«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Аманханның аманаты

0 111

Нәзік жырларымен жүректерді жылытып, жазған мақалаларымен ұлттың өзекті мәселелеріне үн қосқан көрнекті ақын, аудармашы, публицист, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері Аманхан Әлімұлының туғанына 70 жыл толып отыр. Жерге, руға бөлінбей, ұлы Абайша айтқанда, «біріңді, қазақ, бірің дос көріп», екі жылдай бұрын өмірден өткен ардақты азамат әдебиеттің төңірегіндегі, қоғамның айналасындағы жағдайларға сергек қарады. Бір сұхбатында «жақсы адамдар көп» деген еді. Сол жақсылардың бірі өзі болды.

320435_1588464296_739_0_0

 СҮЙЕГІНЕ СӨЗ СІҢГЕН

Сөз оның сүйегіне сіңген. Бабалары Майлықожа мен Мәделіқожаны жұрт біледі. Аманханның әкесі Әлімқожа да өлең сөзге қаражаяу емес еді. Аманханды қан жібермеді. Мектеп жасынан жырға құмартты.

Белгілі ақын, әдебиет сыншысы Аян Нысаналин Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтында оқып жүргенде елге каникулға келеді. Сол кезде қолына бір топ талапкер ақынның өлеңдері түседі. Арасында оқушы Аманханның жырлары да болды. Ақын ағасы өлеңдеріне шолу жасап, ақ жол тіледі. Сол уақыттан бері екеуі байланысын үзген жоқ. Өмір мен өлең туралы пікірлесіп, шахмат тақтасының жанында жиі бас қосатын.

Аманхан Әлімұлы өмірден өткеннен кейін «Алматы» телеарнасы «Сәуле-ғұмыр» бағдарламасының бір шығарылымын оны еске алуға арнады. Сонда: «Аманханның өлеңдерінде өмірдің шындығы бар. Ол шындықпен баурап алатын. Айнала көрініске мөлдір сезіммен қарайтын. Мұң бола ма, қуаныш бола ма, өлеңде адал сөйлейтін» деген еді Аян Нысаналин.

ҚУАНДЫҚ ПЕН САҒИ АҚЫНДАРДЫҢ ҚОЛДАУЫ

Студент кезінде осы мөлдірлігімен көрнекті ақындар Қуандық Шаңғытбаев пен Сағи Жиенбаевты да баурап алған сияқты. Жас ақын-жазушылардың кеңесінде Қуандық ақынға:

Жиделі сайдың бойында,

Алданып қалған ойынға,

Адасып кеттік, еркем-ай!

Ауыл мен сайдың арасы,

Болатын еді жер талай, – деп басталатын өлеңін оқып беріп, тәнті қылды. Қуандық Шаңғытбаев жас ақынды «Жазушы» баспасы поэзия бөлімінің меңгерушісі Сағи Жиенбаевпен таныстырды. Сағи ақын «Бес қоңырау» атты кітапқа Аманхан Әлімұлының өлеңдерін қостырды.

БАСПАСӨЗГЕ БЕТТЕУ

Өткен ғасырдың сексенінші жылдары жұрт Аманхан поэзия­сын осы кітап арқылы таныды. Белгілі ақын, бүгінгі Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып студент күндерінде бұл жинақты жата-жастана оқығандарын, өз тұстарының өлең өлкесіне келуіне белгілі бір деңгейде Аманхан Әлімұлының жырлары әсер еткенін айтады.

Бірақ Аманхан ақын болып танылғанша біраз мехнат кешті. Орта мектепті бітіргеннен кейін бес-алты жыл жоғары оқу орнына түсе алмады. Әскерге барып келіп, құрылыста жұмыс істеді. Ұлы ойшыл әл-Фарабимен бір топырақта туғаннан кейін бе екен, ҚазМУ-дің философия және экономика факультетіне құжаттарын тапсырып, білімін сынады. Бірақ жолы болмады. Кейіннен журналистикаға түсіп, орда бұзар жасқа таянғанда қолына дипломын алды.

Сол 1981 жылдан бастап қырық жылға жуық ғұмырын баспасөзге арнады. «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан»), «Лениншіл жас» («Жас Алаш»), «Қазақ әдебиеті», «Түркістан», «Заң» газеттерінде, Қазақ радиосында қолтаңбасы қалды. Өмірінің соңғы кезеңдері «Ақиқат» журналында өтті. Біраз жыл осы басылымның бас редакторы, кейіннен шолушысы болды. 1991-1993 жылдары Аян Нысаналин және ақиық ақын Мұқағали Мақатаев сияқты Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтында оқыды.

ПОЭЗИЯ ПАРҚЫ МЕН ПУБЛИЦИСТИКА

Ресей астанасында оқытқан ұстаздары санасына сілкініс жасады. Поэзия мен публицистика­ның арасын ажыратуды үйретті. Шынымен, Аманхан Әлімұлының өлеңдері бос ұраншылдықтан, ақылгөйліктен, көсемсуден ада, таза лирика. Ақынның қайраткерлік қырлары жазған мақалаларында атойлап тұр.

«Поэзия саяси-публицистикалық сарын алып, рух терісін жамылған эмоцияға бой алдырса, оның бойында даңғазалық пен даукестіктен, даурықпалықтан басқа ештеңе қалмайды… Кейінгі кездері өлең-очерк, өлең естелік, өлең-мақала, өлең-фельетон, өлең-ода қаптап кетті… Сөз бостандығы мен демократия­ны пайдаланып кәсіпқой қаламгерлер шынайы өлеңді мақала тақырыбының деңгейіне түсіріп, ақпараттық хабарлама, фактологияға, айтыс ақындары өлеңдерінің деңгейіне түсіріп жібергелі қашан. Содан болар, Абай, Мағжан, Ілияс, Мұқағалидан соң да «ұлылар» мен «көрнекті ақындар» қаптап кетті. Бұл да сол өлеңге деген жауапкершіліктің жоғынан…

Өлең-жырмен қазақты сынайтындар көбейді… Мен өлеңді ақпарат пен факті алу үшін емес, болмаса идея мен идеологиялық құрал көзі ретінде оқымаймын… Меніңше, музыка, образ, тіл. Осы үшеуі болса, өлең жаман шықпайды… Лирикалық өлең қысқа, жинақы болуы керек. Ол – сенің қас қағым, шабыт буған сәттегі көңіл күйің­нің қағазға түскен көшірмесі. Қай тұста сенің көңіл күйіңнің «ыстығы» басылды, сол тұста өлең бітті, аяқталды деген сөз. Бір сағаттан соң қайтып келіп сол өлеңді соза беруге болады. Ол онда лирика емес».

Аманхан Әлімұлының әр жылдардағы мақалалары мен сұхбаттарынан алынған бұл сөздерінде поэзияға қояр талабы, ақындық кредосы көрінеді. Осы талаптарды өзі ұстанатын, өзге ақындардан да осыны талап ететін. Өзі өлең жазарда күй талғамайтын. Шабыттанған шақта кез келген жерде қолға түскен кітап, газет, парақтарға жырларын түсіретін.

Публицистикасына келсек, мына мысалды қайталаудан жалықпайтын: «1935 жылы Черчилль Андре Моруаға «Сіз көркем дүниеңізді қоя тұрыңыз, фашизм бой көтеріп келе жатыр. Сіз мақала жазыңыз. Фашистің танкісінің санын, самолеттерінің салмағын, қандай қауіпті екенін халыққа жеткізіңізші» деп өтінген. Сонда Моруа: «Мен суреткермін, жазушымын, бұған араласпаймын» деп жауап берген. 1938 жылы фашизм бүкіл Еуропаны жаулап алған кезде Моруа «Мен шынында да беделді едім, халыққа сөзім өтетін еді, неге жазбадым?» деп өкінген» деген ақын журналистиканы жауынгер жанр санады. Мәскеуден қайтып оралған соң, «Заң» газетіне қабылданып, қаламын ұлт мүддесіне арнады. Тіл, діл, патриотизм, т. б. ұлтымызға қатысты мәселелерді көтерді. Сол кезде «Караван» секілді кейбір орыс тілді басылымдар ұлтшыл, шовинист атандырды.

ЖАСТАРДЫҢ  ҚАМҚОРШЫСЫ

Аманхан Әлімұлы «Ақиқат» журналына бас редактор болып келгенде басылымды тартымды етіп безендіруден бастап, автор тартуды белсенді қолға алды. Соңынан ерген журналистерді тәрбиеледі. Жылт еткен таланттарға қамқорлық пен қолдау көрсетті. Шәкірттерінің арасында аталмыш басылымның қазіргі бас редакторының орынбасары Дина Имамбаева, жас журналист Ақбота Исламбек есімдерін атап өтуге болады. Әсіресе, жас ақындарға қамқорлығы ерекше еді. Бұл қатарда Бауыр­жан Әліқожа, Айнұр Төлеу, Асылбек Жаңбырбай, Айдын Байыс сынды таланттар бар.

Өзім Аманхан ақынмен сол кезде танысқан едім. Бірақ бізді табыстырған журналистика емес, әдебиет, соның ішінде аударма өнері. Тиіп-қашып поэзияны аударатыным бар. Біраз жыл бұрын радиодан Аманхан ағаның сұхбатын тыңдап, орыс ақыны Николай Рубцов туралы білдім. Дұрысы, сол ақынды Аманхан Әлімұлы арқылы таныдым. Содан қызығып, кітабын тауып, оқыдым. Бір өлеңі ұнап, қазақшаладым. Facebook-ке салғанымда сол аудармамды ақын көріп, жылы пікір білдірді. Мессенджер арқылы шығып, ұялы телефон нөмірімді сұрады. Өзі хабарласып, поэзия, аударма өнері жайлы біраз кеңес айтты. Журналға автор болуға шақырды. Ұсынысын құп алып, қарапайымдылығына қайран қалып, риза болдым. Мақтауына марқайып та қалдым. Оның аузынан Қарағандыда Кәусәрия Сәулехан деген талапты, талантты ақын барын білдім. Аманхан ағаның сергектігіне сонда таңғалдым. Шынымды айтсам, өзім Арқадан шығып, Кәусәрия қарындасым туралы естімеппін. Аманхан ағаның айтуынан кейін ғана таныстым.

Иә, Аманхан Әлімұлы Алматыда жатып, қай өңірде қандай талантты ақын барын білетін. Өзі белсенді қолданушысы болған әлеу­меттік желіде дарынды жастарға ақыл-кеңесін беріп, солардың өлеңдерін насихаттайтын. Белгілі жазушы Қуандық Түменбай басқарған «Үркер» журналына жастардың жырларын да талай ұсынды. Өзінің алдындағы буыннан көргенін жастарға қайтарды.

ҒЫЛЫМИ АЙНАЛЫМҒА ЕНГІЗУ КЕРЕК

Аманхан Әлімұлы мен көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Есенғали Раушанов екеуі жан достар еді. Аманханды Есенғалидан артық білген адам да шамалы шығар. «Аманханда бірден түсінуге қиын көзқарастар көп. Асылы, ол туралы сөзді Аманхан және Темірбек Қожакеев деген тақырыптан бастап, Аманхан және бүкіләлемдік сионизм торы, Аманхан және мемлекетшілдік, Аманхан және Асқар Сүлейменов, Аманхан және Тоқаш Бердияров, Аманхан және жастар, Аманхан және заң журналистикасы секілді арналарда таратып айтса әңгіме толық болар еді. Көріп отырғаныңыздай, тақырып көп салалы. Күрделі. Жүдә қиын да. Бір мақалаға сыймайды» деп жазды Есенғали Аманханның «Атақоныс» атты кітабының алғысөзінде. Арада бір жыл уақыт өткенде Есенғалидың өзі дүниеден озды. Ол жазғандай, расымен, Аманханның барлық арналарын бір мақала арқылы тарқату оңай емес.

Ақынның артында «Кездесу», «Жанымның жапырағы», «Ай нұры алақанымда» жыр жинақтары мен «Өткірдің жүзі» атты публицистикалық кітабы қалды. Бұл кітаптарға сүйеніп, оның шығармашылығы, ақындық, журналистік, азаматтық ұстанымдары жайында курстық және дипломдық жұмыстар, кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалуы керек деп есептеймін.

Аманхан Әлімұлы өмірден өтерінен бір жылдай бұрын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің механика-математика факультетінде оның «Сол қыз қазір мұратым, тілегім де» атты шығармашылық кеші өтті.

«Біз әлем халқымен бәсекелесе алатын, бәсекелестікке лайық ұлт болуымыз керек. Қазақтың тұлғалы қаламгері Қалтай ­Мұхамеджанов «Аманхан, пәленше менен неге озып кетті деме, мен пәленшеден неге қалып қойдым де. Ол сені қанаттандырады, ең жаман қа­сиет қызғаныштан бойыңды алыс ұстатады. Ілгері ұмтылдырады, қамшылайды» дейтін. Сондықтан құрметті жастар, мен де сендерге Қалтай ағамның сөзін қайталаймын. Сендер де «анау менен неге озып кетті демей, мен неге одан қалып қойдым» деп өздеріңе сұрақ қойып, өздеріңді қамшылаңдар, өздеріңе деген жауапкершілікті арттырыңдар. Біз бәріміз сондай болсақ, ұлтымыз өзге ұлттармен бәсекелесе өсіп, өркендеп, дүниеге танылған үстіне таныла түседі. Осыны естен шығармасақ бәсекелестікке лайық ел-жұрт, ұлт болып қалыптасамыз. Уақыт пен заманның талап-тілегінен қалмаймыз» деген еді ақын сонда. Бұл сөз қазір Аманханның аманатындай естіледі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды