Ана мен баланы қолдайды

0 15

Биыл ана мен баланы қолдау мақсатында 130 млрд теңгеден астам қаражат төленді.Бүгінгі таңда балалы 1,9 млн отбасы әлеуметтік жәрдемақы мен төлем алушылар болып табылады. Ана мен баланы әлеуметтік қолдау әлеуметтік көмек пен әлеуметтік сақтандырудың көп деңгейлі жүйесі арқылы қамтамасыз етіледі және бюджеттен төленетін жәрдемақылардың 5 түрін және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) берілетін 2 төлем түрін қамтиды. Биыл бұл мақсаттарға 756 млрд теңге қарастырылған, бұл өткен жылғы шығындардан 19 пайызға артық.
Бала туғаннан кейін МӘСҚ-тан 1 жасқа дейінгі баланың күтімі бойынша ай сайынғы төлемдер беріледі. 2020 жылдың қорытындысы бойынша оларды жалпы сомасы 106,4 млрд теңгеге 501,6 мың адам алды, бүгінде орташа мөлшері 32 мың теңгені құрайды.
Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табыстан айырылу жағдайына МӘСҚ-тан төленетін әлеуметтік төлем әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын жұмыс істейтін әйелдерге жүктілік және босану бойынша уақытша еңбекке жарамсыздық парағы негізінде тағайындалады.
Осы жылдың І жартыжылдығында аталған біржолғы төлемді 114633 болашақ ана жалпы сомасы 57,3 млрд теңгеге алды. Оның мөлшері соңғы 12 айдағы МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар төленген табыстарға және еңбекке жарамсыздық парағына сәйкес еңбекке жарамсыздық күндерінің санына байланысты болады.
Сондай-ақ осы жылдың І жартыжылдығында МӘСҚ-тан 459217 алушыға жалпы сомасы 73,1 млрд теңгеге 1 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда ай сайынғы әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылды. Бұл төлемнің мөлшері соңғы 2 жыл ішіндегі МӘСҚ-қа әлеуметтік аударымдар төленген орташа айлық табыстың 40 пайызын құрайды. Заңнамада төлемнің ең төменгі мөлшері белгіленген міндетті зейнетақы жарналарының осы сомасына қосымша аударумен 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша ұқсас ай сайынғы мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы деңгейінде. Төлемнің ең жоғары мөлшері – тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен жалақының жеті еселенген мөлшерінің 40 пайызынан аспайды, яғни биыл 119 мың теңге.
Жоғарыда көрсетілген әлеуметтік төлемдердің тағайындалған сомаларынан міндетті зейнетақы жарналары ұсталады және алушының Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы шотына аударылады. МӘСҚ-тан әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәсілдерінің бірі – азаматтар мемлекеттік органдарға жүгінбейтін проактивті формат. Мұндай жағдайларда әйелдің ұялы телефонына төлемдерді ресімдеуге қатысты sms-хабарлама келеді, соған келісім беру қажет. Проактивті қызмет көрсетілетін қызметті алушының ұялы байланысының абоненттік құрылғысының телефон нөмірі электронды үкіметтің egov.kz порталында тіркелген, жұмыс орны бойынша еңбекке жарамсыздық парағын берген және декреттік демалысты ресімдеу туралы ақпараттық жүйелерден мәліметтер алынған, еңбекке жарамсыздық парағы берілген айдың алдындағы айда көрсетілетін қызметті алушыда әлеуметтік аударымдар болған және банк шотының нөмірі көрсетілген жағдайда көрсетіледі.
Сондай-ақ баланың туу туралы куәлігін алғаннан кейін, электронды цифрлық қолтаңба болған жағдайда 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша төлемді электронды үкімет порталы арқылы ресімдеуге болады. Бұл ретте құжаттарды қағаз нысанында беруге ыңғайлы адамдар үшін тұрғылықты жері бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшелері арқылы өтініш берудің дәстүрлі тәсілдері де бар. МӘСҚ-тан төленетін барлық төлемдер туралы толық ақпаратпен www.gfss.kz интернет-ресурста танысуға болады.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five + nine =