Амантай ӘУБӘКІРОВ, Астана қаласы Ішкі істер департаментінің бастығы: Мақсатымыз – Астананы қауіпсіз қалаға айналдыру

0 213

23 маусым – Қазақстан полициясы күні. Осынау атаулы күнге орай елордалық құқық қорғаушылардың бүгінгі тыныс-тіршілігі мен атқарып отырған жұмыстары жөнінде Астана қаласы Ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Амантай Әубәкіров әңгімелейді.

АУБАКИРОВ1

– Амантай Акрамұлы, Мемлекет басшысы «Ұлт жоспары – бес инсти­туционалдық реформаны жүзеге асырудың 100 қадамында» полиция­лардың алдына маңызды міндеттер қойып, ішкі істер органдарының қызметін жетілдіруді тапсырғаны белгілі. Осыған байланысты өзіңіз басқарып отырған департамент қандай жұмыстар жүргізіп жатыр?
– Сенімді қоғамдық тәртіп пен қауіп­сіздікті, азаматтардың конституциялық құқықтарын, бостандықтарын, заңды мүдделерін бұлжытпай сақтау – кез келген мемлекеттің дамуындағы ажырамас шарттардың бірі. Қалалардың имиджі сәулет және мәдени құндылық­тарымен ғана емес, қауіпсіздік дең­гейімен де бағаланады. Сондықтан біздің басты міндетіміз – Астананы адамдар үшін өмір сүруге ең қауіпсіз қалаға айналдыру.
Елбасының тапсырмасы бойынша, Жергілікті полиция қызметі құрылып, тиімді жұмыс істеп жатыр. Қоғамдық тәртіпті қорғау мәселелері, тұрмыстық қылмысқа қарсы тұру, жол-бақылау қызметі, ұсақ құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік бағытындағы шаруалар да күн тәртібінен түскен емес. Полиция қызметкерлер жұмысының нәтижесін криминогендік ахуалдың тұрақталуынан да көруге болады. Ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашуға қатысты жұмыстар бұдан да нәтижелі болу үшін елордадағы басқа да қызметтермен тығыз байланыс орнатқанбыз.
Сондай-ақ, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес, Ішкі істер департа­ментінде Консультативті-кеңес органы жұмыс істейтінін де атап өтуге болады. Кеңестің басты міндеті – полиция мен қоғамның байланысын реттеп, ішкі істер органдары жұмыстарын жетілдіруде біріккен шараларды атқару.

Заңсыз көші-қон да бақылауда
– Астана халқының саны жыл сайын орташа есеппен 45-50 мың адамға көбейіп отырады. Мұндай белсенді миграциялық жағдай қылмыстың көбеюіне қаншалықты әсер етеді?
– Әлбетте, елордадағы көші-қонды бақылау және заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл жасау – өзекті мәселе. Осыған байланысты Астанада көшіп келушілерге бақылау жасаудың нақты жүйесі қалыптасқан. Үнемі жедел-алдын алу шараларын жүргізудің нәтижесінде жыл басынан бері көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 4 мың­нан астам шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 1 мыңы сот тәртібінде еліміздің аумағынан шығарылды.
Кейбір құрылыс компаниялары арзан жұмыс күшін пайдалану үшін заңсыз әрекетке барады. Бұл мәселе де ескерусіз қалмай, құрылыс компанияларын тексеру бойынша нысаналы іс-шаралардың тиісті жоспары әзірленді.
Астана қаласының Ішкі істер депар­таменті көші-қонды бақылау, ойын-сауық мекемелерінің жұмыс режимін реттеу, көше-жол желілерін жетілдіру, тұрақ орын­дары мәселелері бойынша Астана қаласының әкімдігіне бірқатар ұсыныстар енгізді.

ERM_7736

Бейнекамераның көмегімен 120 қылмыс ашылған
– Елорда тіршілігін қамтамасыз етіп, қауіпсіздігін арттыра түсу мақсатында бас шаһарда «Ақылды Астана» жобасы қолға алынып, соның аясында бірталай ауқымды жұмыстар қолға алынғаны белгілі. Айталық, «Интеллектуалдық көліктік жүйе» бойынша қалада бейнекамералар орнатылды. Бұл қондырғылардың қылмысты ашуға, оған күдікті азаматтарды ұстауға қаншалықты көмегі тиіп жатыр?
– Иә, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін салаға да инновациялық жобалар енгізіліп, қауіпсіздікті арттырудың жаңа тетіктері қолға алынды. Соның бірі – өзіңіз айтып отырғандай, бейнекамералар. Бүгінгі күні қалада 800-ге жуық бейнекамера бар. Осындай қондырғылардың саны жыл сайын көбейіп келеді. Бейнекамералардың көмегімен ағымдағы жылдың басынан бастап 120 қылмыс ашылып, 24 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталды және 9 мыңнан астам жол жүру ережесін бұзу оқиғасы тіркелді.
Құқық қорғау саласындағы иннова­циялық жобалар мұнымен ғана шектел­мейді. Көлік ағымын реттеуді жақсарту және көлік кептелісін азайту мақсатында «Ақылды бағдаршам» жобасы енгізілді. Бұл жүйе автоматты режимде жұмыс істейді. Яғни, қай жолда кептеліс көп, бағдаршам соған қарай реттеледі. Осы жоба жолдағы көлік жүктемесін азайтуға септігін тигізіп тұр.

Халықтың сенімі полицияның пәрменін көрсетеді
– Полиция қызметкерлерінің қадір-қасиетін арттыру, имиджін қалып­тастыру, беделі мен біліктілігін көтеру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде де айта кетсеңіз?
– Полицияның қаншалықты пәрменді екені оған деген халықтың сенімінен байқалатыны рас. Сондықтан полиция қызметкері жеке тұлғалық қасиеті жағынан да, кәсіби деңгейі тұрғысынан да мамандығына лайық болуы тиіс. Осы мақсатта үміткерлерді қызметке қабылдау және олардың кәсіби деңгейін көтеру, жеке құрамның арасында тәртіп пен заңдылықты нығайту, жемқорлықпен күресу, қызметкерлердің қызметтік-атыс дайындық деңгейін арттыру бойынша кешенді іс-шаралар жүргізілуде. Айталық, бізде тәлімгерлік институты қызмет атқарады. Онда тәжірибесі мол қызметкерлер жас ізбасарларына жан-жақты практикалық, методикалық және моральдық көмек көрсетеді.
Полицияларға шет тілін үйрететін арнайы оқу курстары да бар. Курс аяқта­лысымен қызметкерлер тиісті серти­фикаттарға ие болады.
Біздің мамандар қайырымдылық, мерекелік шараларға да белсенді атсалысады. Мұның бәрі халықтың полицияға деген сенімін арттыру мақсатын көздейді.
Әріптестеріміздің арасында адам өмі­рін құтқарып, ерлік көрсетіп жүр­гендер де бар. Атап айтқанда, Жергілікті по­­лиция қызметінің полиция старши­насы Марал Тұрғымбаев пен полиция сержанты Ерболат Рыспеков Қазақстан
Рес­публикасы Президентінің Жарғы­сымен «Айбын» ІІІ деңгейлі орденімен марапатталды. Бұл екі полиция қыз­меткері қаруланған қылмыскерді құрықтау барысында оқ жарақаттарын алған болатын. Сонымен қатар, «Ерлігі үшін» мемлекеттік наградасымен Астана қаласы ІІД жергілікті полиция қызметінің жол патрульдік қызмет полкінің полиция аға сержанты Бағлан Қарымбаев марапатталды. Ол дене жарақаттарына қарамастан, өз өмірін қауіпке тігіп, іздеудегі қылмыскерді тоқтата білді. Бұл жұмысқа құқық қорғау бағытындағы қоғамдық құрылымдар түгелдей жұмылдырылды, олардың көмегімен 300-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
Міне, өз қызметіне адал, кәсіби деңгейі жоғары мұндай азаматтарымыз – біздің мақтанышымыз.
– 23 маусым – Қазақстан полициясы күні. Мерекеге орай әріптестеріңізге айтар тілегіңіз?
– Әріптестерімді және ішкі істер ор­гандары ардагерлерін кәсіби мере­кесімен құттықтаймын! Оларға зор денсаулық, еңбегінде мол табыстар тілеймін. Иә, полиция қызметкері болу – оңай емес, бірақ бұл мамандық – қастерлі де абыройлы кәсіп. Елбасы біздің алдымызға Астананы ең қауіпсіз қалаға айналдыру міндетін қойып отыр. Бұл мақсатқа жету үшін әрбір полиция өз мамандығына лайық, жауапкершілігі жоғары болуы керек. Сондықтан Астана қаласының полицейлері қыл­мыстық жолға барынша тосқауыл қойып, Отанымыздың астанасында үлгілі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететініне сенім білдіремін! Сөз орайында бізге үнемі қолғабыс көрсетіп, қылмыстың алдын алуға септігін тигізіп жүрген белсенді қала тұрғындарына алғысымды айтамын. Біз азаматтармен байланыс орнатуға әрдайым дайынбыз. Департаменттің барлық бөліністерінде сенім телефондары жұмыс атқаратынын тағы бір естеріңізге салғым келеді.

Әзірлеген:
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 + 19 =