©2020 Астана Ақшамы
ӘМБЕБАП КЕРЕУЕТ
Астаналық дәрігер Марат Сүлейменовтің гинекология саласындағы бұл жаңалығы қоғамды біраз сілкіндіріп тастаған тәрізді. Соңғы кезде ол туралы жиі айтылып, жиі жазылып жүр.
Гинеколог маман әйелдердің жеңіл босануына мүмкіндік туғызатын жаңа кереует ойлап тауыпты.
Өзінің айтуынша, арнайы кереует жаңадан босанған ана мен оның сәбиінің денсаулығына төнетін қауіптің алдын алатын көрінеді.
Перзентханаларда бүгінгі таңда қолданылып жүрген Рахманов кереуеттерін заманға сай жаңарту керектігін кез келген дәрігер мақұлдайды. Өйткені, мұндай кереуеттердің кей жағдайда ыңғайсыз тұстары да бар екен. Ал, өнертапқыш жұмысының басты ерекшелігі – кереует әйелдің тік тұрып немесе жүрелей отырып босануына оңтайландырылған. Бұл халқымызда ежелден келе жатқан босану тәсілі болып табылады. Бүгінде әлем медицинасының өзі тұрып немесе тізерлеп отырып босанудың жатып босанудан әлдеқайда жеңіл әрі қауіпсіз екенін дәлелдепті.
Сүлейменов кереуеттің сызбасын осыдан алты жыл бұрын жасап шығарыпты. Сосын оны жан-жақты зерттеуге кіріседі.
Бүгінде Финляндия, Германия, Түркия, Италия елдерінің гинекология саласында кереуеттің осы түрі кеңінен қолданылады екен. Бірақ, әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар. Ал, біздің дәрігеріміздің ойлап тапқан үлгісі – солардың бәрінің жетілдірілген түрі.
Мәселен, кереуеттің жанында бала жататын жиналмалы төсек бар. Сонымен қатар, толғақ кезінде көмекші дәрігердің жайғасып отыратын орындығы да ойластырылған. Қысқасы, кереуетті жасауда дәрігер ұсақ-түйек керек-жабдықтың бәріне жете мән берген тәрізді.
Марат Сүлейменовтің жобасының тағы бір тиімді тұсы медициналық құрал-жабдықтар мен қажетті аппараттар сатып алуға жұмсалатын қаражатты 30-40 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді екен. Мәселен, қазіргі қолданыстағы кереуеттердің біреуінің құны 22-35 мың доллар болса, Сүлейменовтің кереуетін жасап шығаруға 16 мың доллар жұмсалады екен.
Мамандар Марат Сүлейменовтің ұсынысы қоғам сұранысына сай келіп тұрғанын айтады. Өйткені, Астана қаласында туу көрсеткіші жылдан жылға жақсарып келеді.
Тек өткен жылдың ішінде қалада 18 мыңға жуық бала дүниеге келді.
Таяуда дәрігердің бұл жобасы Ұлттық инновациялық қор ұйымдастырған байқауда 281 жұмыстың ішінен үздік деп табылып, бас жүлдеге тігілген жеті жарым миллион теңгені ұтып алды. Бұл қаржыны ол алғашқы кереует жасауға жұмсамақшы.
Ал, Денсаулық сақтау министрлігінің басшылары егер шын мәнінде пайдасы болса, жабдықтардың алдағы уақытта қолданысқа енгізілетінін айтады.
Шынар ДОСАН