тұжырым жасадық. Олардың көбі өз отбасының тірлігінен артыла алмай қоғам өмірінен оқшауланып қалған. Өздеріндей жандарға көрсетіліп жүрген қамқорлықтардан бейхабар болып шықты. Балаларын кезексіз балабақшаға орналастыру, мүгедек балаларға арналған оңалту орындарының игілігін пайдалану естеріне келмеген немесе хабарсыз қалған, мойны жар бермеген, көбінің кенжелері жетіліп қалса да, жұмыс іздемеген. Жұмыспен қам­ту орталығында маман даярлайтын курстардың жұмыс істеп тұрғанын, біршама жұрттың сол жерден шаштараз, тігінші, аспаз, тағы басқа да қаламыздағы қат кәсіпке үйреніп, шаруасын реттеп жүргенінен хабарсыз екен.
Қала басшысы Бақыт Тұрлыханұлы барлық ана­ның арызын тыңдап, оларды ашық пікірталасқа тарта білгенін айта кету керек. Нәтижесінде аналар ағынан жарылып ойындағысын ақтарып, мәселенің бәрі «қол жетпес» үймен шешілмейтінін, бүгінгі күннің басты мәнін түсініп, балаларына дұрыс тәрбие берудің маңыздылығын түйсінгендей болды.
Осы ретте аналар мектептердегі тегін үйірмелердің жұмысы көңілден шықпайтынын айтты. «Балам домбыраға барады. Сағаттап мұғалімді тосып, ақыры келмеген соң, қайтып кетеді» деп шағым­данды бір ана. Бұл жағдай басқа да білім беру мекемелеріндегі спорт үйір­мелеріне қатысты екен. Жат­тықтырушылардың көпбалалы отбасының тегін баратын баласынан гөрі, ақшасы төленгендердің айналасында үйіріліп жүретіні белгілі болды. Әрине, «күлшелі бала сүймекке жақсы» деген сөз бұрыннан бар. Дегенмен, бұл балалар мүлдем тегін барып жатқан жоқ, олар үшін қалалық бюджеттен қаражат бөлініп отыр. Осыны ескерткен әкім Білім басқармасына тапсырма беріп тегін үйірмелер жұмысын қадағалау қажеттігін айтты. Елордада оқушылардың қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігі де – қаралуы тиісті мәселе. Жақсысы, аналар бұл мүмкіндікке қол жеткізген. Ал шағым айта келген көпбалалы отбасының мүшелері де осындай жеңілдікке ие болса, қала қазынасына көп салмақ болмас деген ойды біз де іштей қостадық. Ең бастысы, мәселе көтерілді, әкім алдына қойылды. Ендігі кезекте бюджетті қайта қарап, сәбилердің жағына шешілсе, бас қаланың атқарып жүрген игі істерінің біріне айналар еді.

Банктер де байқаса екен…

Бір қинағаны, әкім алдына келген аналардың көбі несиеге белшесінен батып, банкке қарызданып қалғандар екен. Қала әкімі, бұл ретте банктердің ісіне араласуға ешқандай құқығы жоғын айтып тү­сіндірді. Десе де, қоғамда банктердің ашкөздігінен жапа шеккендер аз емес, адамдардың, әсіресе, көпбалалы аналардың төлем қабілетіне қарамай жоғары пайызбен қарыз беретіні ойландыруы тиіс. Егер осы мәселе қоғамда көтеріліп жатса, банк иелерінің де құлағына тиіп, қарызға бат­қандардың тәжірибесінен бас­қалары сабақ алса, бұл да – реттелетін шаруа.
Алдында ашуға булығып келген аналар өздерінің жағдайын түсініп, мәселені байыппен талдаған әкімнің байсалды сөздерінен кейін, көңілдері орнығып қалпына келіп, отырыс созыла түсті. Өкінішке қарай, өз кезегін күтіп отырған басқалардың жайын ескеріп, алтын құрсақ аналарымыз жылы қоштасты. Осыдан туындайтын нәрсе, әлеу­меттік жағынан аз қамтылған жандардың мәселесіне үкіметтік емес ұйымдардың назарын аудару керек сияқты. Кейде үй шаруа­сынан бір тынбай шаршаған әйелге де бойын жазып, ойымен бөлісіп, ақылына ақыл қосатын сырлас жанашыр керек. Оған тек көпбалалы аналар түгілі, басқамыз да мұқтажбыз. Осы ретте, зейнеткерлерге арналған мини-­орталықтар, әлеуметтік психологтар, басқа да спорт сарайларындағы ересектерге арналған клубтардың осы бағыттағы жұмысы қызып жатса, көптеген көпбалалы аналардың жүзінен күн күлімдер еді.

Алпыстан асқандарға жұмыс бар

Келесі азаматтың мамандығы – инженер-құрылысшы. Көп жылдар қала құры­лыстарында түрлі қыз­меттерде болған. Соңғы кездері жұмыссыз. Жас болса, алпыстан асып барады. «Жұмыспен қамту орта­лығына барып талай жердің табалдырығын тоздырдым. Алдымен жасымды сұрайды» деді Ш.Өзбеков. Тәжірибелі азамат бұған да мойымапты. Жеке кәсібін ашу үшін жобасын алып басқармаға барған. Бірақ бизнес-­жоспарын өткізе алмаған. Осындай жобаларға әкімдік тарапынан берілетін қолдау­ға қолы жетпеген. Мақсаты жүзеге асса, тым тәуір-ақ. Ш.Өз­беков ерекше техникалық қызмет көрсету орталығын ашқысы келеді. Онда кәнігі шеберлермен бірге көлік иелері де бірлесіп жұмыс істейтін болады. Сонда еңбектің ақысы азайып, әрі көлік иелерінің де жұмыс барысында көп нәрсеге көзі жетіп, сапасын да өзі бағамдай алады. Тартымды ойды жүзеге асыруға қала әкімі де қызығушылық танытты. Мұндай ТҚО бес жылдан бері Ресей қалаларында іске асып, оң нәтижесін беріп жатыр екен. Өзбековтің екінші ойы да қостарға тұрарлық. Фос­фордың қасиетін білетін маман қараңғы қалтарыс­тарда шамның орнына фосфорлы құраммен ауыстырып, электр қуатын көп үнемдеу­ге болатынын айтты. Көшедегі көлденең «ақжолақтарды» да осылайша құюға болады. Осы уақытқа дейін құзырлы басқарма тарапы­нан еленбеген себебін ереже бойынша алдымен мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы аналардың кәсібі қолдау тауып, соларға басымдық берілетінімен түсіндірілді. Алайда тартымды жоба жүзеге асады деп сенеміз.

Үлескерлер үміті үлкен

Бүгінгі күнде үлескерлер мә­се­лесі күн тәртібіндегі күйіп тұрған жайт демесек те, «са­қалды құрылыстардың» айналасындағы әуре-сарсаң азаймай отыр. Осыдан он төрт жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысынан келген Бикамал Қойшанова соңғы он жылында үлескерге берген өз қаражатына салынған тиесілі пәтеріне кіре алмай жүргенін айтты. Сайып келгенде қағазбастылықтан, жиі ауысқан басшылардың салғырттығынан пәтердің қарасы көрінер емес. Содан барлық қағаздарын тексеріп, жағдайын біле келе, пәтердің кілті өз мерзімінен себепсіз кідірілгені анықталды. Көп ұзамай заңды пәтерлері қолдарына тиетінін білген кей­уана «Сендерге де сексеннен асқан жасымды берсін» деп алғысын айтты.
Кеше қала әкімі Бақыт Сұлтанов тағы да қабыл­дауға жазылған қа­уыммен кездесіп, өті­ніш-­арыздарын тыңдап, сұ­рақ­­тарына жауап берді.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды