©2020 Астана Ақшамы
Аналар алқа тақты
Сарыарқа аудандық әкімдігінде 6 және одан да көп бала тәрбиелеген аналар «Алтын алқа» және «Күміс алқа» медальдарымен салтанатты түрде марапатталды. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Алтын алқаны» – 3 және «Күміс алқаны» – 1 ақжаулықты ана тақты. Мемлекеттік наградаларды Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары Сәуле Нұрғожина табыс етті. Асыл жандарды құттықтап, оларға еліміздің қарқынды дамуы мен демографиялық ахуалын жақсарту жолында қосқан сүбелі үлестері үшін алғысын білдірді.
Солардың қатарындағы 38 жастағы Рысалды Досмағанбетова – дүниеге жеті бала әкелген батыр ана. Балаларының алды он сегізде, соңы 1 жаста. «Ана болып, бала сүюдің ыстығы мен суығын сезіндік. Десек те, ел қамын ойлайтын, ұлтжанды азаматтарды өсіріп, жетілдіруді мұрат етеміз. Ана болу қиын болса да, ертеңгі күні соның жемісін көреміз», – дейді көпбалалы ана. Шара соңында ардақты аналар арнайы марапатқа шын жүректен разылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді.
Еркежан СӘТІМБЕК