Анаға тағзым!

0 53

Ескерткіш көпұлтты Кеңестер Одағы халқының елдігі мен ерлігіне сын болған Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына 75 жыл толуына арналды. Тағдырын оққа байлаған ер-азаматтар майданда қан кешіп жүргенде, бақытын соғыс ұрлаған арулар олардың орнын басып, белдері қайыса жүріп еңбек етті, қарттар мен балаларды аман сақтауға, жеңісті жақындатуға баға жетпес үлес қосты.

Өлім мен өмір белдес­кен 1418 күн мен түн! Қаншама әйел қара жамылып, соғыс жесірі атанды. Жарын, әкесін, баласын күтуден жалықпаған, қосағының қара шаңырағын құлатпауды, ар-ұятты ойлаумен таңды атырған асыл аналар қандай құрметке болсын лайық.
Адамзат тарихында Ұлы Отан соғысынан асқан сұрапыл соғыс болған емес. Сол соғыс жылдарындағы аналардың, әкелердің ауыр тағдырын, жеңіске қосқан орасан зор үлесін дәріптеу – біздің перзенттік парызымыз. Соғыс жылдарындағы барлық аналардың қасіретті тағдыры осы қасиетті Қазығұрт тауының етегінде орналасқан «Анаға тағзым!» ескерткішінен көрініс тауып тұр. Өзіңіз анаға зер салыңызшы, өзі отызға жетсе енді жеткен бе, жетпеген бе, бірақ сұм соғыс шашын ағартып, көзіне терең мұң салған. Үстіндегі киіміне көз салыңызшы, сол соғыс жылдарындағы жалпы жұмысшы-колхозшылардың киетін күпәйкесі, белін орамалымен шарт буынып алып, оған орағын қыстырып қойған. Жан-жағына орған бидай масағын баулап жиып қойып, алыстан көз ұшында қарайған бір қарашыққа «әкесі келе жатқан жоқ па екен?» деген үмітпен Батысқа қарай ұзақ көз салуда. Қолындағы баласы да «әкең келе жатыр!» деген анасының сөзіне жұбанып, сонау көз ұшындағы қарайған бір нүктеге «Шынымен, келе жатқан әкем бе?» деген баласының да үлкен үмітінің үзілмеуін тілегіміз келеді. Өткен өмірдің ауыртпалығын естен шығармас үшін бүгінгі және ертеңгі ұрпақ қасиетті аналар мен аталардың қаны, еңбектері мен жеткен жеңісті бағалай жүрсін деп осы ескерткішті орнаттық.
Қоладан құйылған ескерткіштің өзінің биіктігі – 3,5 метр, гранит тастан тұрғызылған тұғырының биіктігі – 7 метр, оның үстіне Қазығұрт тауының етек жағындағы үлкен төбенің үстіне қойылғандықтан, бұл – өте еңселі де алыстан көз тартатын, жер бетіндегі ана атын алған алып тұлғаларға арналған, ұрпақтарының атынан жасалған үлкен құрмет белгісі.
Ескерткішті әспеттеген – мәскеулік мүсінші, ғалым-скульптор, өнертану ғылымының докторы, профессор, Ресей өнертану ғылым академиясының академигі, Ресей халық суретшісі, КСРО және Моңғолия мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты Бурганов Александр Николаевич.
Алапат күндердің жаңғырығы алыста қалса да, біздер соғыс ардагерлері мен тыл ардагерлері болған аналар рухын ардақтап, естен шығармай рухтарына бас иіп, тағзым етуді парыз санаймыз!

Бекет ТҰРҒАРАЕВ, Қазақстанның еңбек  сіңірген қайраткері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine − 8 =