«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Аммандағы Астана көшесі

0 190

Елорда басшысы Бақыт Сұлтанов Иордания астанасы Амманға барды. Сапар барысында қала көшелерінің біріне Астана атауы берілді. Бұл салтанатты шараға елорда әкімімен бірге Амманның мэрі Юсуф әл-Шауариба қатысты.

Астана әкімі Б.Сұлтанов Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Иордания королі ІІ Абдолла арасындағы дос­тық қарым-қатынастың өзгелерге үлгі екендігін тілге тиек етті. Сондай-ақ ол амман­дықтардың Елбасыға деген ықыласы үшін өз алғысын білдірді. 2010 жылы Иордания астанасындағы орталық көшелердің біріне Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілген болатын.
– Шауариба мырзамен бірге Нұрсұлтан Назарбаев атындағы көшеде болып, оның дамуын көріп қайттық. Ал енді Қазақстан астанасының атымен аталатын көшені ашып отырмыз. Бұл оқиға жас Астананың 20 жылдығына тұспа-тұс келіп отыр. Ол біздің қалалар мен елдердің тұрғындары арасындағы қарым-қатынастың нығая түсуіне жаңа импульс беретініне сенемін, – деді елорда әкімі.
Мұнымен қоса осы кездесу барысында Астана әкімі мен Амман мэрі екі елдің алдағы уақыттағы ынтымақтастығының әлеуетін талқылады. Елорда басшысының айтуынша, аталмыш іссапар урбанистикалық даму саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға зор мүмкіндік береді. Амманда көлік, көгалдандыру, құрылыс, смарт-технологиялар, әкімшілік үрдістерді жеңілдету, автоматтандыру, бизнес-­ортаны жақсарту салаларында көптеген ірі реформалар мен жобалар жүзеге асырылып жатыр. Астанада да осы бағыттардағы жұмыс белсенді жүргізілуде. Сондықтан екі астананың бір-бірінен үйренері аз болмасы анық. Басқосу кезінде Б.Сұлтанов Амман мэріне жыл басынан бері халықаралық «Астана» қаржы орталығының жұмыс істеп жатқанын да айтып, иорданиялық бизнесмендерді соның жұмысына қатысуға шақырды.
Естеріңізге салсақ, 2012 жылдың қаңтарында Астанада Иорданияның бұрынғы Королі марқұм Хусейн бен Талалдың құрметіне көше атауы берілген-ді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды