«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ана аманатын ақтаған

0 193

Мен осы мекеменің табалдырығынан аттағаныма екі айдан енді ғана асты. Мекеменің атауы – Астана қаласы әкімдігінің «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

Мекеменің көп жылдан бергі, атап айтқанда, 2003 жылдан бастап директоры, бүгінде зейнеткерлік жасқа толып отырған Кенжеболат Сапарұлы Бәпішев – өзі іргесін қаласқан абыройлы мекеменің «ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген азамат». Еңбек жолын ұстаздықтан бастап, мектеп директорлығын атқарып көрген жігіттің бірден қарттар мен мүгедектер үйінің директорлығына қадам басуы тәуекелдің ісі еді. Мәселе мұның бір қол жетпейтін мансап екендігінде емес, ұстаздық пен тәлімгерліктің сан алуан мектебінен өткен, өмірдің сан алуан тауқыметін тартып, арып-ашқан, әбден қажыған, шаршаған, көпті көрген қарт адамдардың алдында ұстаздық көрсету дегеніңіз қиынның қиыны болатын. Осында тап бүгінгі күні өмір сүріп жатқан 334 адамның 334 түрлі проблемасы бар.
Кенжеболат Сапарұлы тағдыры сан түрлі тәлкекке ұшы­раған кәріп жандардың біріне аға, біріне іні болғанымен, бәріміз үшін ол – әкедей. Өйткені ол Ұлы Отан соғы­сының ардагерлеріне де, соларға теңестірілгендерге де, соғыс кезінде тылда еңбек еткен ардагерлерге де, жастай арбаға таңылған боздақтарға да қамқоршы бола білді.
Кенжекең осы жұмысқа кіріспес бұрын ақыл сұрай барғанда анасының: «Балам, сендер мені бағып-қағып, бар жағдайымды жасап отырсыңдар. Сен үлкен жауапкершілікті талап ететін ауыр жұмысқа бет алған екенсің. Мен бір аманат айтайын, жарығым: «Егер сол кісілерді мені күткендей күте алсаң, онда сол жұмысқа бар. Егер істей алмасаң, доғар» дегені бар. Құдайға шүкір, Кенжеболат Сапарұлы анасының осы аманатын мінсіз атқарып келеді. Бұған оның Үкімет тарапынан, министрліктер мен қалалық әкімдік тарапынан алған наградалары, марапат хаттары мен алғыс куәліктері айғақ бола алады. Оның бәрін тізбектеп жатпадық.
Жалпы саны 400 адамға арналған бұл мекемеде қазір штат бойынша 220 адам жұмыс істейді. Олардың қатарында санитарлар да, дәрігерлер де, әлеуметтік қызмет көрсету сала­сының қызметкерлері де, психологтар да, медбикелер де, күтушілер де бар. Бәрінің жұмыстары бастарынан асады. Төсек тартып жатқан I және II топтағы мүгедектерге бес мезгіл ас дайындау, тамақтандыру, ыдыс-аяқтарын жуу, төсек орындарын ауыстырып тұру, бөлмелерін мұнтаздай қып тазалау, өздігінен жүре алмайтындарды арбаға отырғызып серуендету, үсті-бастарын тазалап, жуындырып-киіндіру, аяқ астынан ауырып қалғандай болса, жедел жәрдем шақыртып, емханаға алып барып, алып келу, тіпті жаман айтпай жақсы жоқ, көз жұма қалса, мәйітханаға алып бару – осы жоғарыдағы аталған қызмет көрсе­тушілердің мойнында. Осының бәрі дархан жүректі басшының асқан кішіпейілділігін, қайырымдылығын, кеңдігін, қарапайымдылығын көрсетсе керек. «Жиналыс залына, асханаға тәуір киімдеріңмен барыңдар. Даяшыларға таңертең – «Қайырлы таң!», ас ішкен соң «дәм-тұздарыңызға рақмет» деуді ұмытпаңыздар» деп ескертіп отыратынын талай рет естідім. Иә, бір ауыз жылы сөздің өзі жаныңа жылу береді.
«Шарапат» орталығы бес блоктан: әкімшілік-басқару блогі, «Б» блогі, «В» блогі, «Г» блогі мен «Д» блоктерінен тұрады. Бәрінің асханасы ортақ болғанымен, әр блоктің, әр қабаттағы тұрғындардың өз қонақ бөлмелері, өздерінше ас дайындап ішетін орындары тағы бар. Мұнда кірген адам бір-бірімен жалғасқан осы блоктердің бәрін аралап шыға алады. Әр блогыңыз – үш қабатты үй. Олардан басқа мәжіліс залы, кітапхана, киім тігетін шеберхана, шаштараз, спорт залы, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, бильярд үстелдері, дәрігерлік кабинеттер, хош иісті өсімдіктер өсіп тұрған зал тағы бар.
Енді осының бәрін үйлестіріп отырған әкімшілік қызметкерлерін атап өткеннің еш артықтығы болмас деп ойлаймын. Бұл ретте директордың әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары Ардақ Бейсенбайқызы Сейітова­ны, директордың әкімшілік және шаруашылық жөніндегі орынбасары Жанар Нұркешқызы Есенаманованы, медицина бөлімінің меңгерушісі Болатбек Мұсахановтың табанды да тыңғылықты жұмысы ерекше атап өтуге лайық.
Ал Астанадағы қалалық, аудандық әкімдіктермен, әртүрлі мәдениет ошақтарымен, оқу орындарымен тынымсыз байланыс жасап, көңілді серуендер, тәлімгерлік кездесулер, ойын-сауықтар ұйымдастыруда алдарына жан салмайтын, жұмысқа бар ықыласымен берілген әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман Сәуле Қазбекқызы Қайырованы, күн демей, түн демей тыным көрмейтін санитарлар Зәуреш Ержанованы, Қаламқас Байдаулетованы, Сәуле Садвакасованы, Әзиза Махметованы қалай мақтасаң да артық болмайды. Әңгіме мақтауда емес, мақтауға лайықты іс атқарып жүргендіктерінде болып отыр-ау.
Ал енді осы үйдің дүние жиһаз­дарынан бастап төсек орындарына дейін түгендеп, бүтіндеп, қамтамасыз етіп отыратын Айдана Есщанова мен оның орнын жаңа ғана басқан Марал Жунусованың еңбектері мүлдем бөлек. Барыңды жарастырып, жоғыңды тауып беріп отыратындар да осылар.
«Шарапат» әлеуметтік үйінің өмір­ден көп қағажу көріп, үміттері үзілуге шақ қалған бейкүнә жандарға жасап отырған жақсылықтарының бәрін айтып жеткізу мүмкін емес. Мәселен, күндізді қойып, түнімен шекара күзеткен сақшылардай көз ілмей қызмет ететін медбикелер Наташа Шаймерденова мен Нұргүл Найыпованың еңбегіне риза боласың.
Әлеуметтік қызмет көрсету орта­лығы болғандықтан, бұдан екі ай бұрын мұнда келудің жеңілдетілген жаңа түрі ашылды. Ол күндізгі жартылай стационар деп аталады. Мекемеге орналасқан қария таңертең келіп, кешкісін қайтып кетеді. Үш мезгіл тамағын осында ішіп, тұрғындарға көрсетілетін қызмет түрлерін түгелдей қабылдайды, уақыт­тарын қызғылықты өткізеді.
Мұнда, басқаны айтпағанда, кешегі қуғын-сүргін құрбандары да пана тауып отыр. Айтып отырса, олардың бастан кешірген қасіретін жұмыр басты адамға бермесін. Кенжеболат Сапарұлы басқаратын ұжым соның бәріне асқан қамқорлықпен, жауапкершілікпен қарайды.
Баяғыда анасының айтқан аманаты да осы емес пе еді?! Жаны жаралы, жүрегі шаршаулы қарттарды, кембағалдарды мені күткендей күте біл, демеу бол демеп пе еді? Кенжеболат Сапарұлы анасының осы өсиетін ұмытпай, бойтұмардай сақтап, толы­ғымен ақтап жүр.

Мәткерім ӘКІМЖАНОВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды