Ана тілімнің ауырлығы жоқ

0 149

Ізгілік нұрымен сусындауыма көп септігін тигізген – Абайдың қара сөздері. Мейлі, бай болмадым – халқымды дәулетке кенелтпедім, мейлі, оқымысты ғалым болмадым – халқымның сауатын ашатын, бірақ, жүрегінде ізгілік нұры бар адаммын. Мұндай рух маған Абайды оқу арқылы келді. Мені Абай сөздері демеді, қажырландырды, қайраттандырды. Өмірдегі мақсат-мүддемді айқындай түсті. Мақтаным емес, Абайды оқып, осал болмадым. Тығырыққа тірелсем, Абайым еске түседі. Халқым өлең сұраса, Абайымды айтамын. Абайдан ісіме бастау, өзіме тірек таптым.

Бүгінгі жас ұрпақ Абайдан өнеге, наси­хат­ алу қажет. Ал оны жүзеге асыру жалаң уа­ғыз­бен емес, көрер көзге көрікті, көкейге қо­­нымды, мағыналы һәм түсінікті жеткізілуі шарт.

Баланы – жастан. «Жастық шақта ал­ған­ бі­лім – тасқа ойылған нақыш» дейді пай­­ғам­барымыз Мұхаммед (с.ғ.с.). Сол се­беп­ті, өс­­келең буынға Абайды дәріптеу аса қажет. Бұл тек Абай өлеңдерін жатқа оқы­тып, жа­рыс­­­­тыру емес, данышпанды жас жет­кін­шек­­тер­­дің­ өміріне етене енгізген жөн.

Ата-бабаларымыз салмақты сөз, са­ли­­қа­­лы ой айта білді. Одан тараған тек­­­ті ұрпақ неге ата сөзін түсінбеске? Екі­­нің бірі, егіздің сы­ңа­рының ай­­та­­ты­ны: «Абайдың тілі қиын, фи­ло­­со­фия­­сы терең, мәні ауыр». Сөз­ жоқ,­ Абай­ астарлап пайымдаған, олай бол­­­­­­­ма­са, ол қандай ақын, қандай ойшыл, қан­­дай кемеңгер? Қазақ өз тілін ауыр десе, оны басқа ешкім қажет етпейді. Мұндай ниет­­тен айнымасақ, ұрпақ ұлттық қасиетін жо­­ғалтады. Жас жеткіншек хакімнің даналығын қажетіне жаратсын, нақылын түйсін­сін.

Армысың, Абай суреті

Мек­теп. Түс ауған шақ. Соңғы сабақ аяқ­та­лып, оқушылар тарап жатты. Сыныптағы ке­зекшілік маған жетіпті. Досым екеуміз қа­лып, ол тақтаны сүртті, мен сыныпты сыпырдым. Қоқысты бір бұрышқа үйіп, тазалап алып, шелекке салмақ болғанда, көзіме Абай атаның суреті басылған газет шалынды. Әбден мыжып, бүктеп тастаған. Жүрегім зырқ ете түсті. Оны қоқысқа тастай салуға дәтім бармады. Дереу қолыма алып, барынша түзеп, сілкіп, сөмкеме салдым. Қасымдағы досым маған қарап аң-таң:

– Оны не істемексің, әлде, қағаз жинап жүрсің бе? – деп, қағытқан сыңай танытады.

– Ой, көрмедің бе, онда Абай атаның суреті тұр ғой?! – деймін. Досым үсті-үстіне сұрақ қойып, тоқтар емес.

– Сен сонда Абай атаның суреті бар екен деп, барлық баланың лақтырып тастаған газет қиындыларын, қағаздарын жинап жүрмексің бе?

– Иә, жинаймын. Данышпан атамның киесі ұрады, оның жансыз бейнесін табанға таптасам…

– Сен де айтады екенсің! – дейді енді мазақ қылғандай.

– Әттең, кішкентаймын! Осыдан өсейінші! Қолымнан келгенінше бар қазақты Абайдың ақылымен санасуға шақырар едім. Ол үшін көп еңбектенуге бармын.

– Абайдың суреті кездеспейтін жер жоқ. Кітаптарда да, газеттерде де… Бұрында теңгеде де Абайдың бейнесі салынып жүруші еді ғой? Айтпақшы, теңгедегі тұлғалардың суреті не үшін алынып тасталды екен?

– Жақсы-жаман, адал-арам қолдардың бәрінде жүрмесін деп алынды-ау, – деймін ойымды жасырмай.

– Сенікі жөн екен. Мен жеңіл ойлаған екем. Бұдан былай мен де Абай атамыздың суреті басылған қиынды-қағаздарды көрсем, көтере жүретін болам. Себебі, қазақтың Абайы әлем мойындаған ұлы тұлға, – деді досым нық сеніммен.

…Үйге келген соң бағанағы Абай суретінің бүктелген жерін басып, күнделігімнің бірінші бетіне жапсырып қойдым. Бас жағына «Армысың, Абай суреті!» деп жаздым. Ұлы Абайдың суретін көрсем, жан дүнием жаңарып, рухтанып сала кетем.

Жайнагүл ТАМБАЙ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two + ten =