©2020 Астана Ақшамы
Америка төбесіне көтерген аят
Гарвард университетіндегі заң факультетінің орталық кіреберісіне Құран Кәрімдегі «Ниса» сүресінің аяттарын іліп қойғандығы жайлы ақпарат интернеттегі ең көп оқылған мақалаға айналды. Мақаладағы деректерге сүйенсек, атағынан ат үркетін жоғары оқу орнының бұл қадамын Ислам дұшпандары сынға алып, өре түрегелген.
Кіреберістегі Құран аяты жазылған плакатты Сауд Арабиясының тумасы, Гарвард университетінің студенті Абдолла Жұма (Abdullah Jumma) суретке түсіріп алып, оны Твидтердегі өзінің парақшасына орналастырған көрінеді. Ақпар осыдан жайылған.
Факультеттің кіреберісіне ілінген аяттың тәржімасы былай: «Әй мүміндер! Алла алдында куәлік еткенде, тіпті, өздеріңе, әке-шешелеріңе және жақындарыңа кесірі тисе де, әділдікті берік ұстаныңдар. Ол бай болса да, кедей болса да, Алла олардың жағдайын сенен жақсы біледі. Нәпсілеріңе еріп әділдіктен таймаңдар. Егер жалған айтып, шындықтан ауытқысаңдар, Алла бәрібір не істегендеріңді толық біліп тұрады» (Құран, 4:135). Рас екен. Ерінбей-жалықпай, Алланың сөзін адамға қате таратпайық деген ниетпен Құранды ақтарып шықтық. «Ниса» сүресінің 135-аяты Халифа Алтайдың аудармасы бойынша дәл осындай мағынада. Тек бұл жерде сөйлемді бүгінгі сөйлеу тілімізге бейімдепті. Жөн көрдік. Ұғынықты болсын дегендері шығар.
Өре түрегелді деп отырған кісіміз атышулы, Ислам дініне қарсы талай науқанға ұйытқы болған атышулы Памела Геллер Құран мәтіндері мен ислам ғалымдарының түсіндірмелерінен үзінді келтіріп, өз уәжін алға тартқан. Сондағы айтпағы шариғат талаптары америкалық заңмен үш қайнаса сорпасы қосылмайды.
«Конституция секілді батыс құндылықтары жеке тұлғаның құқығын қорғауға негізделген. Ал, Ислам заңы бұған мүлдем кереғар» депті Геллер.
Біржақты, сыңар езу түсінікке бой алдырған Геллер мұнымен ғана шектелмей, шариғатқа «адам өмірінің барлық қырын қамтитын, мұсылман еместерге билік жүргізу үшін құрылған жан-жақты құқық жүйесі» деп баға беріпті.
Сондай-ақ, «мұсылман еместерді, ең алдымен еврейлер мен христиандарды кемсіту Құранның «әділдік таразысының» ажырамас бөлігі болып табылады» деп сандалған. «Иегінің астынан арғыны көре алмайтын Гарвард заң мектебінің өкілдері мұны білмейтін шығар немесе оларға бәрібір ме?» деп көсемсіген.
Гарвард университетінің іргетасы 1636 жылы Массачусетс штатындағы Кембриджде қаланған. Гарвард – АҚШ-тағы ең көне, атақ-абыройы жағынан да алдына қара салмаған жоғары оқу орны. Олар Құран аятын маңдайшасына білместікпен іліп қойды десеңіз, қатты қателесесіз! Бұл – біздің ойымыз.
Ал әлгі Памела Геллер – өзін-өзі адам құқығын қорғаушымын деп жариялаған адам екен. Әрі «Американы ислам еліне айналдыруды тоқтатайық» (Stop Islamization of America) деген орталықтың директоры деседі.
Ербол ЖАНАТ