ӘН ӘУЕЛЕТІП, КҮЙ КҮМБІРЛЕТКЕН…

0 261

IMG_0244

Астана мемлекеттік филармониясы 1997 жылы құрылғаны белгілі. Жылдан-жылға атағы дәуірлеп, шығармашылық мүмкіндіктерімен үлкен белестерді бағындырып келе жатқан өнер ордасына 15 ұжым топтасқан. Солардың бірі – халық аспаптар оркестрі туралы бүгін оның көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымов әңгімелейді.

–  Оркестрдің еңбек жолына қыс­қаша тоқталсаңыз?

– Оркестрдің өмірге келуіне мұрын­дық болған – композитор Төлеген Мұхамеджанов. Ол ҚР Еңбегі сіңген қайраткері Мырзағали Айдаболовты астаналық  оркестрді басқаруға ша­қы­рып, 1998 жылдың 7 сәуірінде «Кон­гресс-холл» сарайында ор­кестр­дің алғашқы тұсаукесер кон­церті өтті. Өнер ұжымы­ның халық алдында керемет өнер көр­се­туіне сол кезде ҚР Еңбегі сіңген ар­тисі Тұрар Әліпбаев, Мемлекеттік «Дарын» жастар сый­лығының иегері Анар Мұздаханова, халықаралық және рес­пуб­ликалық конкурстардың лауреат­тары Кенжегүл Мұсаева, Ботагөз Тә­ші­мова, Қажымұқан Оразбақов, Құрманғазы атындағы Ұлт­тық консерваторияның және Қазақ ұлттық өнер уни­вер­ситетінің дарынды түлектері белсене  атсалысты. Содан бергі он бес-он алты жылда оркестр үлкен табыстарға жетті.

– Бүгінгі жетістіктер туралы айт­саңыз?

– Бүгінгі күнде ұжымның репертуарында қазақтың халық композиторлары Ықыластың, Сүгірдің, Қорқыттың, Құр­­манғазының, Дәулеткерейдің, Дина Нұрпейісованың, Түркештің, Тәттім­беттің, Ахмет Жұбановтың, Евгений Брусиловскийдің, Мұқан Төлебаевтың, Нұрғиса Тілендиевтің, Латиф Хамидидің, Кенжебек Күміс­бековтің, Балнұр Қыдырбек және тағы басқа компози­торлардың  шығар­малары бар.

Өзіңіз оркестрге қашан келдіңіз?

– Мен 1991-96 жылдары Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері болдым. Астанаға 2008 жылы қала әкімдігінің шақыруымен келдім.

1978 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын дирижер, домбыра мамандықтары бойынша бітірген соң осы салада үздіксіз еңбек етіп келемін.

Гастрольдік сапармен АҚШ, Жапо­ния, Италия, Австрия, Франция, Норвегия, Түркия, Куба, Чехословакия, Қытай елдерінде болдым. 2007 жылы ұлым Арман екеуміз «Бейбарыс сұлтан» операсын жаздық (Либреттосын жазған Ұлықбек Есдәулет).

Сонымен қатар, «Ереуіл атқа ер салмай» (халық аспаптар оркестріне арнал­ған күй-поэма), «Шалқыма» (Домбыра мен оркестрге арналған концерттік күй), «Толғау» (қобыз бен оркестрге арналған поэма), «Балдәурен» (домбыра мен фор­тепианоға арналған үш бөлімді концертино), тағы басқа да ондаған романс, әндерім, отызға жуық күй мен пьесаларым бар.

Алдағы жоспарға келсек, 6 желтоқсан күні «Қорқыт» театрландырылған музыкалық қойылымы ұсынылып, 20 желтоқсанда Құрманғазы бабамыздың 190 жылдығына «Конгресс холда» үлкен концерт беріледі.

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one − 1 =