Аман АСАБАЕВ, Ұлттық ғылыми медицина орталығы Хирургия бөлімінің меңгерушісі: ДӘРІГЕРДІҢ ДӘРЕЖЕСІН ТӘЖІРИБЕ ӨСІРЕДІ

0 105

–  Таяуда отандық басылымдардың бірінен мынадай мақаланы көзіміз шалды. Автор атажұртқа оралған қандастар қатарында еліміздің дамуы жолында тер төгіп жүрген жоғары білімді мамандар, білікті ғалымдар, қарымды қаламгерлер аз еместігін айтыпты. Сондай жандардың бірі ретінде сіздің де есіміңізді атап өткен екен. Қазақстанға қай жылы көшіп келдіңіз? Бұған дейін қайда қызмет етіп едіңіз?

–  Мәскеудегі Петров атындағы Ресей хирургия ғылыми орталығын естуіңіз бар шығар. Бұл – аты алысқа тараған танымал медициналық мекемелердің бірі. Кеңес Өкіметі тұсында одақтың бірқатар елдерінде оның  филиалдары ашылды. Соның бірі Өзбекстанның астанасы – Ташкенттегі академик Вахидов атындағы мамандандырылған Хирургия орталығы еді. Мен осында 20 жылға жуық уақыт жұмыс істедім. 1991 жылы кандидаттық, 2002 жылы докторлық диссертациямды қорғадым. Профессор атандым. Бөлім меңгерушісі болдым. Қысқасы, ол жақтағы жағдайым жаман болған жоқ. Бірақ, үнемі көңілімнің түкпірінде атажұртқа қоныс аударсам деген ой жүрді. Содан 2004 жылы сәті түсіп, Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы шақыртуымен Астанаға көшіп келдім. Келген бойда, Ұлттық ғылыми медицина орталығына жұмысқа қабылдандым. Бес айдан соң хирургия бөлімінің жетекшісі болып тағайындалдым.

–  Орталықтың хирургия бөлімінің мүмкіндігі қандай? Қандай күрделі операциялар жасалып жүр?

–  Мақтанғаным емес, хирургия бойынша ең жоғары, сапалы қызмет біздің орталықта көрсетіледі. Өте күрделі операцияны қажет ететін науқастардың бәрін бізге жібереді. Ал, біздің қолымыздан келмейтін жағдайда, оларды шетелге жіберуден басқа жол жоқ. Осыған қарап-ақ, біздің бөлім әлеуетінің қаншалықты екенін бағамдай беріңіз. Жылына мыңнан астам операция жасалады. Бауыр, өкпе, өңеш операцияларының ең күрделі түрлері жасалады. Бір қуанатынымыз, оның 99 пайызы сәтті аяқталады. Операциядан кейін асқыну деген мүлдем сирек кездеседі. Хирургия бөлім әзірге 30 адамға лайықталған. Алдағы бір-екі жылдың көлемінде Ұлттық ғылыми медицина орталығының жанынан Трансплантология орталығы ашылмақшы. Мұнда тек хирургия бойынша 4-5 бөлім жұмыс істейді деп жоспарлануда. Орталықты Медицина ғылымының докторы, профессор Жақсылық Досқалиев басқаратын болады.

–  Арнайы орталық ашылса, еліміздегі мүше ауыстыру операциялары тек осында жасалатын болар?

–  Оны уақыт көрсете жатар. Бірақ, солай болғаны дұрыс. Өзге өңірлердегі трансплантологиялық орталықтар бір орталыққа бағынып, бір жүйемен, бір тактикамен жұмыс істегені дұрыс. Операцияны әр клиника өз білгенінше жасағаны дұрыс емес. Өйткені, ағза ауыстыру өмірден өткен жанды дүниеге қайта әкелумен тең нәрсе. Жақында біздің бір топ дәрігеріміз Оңтүстік Кореяға барып тәжірибелерін жетілдіріп қайтты. Жыл соңына дейін тағы да бірнеше дәрігер барып келмекші. Шетелдің алдыңғы қатарлы клиникаларымен үнемі тәжірибе алмасып отырамыз.

– Ал, Өзбекстандағы ескі әріптестеріңізбен қарым-қатынасыңыз қалай? Жиі хабарласып тұрасыз ба?

–  Әрине. Жалпы дәрігерлер қауымы тәжірибе алмасу, пікір бөлісуге келгенде өте белсенді болады. Осыдан екі жыл бұрын орталықтың 10 жылдық мерейтойын тойлағанбыз. Сол кезде Өзбекстаннан бір топ ескі әріптесім арнайы келді. Мен басқаратын Хирургия бөліміне бас сұғып, дәрігерлермен танысты, тәжірибелерімен бөлісті.

– Қаншама жыл сырт елде жүрсеңіз де ана тіліңізде таза сөйлейді екенсіз. Өзбекстанда жүргенде көбіне қай тілде сөйлеуші едіңіз?

– Шынын айту керек, жұмыста көбінесе өзбек тілінде сөйлесуіме тура келетін. Тіпті, студенттерге өзбек тілінде дәріс оқығаным бар. Бірақ, үйде міндетті түрде қазақша сөйлесуге тырысатынмын.

–  Ал, мұндағы әріптестеріңізбен қай тілде әңгімелескен сіз үшін ыңғайлы?

– Тіліміз орысшаға кетіп қала беретіні бар. Ортаңа қарай бейімделеді екенсің ғой…

– Алға қойған мақсатыңызды қаншалықты бағындыра алдым деп ойлайсыз?

– Қызметіме қатысты айтар болсам, мақсат-міндеттерімнің жартысынан көбін орындаған шығармын. 30 жылға жуық еңбек тәжірибемде 5 мыңға жуық операция жасаппын. Жарты сағаттық жеңіл-желпі операциялардан бастап 8 сағатқа созылған ең күрделі деген операцияларды сәтті өткердік. Енді осы орталықта трансплантация жасау операциясы сәтті жүзеге асырылса деймін.

– Гиппократ антына қаншалықты адал бола білдіңіз?

–  Қателеспейтін дәрігер жоқ. Қателіктерге аяқ астынан, мүлде ойламаған жерден бой алдырасың кейде. Біліп тұрған нәрсеңнен жаңыласың. Дегенмен, аса үлкен қателікке бой алдырмаған сияқтымын. Бірақ кім білсін…

Қайта мамандық таңдауға мүмкіндік туса, қай саланы таңдар едіңіз?

–  Міндетті түрде медицинаны.

Әңгімелескен Шынар ДОСАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eight − three =