Ана бақытты болса, ел де бақытты

Он баланың анасы Гүлшат осылайша ой толғайды

0 28

  Ана болу – бір бақыт. Ал көпбалалы ана атану – нағыз ерлік. Себебі қазіргі уақытта шиеттей бала-шағаны бағып-қағу да оңай емес. Біз бүгін өмірдің ешбір қиындығына да қарамай, өмірге ұрпақ әкелуді аналық борышы санаған батыр ана туралы сөз етпекпіз.Бүгінгі таңда елордалық Гүлшат Жұмағалиева – бес ұл, бес қыз тәрбиелеп отыр­ған бақытты батыр ана. Өзі де көпбалалы отбасынан шыққан Гүлшат талай жыл пәтер жалдап, көптеген тұрмыстық қиындықтарға тап болғандарын күліп еске алды.
– 20 жасымда тұрмысқа шығып, 1 жылдан кейін тұңғышым Бақытбекті дүние­ге әкелдім. Тұңғышымызды алып 1999 жылы елордаға көшіп келіп, пәтер жалдап тұрдық. Жолдасым Мақсат Құттығожин – құрылыс саласының маманы. Келген соң 1 жылдан кейін екіншім Нұрайым дүниеге келді. Балаларымның арасы 2 жастан. Алғашында табысымыз ішіп-жемнен, пәтер­ақыдан аспайтын. Көңілге демеу боларлығы – күйеу­ім өте балажан. Бір баласына нұқып, зекіп сөйлеген емес. Өте ақкөңіл. Бәріне мейірімді көзбен қарайды. Көмек қолын созуға дайын. Алла маған осындай жар кездестіргеніне қуанамын, – деп Гүлшат Абсалыққызы жолдасына ризашылығын да білдірді.
Бала тәрбиесіне үлкен мән беретін отбасы олардың тәрбиелі, өнегелі болып өсуіне отбасы мен өскен ортасының тигізетін әсері мол екенін айтады. «Менің ойымша, бала тәрбиесі – үлкен ғылым. Отағасының айтуымен, біржола бала тәрбиесіне мән бердік» деді Гүлшат ана. Әрине, тек балаға алатын жәрдемақыға қарап қалмау керек екенін түсініп, үйде отырып тігін тігіп, тоқыма тоқуды өзіне кәсіп етіпті. 2008 жылдан бастап үй кезегіне тұрады. 20 жылдай пәтер азабын тартқан отбасы 2019 жылы кезегі келіп көптен күткен пәтерлерінің кілтін алады. 2019 жылы 3 бөлмелі пәтеріміздің кілтін қолымызға алғанда қуанышымызда шек болмады. Сол сәтте көрген барлық қиындықтарымыз ұмытылып, тек күліп еске алдық» дейді ана.
Қазақта «Отбасы – ошақ қасы» деген қасиетті ұғым бар. Бір оттың басына жиналғандардың от жылуын сезінгені секілді, отбасындағы жандар да мейірім, қамқорлық сынды жан жылуына ортақ бөленері сөзсіз. Бүгінгі таңда Ұлжан есімді келінін түсіріп, Ерсін есімді күйеу баласына қызын сеніп тапсырып, бақытты ене атанып отыр­ған Гүлшат Абсалық­қызы­ балаларының көпшіл, бір-бірімен тату бауырмал болып өсіп келе жатқанына қуанады. Әрі балалары шетінен өнерлі. Бақытбек, Кәусар ән айтса, Нұрайым шебер тігінші, Аян сурет салып, Рамазан баласы спортпен айналысып жүр.
– Аллаға шүкір, бақыттымыз! Барлығы балаларымның несібесі деп білемін. Тәуелсіз елімізде, әсіресе, ана мен баланы әлеуметтік қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыты деп, оған зор мән бергеніне ризамын. Елбасымызға, Президентімізге, мемлекетіміздің қолдауына алғысымыз шексіз. Барлық аналарды мерекемен құттықтаймын, ана бақытын тілеймін! Еліміз көркейіп, халқымыз көбейе берсін! – деп Гүлшат Жұмағалиева жылы лебізін білдірді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды