Ән әсері – Әсел

0 287

Көрнекті композитор, жазушы-публицист, музыкатанушы, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері Илья Жақановтың әндері әнсүйер қауымның жүрегіне ұялаған. Жазылғанына қанша жыл өтсе де, «Еділ мен Жайық», «Жайлаукөл кештері», «Асылым», «Ағады, Жайық, ағады», т. б. туындыларын халық шырқап келе жатыр. Тіпті сүйікті әндері құрметіне перзенттерін атаған адамдар да бар. Мәселен, композитордың «Әселім – әнім» туындысының әсерімен қаншама қыз балаға Әсел есімі қойылды.Илья Жақанов 200-ден астам ән жазды. Соның ішінде бірнеше цикл бар. Атап айтқанда, әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Жәмилә», «Қош бол, Гүлсары», «Шынарым менің, шырайлым менің» повестерінен «Даниярдың әні», «Жәмиләнің әні», «Асылым», «Бибіжан», «Әселім – әнім» әндері туындады.

Жазушы Толымбек Әбдірайым «Ағыл-тегіл» атты кітабында Жақанов әндерінің туу тарихын тарқатып шыққан. Оның жазуынша, «Әселім – әнім» 1966 жылдың қазан айында Қырғызстанның Рыбачье қаласында туды.

«…Сол күні қатты дауыл тұрып, Ыстықкөлдің асау толқындарының астан-кестені шығып, аласапыран күйде болатын. Көлдің жағасынан әрлі-берлі өтіп жүргенде қалай байқамаған, осынау көрініс әсершіл Ильяны толқытып, жеңіл машинаның жүргізушісіне сәл уақытқа тоқтауын өтінді. Шынында, жел аса қатты соғып тұр еді. Көл тас-талқан болып бүлініп жатыр. Құдды Шыңғыс Айтматовтың «Шынарым менің, шырайлым менің» повесінің бас кейіпкері Ілияс секілді соны мінез танытып, толқындары көкке шапшып жатқан көлге көзін талдыра сарылып, ұз-а-а-қ қарады. Повестің эпилогындағы: «Кететін күні көлдің жағасына, сол баяғы құлама жарқабаққа тағы бардым. Тянь-Шань тауымен, өзімнің Ыстықкөліммен кош­тастым. Қош бол, менің Ыстықкөлім, таусылмас ән-жырым!.. Қош бол, Әсел! Қош бол, қызыл желек жамылған, жел тербеткен шынарым! Қош бол, адал махаббатым! Бақытты бол!..» деген жолдар толқып, шабыттанып тұрған композиторға қатты әсер етіп, сол сәтте «Әселім» дүниеге келді» деп жазады жазушы. Бірақ бұл туынды жеті жылдан кейін ғана, яғни 1973 жылы Қазақ радиосынан берілгеннен соң халық арасына тарала бастады.

Қарағанды облысы Теңіз ауданына қарасты Отарбай ауылының бригадирі Қалкен Әбілдәұлы осы әнді алғаш естігеннен-ақ ұнатып қалды. Содан жиі ыңылдайтынды шығарды. 1979 жылдың ақпанында қызы дүние­ге келді. Әннің әсерімен қуанышы қойнына сыймаған әке перзентіне Әселім есімін қойып жіберді.

– Анам Айтжамал мені аудан орталығы Баршын кентінде босанды. Туғанымда туысқандар тарапынан Әсемгүл, Әсем есімдері ұсынылды. Бірақ әкем Илья атамыздың әнін жақсы көргендіктен, Әселім деп қойды. Бір қызығы, бала күнімде есімім Әселім екенін білмейтінмін. Бәрі мені Әсем деп атайтын. Үшінші сыныпта оқығанда ғана шын атымды білдім. Анамның сандығын ақтарған болуым керек, сол жерден туу туралы куәлігімді тауып алып жаңалық ашқандай болдым. Содан соң ата-анама: «Неге мені өз Әселім есімімен атамайсыздар?» дедім. Шынымды айтсам, өз есімім өзіме ұнап қалды. Сөйтіп туғанымда қойылған есімімді қайтарып алғандай едім, – дейді бүгіндері «ТДК-42» телеарнасының тілшісі Әселім Әбілдинова.

– 1986 жылдың қаңтар айында композитор Илья Жақанов Қарағанды облысы Балқантау баурайындағы Егіндібұлақ ауылына сапармен келді. Туған нағашым, ақын, журналист Кәрім Сауғабаевпен бірге атам Төлеуханның шаңырағында қонақта болды. Сол отырыста «Әселім – әнім» әні бірнеше рет орындалды. Екінші күні мен дүниеге келдім. Содан бұл ән тегін орындалмаған екен ғой деп атымды Әсел деп қойды. Композитор үй ішімізге кітабын сыйға тартып, батасын беріп кетті, – дейді елорда тұрғыны Әсел Рымтаева.

Осындай елге сүйікті әндерді тудырған көрнекті композитор бүгін мерейлі 85 жасқа толып тұр. Илья Жақановты мерейтойымен құттықтап, оған ұзақ ғұмыр тілейміз!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five + 2 =