Ана тілсіз асыранды баласың…

0 198

Әбжан Әбілтай 1951 жылы 1 сәуірде Қостанай облысы, Амангелді ауданы, Ақкісі ауылында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.«Қарлығаш» («Жалын», 1983 ж.), «Көктем бояулары» («Жалын», 1988 ж.), «Жүрекжарды» («Жазушы», 2003 ж.), «Жер басып жүрген соң» («Фолиант», 2010 ж.), «Дүние­жалған» («Фолиант», 2011 ж.), «Тіл мен жақ» («Фолиант», 2015 ж.), «Жүрегімнің сүзгісі» («Тоғанай-Т» баспасы) кітаптарының авторы.
«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Әлем әдебиеті» сериясы ауқымында Э.Золяның «Тереза Ракен» романын («Аударма», 2006 ж.), Н.Гогольдің «Тарас Бульба», «Күйме», «Шинель» повестерін («Аударма», 2010 ж.), И.Бродскийдің өлеңдері мен поэмаларын («Орыс поэзиясы, ХХ ғасыр» «Аударма», 2007 ж.) француз социалисі және философы Ж.Прудонның «Кедейшілік экономикалық принцип ретінде», «Меншік дегеніміз не?» деген ғылыми еңбектерін («Қазақстан», 2006 ж.); С.Есениннің, Р.Ғамзатовтың, Е.Евтушенконың, А.Вознесенскийдің, Р.Рождественскийдің, тәжік ақындары К.Насрулло мен Г.Сафиеваның біраз өлеңдерін қазақ тіліне аударған.
1999 жылдан бері астанада тұрады. Әр жылдары ҚР Білім және ғылым, Энергетика және минералдық ресурстар, Мұнай және газ министрліктерінде, кейін ҚР «Атомөнеркәсіп» АҚ-та Мемлекеттік тілді дамыту басқармаларын басқарды.

Сен он жерден данышпан бол,
Бол асыл!
Тағдырыңа таласым жоқ.
Таласым:
Лажсыздан
басқан біреу бауырына,
Ана тілсіз асыранды баласың!

Дала кезіп,
мұхит кешіп,
тау асып,
Жат жұртпенен
жүрсеңдағы жарасып,
Абайсызда енесінің бауырынан
Қалған қозы секілдісің адасып!

Жатырқамай тұра
алмаймын сені мен.
Саған қарап тылсым
мұңға көмілем.
Жетім қозы секілдісің бәрібір
Енесі өліп,
басқа енеге теліген!

АТОМ
ТУРАЛЫ ЖЫР

Елімізге ырыс болғай,
буырқанған бұл атом.
Ей, адамзат, дұрыс қолдан
бұл атомның қуатын!

Шек жоқ қуат-қайратында,
жойқын қару – бұл атом.
Жердің бетін жайратуға
жетіп жатыр бір атым!

Шуақ шашар ойға, қырға
нағыз ырыс – бұл атом.
Жердің бетін жайнатуға
жетіп жатыр бір атым!

Айлар аман болсын алдан
алақайлап шығатын.
Қасіретке қарсы қолдан
бұл атомның қуатын!

АСТАНА.
СОЛТҮСТІК
ШҰҒЫЛА.

Көз тоймайды Астанаға,
бас қалаға ғажайып.
Бұған ұқсас басқа қала
бара жатыр азайып.

Түнгі қала.
Борап тұр күн.
Бозараңдап таң атқан…
Қызығып-ақ қарап тұрмын
қырықыншы қабаттан.

Қыбырлаған жанның бәрін
шалар көзім қырағы.
Бәрі бүкіл қабырғаның
терезеден тұрады.

Көз аштырмай күзгі дауыл
соғады кеп долдана.
Мың бұралған «біздің ауыл»
ырғалады сәл ғана.

Жалғызыңды жарылқай көр,
Жарылқай көр, Жаратқан.
Жерге қарап таңырқаймын
қырықыншы қабаттан.

Машиналар, бір кем қалмай
бір-бірінен, пәтшағар,
әлденеден құр қалғандай
құйғытады атшабар.

Санаңызда сан сұрақ бар.
Өміріңнің өзі үлгі.
Самаладай сансыз оттар
суырады көзіңді.

Өтіп жатыр білінбей күн
алдағыға қол артқан.
Әлдене деп күбірлеймін
қырықыншы қабаттан…

КЕПТЕЛІС

Кінә тіпті жолда емес,
Жол дегенің теп-тегіс.
Бұған қайран болмады еш,
Қарғыс атқыр кептеліс!

Құрсауға алып, ол – ол ма,
Қақ бүйірден қадалып,
Отырғаның салонда,
Отырғаның омалып!

Зерікпеудің айт, емін,
Мерс мінген азамат.
Келісті екен қайтейін,
Астыңдағы қазанат.

Джип мінген батыр қыз,
Демейсің бе бірдеңе.
Қырық минут отырмыз,
Қамалғандай түрмеге.

Қабағымды қарс жауып,
Болмағанда бөтен ел,
Есігіңді тарс жауып,
Жаяу тартып кетер ем!

Өзім де бір батырмын,
Кетем деп ап, кете алмай,
Енді, міне, отырмын
Жетер жерге жете алмай!

Әңгіме айт де, қолқала,
Зеріккенде сөз пысық.
Қаз омырау қалқаға
Қалжың айтып, көз қысып.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 + six =