©2020 Астана Ақшамы
Ана мен бала өлімінің алдыналуға байланысты елордада атқарылып жатқан шаралар жөнінде Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Төлегеновамен тілдескен едік.
– Гүлнәр Қапсаметқызы, Астана қаласында ана мен бала өлімінің былтырғы көрсеткіші қандай болды?
– Астана қаласында 2013 жылы ана өлімі көрсеткіші 17,7 (100 000 тірі туылған балалар санына шаққанда), бала өлімі 7,9 промиль (1000 тірі туылған балалар санына шаққанда) болды. 2014 жылдың алғашқы тоқсанында 2 ана өлім құшты. Ал, шетінеген баланың саны – 43.
– Сонда ана мен бала өлімінің негізгі себептері неде?
– Ана мен бала денсаулығы тығыз байланысты. Сау бала сау анадан ғана туады. Бүгінде әйелдердің денсаулығы сын көтермейді. Жүктілік кезінде олардың 70 пайызында әртүрлі аурулар анықталады. Аяғы ауыр кезде әйелдердің иммунитеті әлсірейді, осыдан келіп бойындағы созылмалы сырқаты асқынады. Өздеріңіз білесіздер, Астанада сырттан көшіп келушілер көп. Еліміздің өзге өңірінен Астанаға қоныстанғандар дәрігердің есебіне тұруға асықпайды. Тіпті, жүкті әйелдердің ішінде медициналық мекемеге кеш тіркелгені былай тұрсын, денсаулығына байланысты дәрігердің тағайындаған ем-домын уақтылы қабылдамайтындары бар. Өз денсаулығына жүрдім-бардым қараған жандардың дерті асқынып, бұл дүниеге келетін сәбиіне әсер етеді. Балалар туабітті әртүрлі ауруға шалдығып жатады. Сәбилердің денсаулығындағы туа бітті ақаулардың соңы кейде қайғылы жағдаймен аяқталады. Сондықтан, құрсақтағы шаранасының жағдайын ойлаған әр ата-ана уақтылы дәрігерге көрініп, денсаулықтарында қандай да бір кінәрат болса, дәрігердің ақыл-кеңесін бұлжытпай орындауға тиіс.
– Ана мен бала өлімінің алдын алу үшін Астана қаласында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Ананың денсаулығы алдымен өзіне байланысты. Ал, дәрігердің көмегіне жүгінген әйелдерге Астанада жоғары білікті мамандар қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, елорданың перзентханаларында төтенше жағдайларда шұғыл қимылдайтын арнайы бригадалар жұмыс істейді. Нәрестенің бойындағы туабітті ақауларды алдын-ала анықтау үшін №1 перинаталдық орталықта ультрадыбыстық скрининг жүргізіледі. Әйел босанғаннан кейін де дәрігерлердің жіті бақылауында. Аяқ-қолын жаңадан бауырына алған аналарда болатын күйзелістің алдын-алу үшін дәрігердің кеңесінен бастап, көптеген жұмыстар жолға қойылған.
Ал, дімкәс туған нәрестенің өмірін сақтап қалу үшін де қалада көптеген шаралар қолға алынған. Айталық, атадан балаға ауысатын ауруларды анықтау үшін сәбилерге неонаталды скрининг жүргізіледі. Осы тұрғыда қолданылатын технологияларымыз қазіргі заманның талаптарына сай келеді. Бүгінде шала туған сәбилерге жасанды тыныс беру, салмағы 1 келіден аспайтын шақалақтарды күтіп-баптау аппараты талай нәрестеге өмір сыйлады.
Сұхбаттасқан Қ. НҰРҒАЛИ