Аналар өтінішін тыңдады

0 25

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасарлары Бақтияр Мәкен мен Нұрлан Нұркенов бір топ аналармен кездесіп, олардың өтініштерін тыңдады. Әйелдер тарапынан несиелерін жою, кезектен тыс пәтерлер беру, 1 млн теңге көлемінде ақшалай төлемдер ұсыну, т. б. осы сияқты өтініштер айтылды.

Қазір елордада тұрғын үй кезегінде 48 мың адам тұр. Әлеуметтік пәтерлер тек кезек бойынша беріледі. Б.Мәкен мен Н.Нұркенов аналарға осыны түсіндірді. Әкімдікке келген әйелдер арасында заңға сәйкес бұрын кезек бойынша пәтер алғандар болды. Сондай-ақ келгендердің бәрі бірнеше рет елорда әкімінің қабылдауында болған. Оның қорытындысы бойынша оларға заңнамаға сәйкес барлық қажетті көмек көрсетілген.
Әйелдер Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген «Азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша» заңнамалық актісіне көңілдері толмайтынын айтты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Ерлан Әукенов аналармен кездесіп, олардың ұсыныстарын тыңдады, заңнамалық актілердің нормаларын түсіндірді.
Қазір мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік көмек пен тегін қызметтер көрсетіледі. Ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеушілерге ай сайынғы жәрдемақы, бала күнінен 1-топтағы мүгедекке күтім жасау бойынша ай сайынғы жәрдемақы, оңалтудың техникалық құралдарының 55 түрі беріледі. Санаторий-курорттық емдеу, қалалық көлік маршруттарында тегін жүру жеңілдігі, инватаксиді алу мүмкіндігі бар.
Мүгедек адамдарға (I, II топтар) тіс протездеу қызметтері үшін біржолғы ақшалай төлемдер, атаулы әлеуметтік көмек, қатты отын алуға әлеуметтік көмек беріледі. Елорда әкімдігі өткен жылы ғана бірқатар оңалту орталықтарын салды, жаңа тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарында медициналық орталықтар, оңалту орталықтары ашылуда, инватакси саны 2 есеге ұлғайды. «Үйдегі дәрігер» жобасының 29 нысаны ашылды. Аталған шаралардың бәрі жүйелі негізде жүргізілуде.
2020 жылы елорда әкімі, оның орынбасарлары, басқарма басшылары мен аудан әкімдері 9,5 мыңнан астам азаматты қабылдады. Осы жылдың екі айында мыңға жуық қала тұрғыны қабылдауда болды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen + four =