АМБУЛАТОРЛЫ ҚАҒАЗ КАРТАЛАР ЭЛЕКТРОНДЫ­ ЖҮЙЕГЕ КӨШІРІЛДІ

0 146

Қорлан ҚАБДЫРОВА, Астана қаласы №3 қалалық емханасының бас дәрігері 

– Қайырлы күн, Қорлан Болатқызы?! №3 емханада денсаулық сақтаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі қалай енгізілуде?
– Бұл бағытта біздің емханада дәрігер қабыл­дауына алдын ала электрондық жазы­лу­ жүргізілуде. Қазір амбулаторлы қағаз кар­та­лар электронды жүйеге көшірілген. Со­ның нәтижесіне тіркеу орнындағы қыз­мет­ көрсетудің уақыт үнемділігі екі есеге кө­те­рілді.

– Атым – Салтанат. Бүгінгі таңда қаламыздағы емдеу мекемелері ден­сау­лық сақтау қызметкерлеріне зәру дегенді газеттер мен телеарналардағы хабарлардан жиі оқып, көріп жүрміз. Сіздің емхананың кадрлармен толықтырылуы қан­дай дәрежеде?
– Біздің емхана дәрігерлермен 78 па-йыз қамтамасыз етілген. Соның ішінде аймақтық дәрігерлер – 92 пайыз, медбикелер – 93 пайыз­ және аймақтық медбикелер –100 пайыз.­ Өткен 2012 жылы профильді маман­дар­ жетіс­пеушілік мәселесін шешу үшін Ас­та­на­ Ме­д­и­ци­на­лық университетінің жәр­­мең­­ке­­сі­нен кейін емханаға 15 жас маман жұ­мыс­қа алынды, олардың 5-еуі травматолог,­ кардио­лог,­ гастроэнтеролог, УДС және функ­цио­нал­­дық диагностик мамандары бойынша қай­та даярлыққа жіберілді.

– Еуразия ұлттық университетінің студенттеріне осы оқу ордасы­ жа­нын­­да­ғы медициналық орталық­та­ қыз­мет­ көрсетіледі дегенді естіп едік. Сол рас­ па?
– Иә, бұл біздің емхананың жұмысын 1,5 есеге жеңілдетті. Жыл сайын қала хал­қы­ның өсуіне байланысты студенттік ем­ха­наға бекіту орташа есеппен 5-6 пайызға жо­ға­ры­ла­ды. Себебі, Астанада соңғы жылдары жаңа оқу орындары көптеп ашылуда, соның нәтижесінде оқушылар мен студенттер са­ны­ көбеюде. Әрине, бұл ретте Республи­ка­­ даң­ғы­лы 56 және Біржан сал көшесі 1 ғи­ма­рат­та­рын­дағы емхананың ашылуы бар­лық­ мә­се­лені шешкен жоқ. Осыған бай­ла­ныс­ты Астана қаласы Денсаулық сақ­тау­ бас­қармасы Еуразия Ұлттық уни­вер­­си­те­тімен 418 шаршы метр алаңды ме­ди­­ци­на­лық орталыққа тегін пайдалану үш­ін меморандум бекітіп, онда 5 аймақтың 11787 студенті ауыстырылды. Мұнда 4 ай­мақ­тық терапевт қабылдайды, 2 акушер­-ги­не­ко­лог, зертхана, ультрадыбыстық жә­не­ элек­тро­кар­дио­гра­фи­ялық­ зерт­теулер кабинеті жұмыс істейді.

– Менің қызым колледжде оқиды және ол вирустық аурулармен өте жиі­ ауырады. Тұмауға қарсы тегін егі­луге бола ма?
– Иммунопрофилактика Қазақстан Рес­пуб­­ликасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 жел­тоқ­сандағы «Қарсы профилактикалық егу жүргізілетін аурулардың тізбесін, оларды жүргізу ережесін және халықтың жоспарлы егілуге жатқызылатын топтарын бекіту тура­лы»­ №2295 қаулысына сәйкес жүргізіледі. Ал, тұмауға қарсы егу бұл тізімге кірмейді. Сон­дықтан, сіз лицензиясы бар аймақтық ем­ханада немесе жеке орталықта ақылы не­гіз­де ғана егіле аласыз.

– Қаламыздағы барлық емханада денсаулық орталықтарының бар екенінен хабардармыз. Осындай орталықтар сіздің емхнада да ашылған ба?
– Иә, 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Казақстан» Денсаулық сақтау дамуының мемлекеттік бағдарламасын және Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауын жүзеге асыру жөнінде іс-шара жоспарын орындау мақсатында, «Жас толқын» денсаулық жастар орталығы және алдын алу мен әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімшелері қызмет етеді. Психолог­тар­, әлеуметтік қызметкерлер СӨС мамандары дәрігерлермен бірлесе отырып, тре­нинг­тер, акциялар, дөңгелек үстелдер, студенттерге сауалнама жүргізу, оқу орындарында жастардың достық комитетімен жұмыс істейді, отбасын құру мәселесі бойынша кеңестер, ұрпақ көру мәселесі, контрацепцияның заманауи әдістері, жы­ныс­тық­­ қа­ты­нас­тан жұғатын аурулар, АИ­ТВ­ бойынша медико-әлеуметтік көмек көр­сетеді.

– Мен – студентпін. Сіздердің меди­ци­налық ұйымға тіркелуіме бола ма?
– Иә, әрине. Бірақ, кәсіби лицей, кол­ледж оқушылары және жоғары оқу орнының күндізгі бөлім студенттері бірінші басшысының, яғни, директордың немесе ректордың қолы қойылған тізімге сәйкес, біздің емханаға тіркеле алады.
Жалпы, емханамызда медициналық ұй­ым­ға бекіту, дәрігер қабылдауына жазы­лу, веб-сайт бойынша үйге дәрігер шақыру секілді мемлекеттік қызмет түрлері көр­се­тіледі. Ол үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарынан тіркеуден өтіп, веб-сайтқа қолжетімділікке кілт алу қажет.

– Аңдамай жүріп, жастықпен ал­дан­­дым. Аяғымның ауыр екенін ес­ті­ген­нен кейін жігітім мүлде хабарсыз кетті. Өзім студентпін. Айтыңызшы, сіз­дер­дің емханаларыңызда түсік жасатуыма бола ма?
– Жоқ, біздің емханада түсік жасалмайды. Мезгілсіз жүктілік кезінде акушер-гинеколог 11 аптаға дейін сырқат адамды стационарға жібереді. Жүктіліктің 21 аптасына дейін комиссия әлеуметтік және медициналық көрсеткіштер бойынша шешім қабылдайды. Өйткені, түсіктен кейін асқынулар болуы мүмкін, жүктіліктің алдын алған және кон­тра­цеп­ция­ның жаңа әдістерін қолданған жөн.

– Студент інімнің кемістігі бар.­ Жұмысқа тұру ниетімен меди­ци­на-лық­ тексерістен өту үшін емханаға барса, денсаулық сақтау қызметкері ақы төлеуін талап етіпті. Сонда сіздерде кем­тар­ студенттерге арналған жеңілдіктер қа­рас­ты­рылмаған ба?
– Өкінішке қарай, кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі тізімінде ондай жеңілдіктер қарастырылмаған, сондықтан ,18 жастан асқандар медициналық тексерістен ақылы түрде өтеді.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − fifteen =