Аналар тартқан азап

0 97

Ертеде жұрт «азап аралы» деп шошыған Ақмола облысы Целиноград ауданының Ақмол ауылындағы бұрынғы лагерьдің орнында қазір «АЛЖИР» ­мемо­риалды-мұражай кешені орналасқан. Мұны қуғын-сүргін құрбандарына қойылған бірегей ескерткіш деуге болады.Кешен «Сталиндік вагон», «Қасірет қақпасы» монументінен, «Түңілу мен әлсіздік» және «Күрес пен үміт» мүсіндік композициялардан, тікенек сымды лагерь қоршауы мен күзет мұнарасынан, «Көз жасы» стеласынан, «Зерде» қабыр­ғасынан, тұтқын әйелдер тұрған барак пен «АЛЖИР» тұтқындарын балаларынан айыру» диорамасы секілді бірнеше бөлімнен тұрады. Музей жәдігерлері екі қабатқа қойылып, алғашқы «Алаш» залы экспозиция­сы Қазақстанның Ресейдің патшалық империясы құрамына кіргеннен бастап, Кеңестік кезеңді, 1937 жылдағы жаппай қуғын-сүргін бейнесін бедерлейді. Бұл бөлімде тарихтан сыр шерткен мұрағаттық құжаттар, фото-бейне материалдары, жауап алудың хаттамалары, ату жазасына кескен бұйрықтар, қуғын-сүргінге ұшырағандардың жеке істерімен таныс боласыз. «АЛЖИР тұтқындары» деген екінші зал лагерьдің тарихы мен жазықсыз қамалған әйелдерге арналған. Онда олардың өмірі туралы деректер, отбасылық суреттер және жеке заттары мен өздері жасаған бұйымдары қойылған.
– Бүгінде музей қорында он жеті мыңға жуық жәдігер бар. Бұл материалдар бізден басқа Өзбекстан, Ресей, Беларусь, Израиль, Грузия елдеріне барған іссапарда жинақталған мұрағаттық құжаттар мен фотосуреттер, балалардың жазған естеліктері. Сондай-ақ тұтқында отырған Әзиза Рысқұлова, Роза Цыпкина, Клара Брон, Софья Зильбербергтің балаларына жазған хаттары сақталған. Мұражайдағы бірегей жәдігер ретінде тұтқындағы аналарымыздың жартылай шикі нан мен тұздан жасаған миниатюралық мүсінделген жұмыстарын айтсақ болады. Сонымен қатар апалы-сіңлі Ира мен Зоя Новиковалардың халық комиссары Берияға анасын қайтаруды сұрап өтініп жазған хаты жан тебірентеді. «Янина Германовичтің төрт айлық қызы Майяны лагерьде ораған көрпесі мен кестеленген белдігі қо­йылған. Көрпені мұражайға тапсырғанға дейін олар оны ең қымбат отбасылық реликвия тәрізді сақтап келген» дейді «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінің директоры Самат Тергембаев.
Адам атын естісе шошитын тар қапасқа ардақ тұтар асылдарымыздың әйел­дері мен жалпақ жұртқа танымал азаматшалар қамалған. Олардың арасында Әзиза Рысқұлова және оның анасы Арифа Есенғұлова, Дәмеш Жүргенова, Рабиға Асфандиярова, әнші Лидия Русланова, жазушы Галина Серебрякова, жазушы Борис Пильняктың әйелі Кира Андроникашвили, Юрий Трифоновтың әйелі Евгения Лурье, Булат Окуджава мен Майя Плисецкаяның анасы болыпты.
Қазірге дейін алыс және жақын шет елдерде тұратын лагерьде отырғандардың ұрпақтары мұражайға хабарласып тұрады.
Музей құрылған күннен бастап жыр құлагері Ілияс Жансүгіровтің баласы Саят Жансүгіровпен, дыбыссыз киноның актрисасы Рахиль Плисецкаяның баласы Азарий Плисецкиймен, ҚазКСР Денсаулық сақтау халық комиссары Хасен Нұрмұхамедовтің баласы Леон Нұрмұхамедовпен, еліміздегі тұңғыш прокурорлардың бірі Сүлеймен Есқараевтың қызы Мариэтта Есқараевамен, алғашқы банкир Төребек Османовтың қызы Зарема Османовамен байланыс орнатып, олар туралы мәліметтер жинақтаған.
Сондай-ақ мұражайдың негізгі және ғылыми-көмекші қорларының материалдары бойынша «Тағдырларды біріктірген Қазақстан» кітабы, «Елбасының бастамасымен ашылған еді» каталогы, «ALASH – ALZHIR» екі томдық кітабы, «АЛЖИР» тұтқындары мен олардың балаларының «ALJÏR. Qorqinişti tüstey… Kak strashnyi son…», «Ұрпақтар ұмытпайды» атты естелік жинақтары жарық көрген. Бүгінде «АЛЖИР» лагерінде отырғандардың тізімі анықталып, цифрлы мәлімет базасы әзірленуде.
– ГУЛАГ лагерьлері ар­қылы 18 мыңнан астам әйел­дер этаппен өтті, оларды үнемі лагерьден лагерьге ауыстырып отырған. «АЛЖИР»-де бір мезгілде 8 мыңға жуық әйел отырған. Олардың ішінде көбі орыс – 4390 (50 пайыз), еврей – 855 (20 пайыз), украин – 740 (15 пайыз) және 87 қазақ әйелі болды (2 пайыз). Сонымен бірге лагерьде неміс, француз, швед, жапон, норвеж, австрийлік, поляк, грузин, армян, әзербайжан, литов, латыш және т. б. ұлттың әйелдері жазасын өтеген. Осында 600-ге жуық (нақты саны анықталып жатыр) әйел қайтыс болған, – дейді Самат Ілиясұлы.
Былтыр ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының қолдауымен музей қызметкерлері қазан-қараша айында Санкт-Петербург, ­Тель-Авив және Тбилиси қаласына іссапармен барып, лагерьде отыр­ғандардың ұрпақтарымен жүздесіп, олар туралы 500-ге жуық құнды материал­дар жинақтап қайтты.
Ресейдегі «Қайта оралған есімдер» орталығының басшысы Анатолий Разумов кездесу барысында мұражай қорына Қостанайға анасымен бірге он жылға жер аударылған Люция Барташевичтің суретін, шай астындағы қаңылтыр қорапшасын, бисермен кесте тігуге арналған бұйымдары бар ағаш сауытын, қолмен кестеленген жастық тысы мен өзі тоқыған мойын шалмасын тапсырған. Сондай-ақ Санкт-Петербургте тұратын Татьяна Гротованың әжесі мен анасы жайында айтқан әңгімесі де әсерлі. «АЛЖИР» тұтқыны болған Клавдия Августин КАРЛАГ-тан 1943 жылы босатылғаннан кейін қызы Маринамен бірге Целиноградта тұрады. Анам: «Үнемі нан мен май жегіміз келетін» деп айтатын. Оған қандай дәмді тамақ ұсынсам да үнемі нан мен май ғана сұрайтын, ол кісі үшін өмірінің соңына дейін одан дәмді ас болған жоқ» деп шерлі күннің естелігін шертіпті.
Тель-Авив қаласына барған сапарда біздің мамандар «АЛЖИР» тұтқындарының ұрпақтарымен жүздесіп, Корет Бейт тфуцот атындағы еврей халқы музейінде іс-шара ұйымдастырады. Лагерьде болған жанның шөбересі Юлия Анцис өзінің көрмесі мен анасы Татьяна және әжесі Валентина Шевченколардың жазып шығарған «Счастливое детство» атты кітабының таныстырылымын өткізіп, анасының «АЛЖИР»-дің ауыр күндері» деген тақырыпқа салған картиналарын мұражай қорына табыс етті.
Қазір біз сөз етіп отырған кешен – елорданың киелі жер картасына енген қа­сиетті орындардың бірі. Әсіресе, оған ел тұрғындары ғана емес, шетелдік қонақтар да жиі ат басын бұрады. Бүгінге дейін он мыңға жуық шетелдік келіпті. Қорыта айтқанда, «АЛЖИР» мемориалды мұражайы саяси қуғын-сүргін құрбандарына қойылған ескерткіш қана емес, одан сабақ алып, ой түйетін тарих деп айтуға болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

7 + 1 =