«Аманжол» тракторының тарихы

Шаһар шежіресі

0 180

Елордадағы Әскери-тарихи музей орнында, Республика, 2 мекенжайында бір кездері ерекше ескерткіш тұрғанын қазір біреу білер, біреу білмес. Өткен ғасырдың 1979 жылы Қазақстан 1 млрд 250 млн пұт астық жинады. Осы тарихи оқиғаға орай сол кездегі тың астанасы – Целиноград қаласында «К-701» тракторы ескерткіш ретінде орнатылды. «ПМК-57» басшысы Аслан Аведиян техниканы арнайы сол мақсатқа тапсырды. Оның орны бекерден-бекер таңдалмады. Республика даңғылы сол уақытта Тың игерушілер даңғылы аталған еді.

Ескерткіш суреті сексенінші жылдары хат жіберетін кәдімгі конверттерге «Тың» монументтік композициясы, «Алғашқы тың игерушілер» мүсінді композициясы деген әртүрлі атаулармен бедерленді. Қалай дегенмен де, бұл тың мен астық рекорды құрметіне бой көтерген монумент екені анық. Ескерткіштің бір қапталына КСРО басшысы Леонид Брежневтің «Адамдар тыңды көтерді, тың адамдарды көтерді» деген сөзі қашалған. Жас жұбайлар оның жанында суретке түсетін. Ол Ақмола қаласы Астана атанғанша, 1997 жылға дейін бақандай 18 жыл мызғымай бір орында тұрды.
Ал астана Алатау баурайы­нан ерке Есіл жағасына ресми көшірілген уақытта ескерткішті алып тастау шешімі шығарылады. Қаланың байырғы тұрғындарының көзі ескерткіш көрінісіне әбден үйренгені сонша, ол алынған соң түрлі әңгіме тарата бастайды. Кейбіреулер оның қала шетіне апарылып қойылғанын айтса, басқалары қала маңындағы «Родина» кооперативіне жіберілгенін айтады. Тіпті, он сегіз жыл қозғалмай тұрған трактор бірден от алып, жүріп кеткені туралы да сөз тарады. Тракторды сатты немесе металлаломға тапсырды деген реніштер де болды.
Анығында, қаланың сол кездегі басшысы Аманжол Бөлекбаев 1997 жылдың 11 маусымында тракторды «Родина» агрофирмасының бас директоры Иван Сауэрге сыйға тартты. Ол тракторды көргенде, техниканың қанқадан басқа ештеңесі қалмапты. Бүкіл бөлшектері ұрланып, сым тетіктері жанып кеткен. Директор оны қалпына келтіріп, қала әкімі құрметіне «Аманжол» деген ат қойды. Сол уақыттан бері бәрі тракторды солай атай бастады. Бір-екі жыл бұрын «Еlorda.info» сайтының журналис­тері агрофирмаға барып, трактордың әлі де «қатардан шықпағанын» көріп, суретке түсірді. Ал оның есігіне бір кезде ескерткіш ретінде Ақмолада тұрғанынан хабар беретін темір белгі соғылған. Таяуда трактордың суреті мен видеосы әлеуметтік желіге тарады. Қазір Мақсат деген жігіт тізгіндеп жүр екен.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 5 =