Амал немесе әйелдiң әйелi

0 169

Әйелдiң түр-түрi болатынын бiлетiнмiн. Бiрақ, дәл Боранбайдың әйелiндей әйел мынау жалғанда жоқ шығар-ау. «Неге?», «Негелеп» iшiңiздi әлдене түрткiлеп бара ма? Не ғой, мен Боранбайдың әйелiн алғаш көргеннен-ақ айтарға сөз таппаған болатынмын. «Шiркiн, осындай да әйел болады екен ғой» деп жатсам-тұрсам  ойлайтын болдым. Шынымды айтайын, бiразға дейiн сең соққан балықтай есiмдi жия алмай жүрдiм. Көрсеңiз бар ғой… Ант етейiн, сiз де сөйтер едiңiз. Сосын мiндеттi түрде бiреуге iшiңiздегiнi айтқыңыз келедi. Сондықтан, менi дұрыс түсiнерсiздер деп бiлем…
… Жоғары жақтан келiп, үлкен-кiшiмiздi аяғымыздан тiк  тұрғызатын бiр дөкей бар-тын. Шiркiнiң келедi де, әлекке салады ғой. Үлкен құдалық болады кәдiмгi. Келерден екi апта бұрын хабардар етедi. Малы барлар қораға, жоқтары базарға жүгiредi. Әрқайсымыз бiр-бiр қойды жемге қоямыз. «Келе жатыр» деген күнi сойып, үйiтiп, басының тiсiн қағып, баптап тұрып бiр аяғын асамыз, содан таңертең бiр үй, түсте бiр үй, кешке бiр үй шақырамыз. Қалғаны мәшинеге тиелiп, күндегiсiн күнде қалаға кетiп жатады. Ал, ендi есептеңiз, ол кiсi бiр келгенде бiр апта жатады. Қанша қойдың басын мүжидi? Мiне, солай… Жөн делiк… Соңғы кездерi жылына 1-2 рет емес, бiрнеше рет келудi, қала бердi жаз айларында оқудан, жұмыстан шаршаған бала-шаға, туыстарын да ертiп кеп, қоң жинап кетудi шығарды. Қайтсек екен деп жүрген кезiмiз. Сөйтiп жүргенде ауылдағы Боранбайдың үйiне жолым түспесi бар ма? Көп кiсi бара бермейтiн сол үйге барғаныма сонша өкiнгенiммен, артынан әлгi кiсiнi Боранбайдың үйiне түсiру туралы ой келгенде қалай қуанғанымды көрсеңiз ғой. Оның мәнiсi мынада едi…
Жаз, шiркiн, жақсы ғой. Ұзақ уақыт демалыс осы кездерде берiледi емес пе?! Сондай демалыс дөкейге де тидi. Алғашқы боп өзiм хабардар болдым. «Келiңiз, көкесi, келiңiз!» деп елпiлдедiм. Содан Боран­байдың үйiне тарттым. «Бөке, облыстан сыйлы қонақтар келе жатыр. Осы ауылда қонақ етпеген үй жоқ. Ендi сiздiң үйiңiзге түскiсi келедi» дедiм. Қапелiмде Бөкең не дей қойсын, «Түссiн, түссiн» деп күмiлжiп бас шұлғи берген. Қуанышымда шек болмады. Екi-үш күн ара салып, «көкемiз» бiрнеше нөкерiмен Боранбайдың үйiне түстi. Ауданға кiре берiсте қарсы алып, шаш­бауын көтере келген үш төрт адам және бармыз. Кiргелi жатыр ек, бiреу есiктен басын қылтитып шығарды да, жоқ болды. «Бiр қора боп кептi ғой» деген дауыс естiлдi артынан. Елемеген боп, табалдырықтан көкемiздi аттаттық. «Дүрс» еткен дауыстан шошынып қарасақ,.. аяғымыздың астында мықты кiсi ұзынынан сұлап жатыр. Нан алатын шалғыға сүрiнiптi. Жап жалтыр басын тамақ жуған. «Түуһ, шiркiннiң иiсiн ай!» Жуындының иiсi қолқа қапты. «Ойбуй, ойбуй» деп шыжбалақтап оңға, солға жүгiре берген Бөкеңнiң бәйбiшесiне үлкен кiсi бажырая қарап, «су берiңiзшi» деген. Қаспақ, қаспақ кiр қатқан құмғанды ұстата салды. Ол «Су құятын қайсың бар?!» деп зiлдеген даусын. «Балалар құяды, бала­лар» деп 13-14 жасар баласын шақырды әйел. Баласы кiрленге иiлген «көкемнiң» басына тастай суды қотара салды. Еңге­зердей адамның бүкiл денесiн жуған судан тiтiркенiп, «шойнаң» ете қалғаны бiр қызық көрiнедi екен. Басындағысын кетiрер кетiр­мес, түрегелген көкей сулық сұраған. «Паһ, шiркiн-ай, ана орамалдың бастапқы түсi қандай болды екен?» деген ойға келмеген жан болмады-ау арамызда. Орамалдың табылуы  қаншалықты қиын болса, қолдан-қолға көшуi соншалықты тез болды. Төрге оздық. «Көрпеше салып жiберiңiз, жеңеше» деп қоям. Қалай болса солай жиналған төсекке жақындап, бар күшiне салып, бiр көрпенi тартып қалғаны сол ед, әлдене кеп алдымызға түстi. Iш киiм екен. Қызарақтаған Бөкең жерден алып, жеңiне тықпыштай берген. Хош, сонымен дастарханға отыр­дық. Көкемнiң бетiне аңдай қарадым. Екi көзi – Бөкең бәйбiшесiнде. Мен де сол жаққа зер салдым. Әлгiнде бәрiмiз қол сүрткен орамалды қолына алған жеңгей мұрнына апарып, бар екпiнiмен сiңбiрген. Сол қолының шынашағымен шұқылап, «иессiз қалғыр, неменесiне жетiсiп қышиды» деген. Илеп отырған нанын қолына алды. Көкемнiң қоң­қақ мұрны жиырыла қалды. Ол аз болған­дай, ышқырынан әлдененi алып, әуелi алақанына, сосын астыңғы ернiне салды. Кем иегiн бүлкiлдете берген. Сосын оқтауын қоя салып, аузындағы насыбайды оң қолымен сылып алды да, текеметтiң шетiн түрiп, еденге үйкедi…  Аздан соң ет те келдi былбырап. Көкем татып алмады. «Ал­саңыз­шы, алсаңызшы» деп бiз отырмыз. «Бата қылайық, бата қылайық..» деп қолын бiр­неше қайтара жайған көкем тысқа шыққан соң кең тыныстады. «Ал, ендi үйге жүрiңiз» деп қолқалаған маған «Жоқ, қалада жұ­мысым бар, жүремiз» дедi. Қасындағылар болса бетiне жалтаң-жалтаң қарап, көлiкке мiнiп кете барған. Осыдан кейiн сол көкем ауылға ат iзiн салмады. Есесiне оның орнына басқа кiсi келетiн болды. Зерттей бастадым. Тiрi пенде тiлiн таппаған кiсi екен. «Ол тексеруге барды дегенше тұқымым құрыды дей бер» деген көршi аудандағылар. Барған жерiнен пара да алмайды екен, дәм де татпайды екен ол. Келдi. Үлкен бастықтың дегбiрi қалмай жүр. Көзiмдi қыстым. «Қаты­рам!» дегенiм. Есебiн тауып, тағы да Боран­байдың үйiне келдiк қой. Жеңгей дарылдай қарсы алды. «Қалайсыңдар әй, қаладан тағы бiр ит келед деп едi ғой» деген. Мұны естiген жаңа комиссиә әулiге жұлқына кiрген. «Принципке» барған ол «Дастар­ханыңды жай жеңгей, иттер тамақтансын» деген. Табалдырықтан төрге дейiн ша­шылған бiрдеңелер. Аяқ басар жер жоқ. Үлкен кiсi кiр жағал көрпешеге қымбат кастөм-шалбарымен отырғысы келмедi. «Немене, үйлерiңде биiк үстел жоқ па?» деген. «Үс­тел­ге отырушы ма едiңiз?» деген жеңгей үстiнде қазан тұрған «табүреткiнi» босатты. Одан гөрi көрпе таза көрiндi ме, әлгi кiсi соған отырды. Жанымнан көлбеңдеп өтiп бара жатқан жеңгемнiң киiмiне көзiм түстi. «Жеңеше, көйлегiңдi терiс киiпсiң ғой» дедiм сыбырлаған боп, қасымдағыға естiр­те, «Ее-ей.. әдiрам қалғыр, оң жағы кiрлеу болған соң, терiсiнен кидiм бүгiн» деген. Қасымдағы «мырс» еттi. Одан арғысы өзi­ңiзге белгiлi, мұрны мен аузына жиi жүгiретiн қолдарымен кесе ұсынды. Қамыр илегенi мен жайғанының да алдыңғыдан бiр айырмашылығы болмады. Арасында бала­сының мұрнын да сүртiп, тосып қояды кiрленге. Кiрленнiң қасында жуылмаған ыдыстар тiзiлiп тұр. Қонақ одан арғыға шыдамады. Үйден шыққан бойда «Кафе­лерiң қайда?» деген. Алдын ала жоспар­лағанымдай, аудандағы екi-үш кафенi жап­қызып қойған болатынмын. «Не боп қалды, аға?» деп қоям. «Не дерiң бар ма, айна­лайын, дәп қазiр iшпесем, айықпас ауруға душар болмақпын!» деген. Түсiндiм. «Бұл ауылда жалғыз кафе бар ед, бүгiн жабық тұр, үйге жүрiңiз» деп қиылдым. Қонақ келiстi. Мiне, осылайша қатқан қазықтай болған қара кiсiнi де құрыққа iлiндiрдiк. Ол үшiн, әрине, Бөкеңнiң әйелiне алғысымыз шексiз. Қонақты шығарып салған соң арнайылап барып сыйлық жасадым. «Кемпiрiм керемет күткен екен ғой» деп Бөкең мәз. «Бiр таза көйлектi болдым» деп жеңгей мәз. Осымен Боранбайдың әйелi жайлы хикая аяқталды. Ал, мен әйелiмдi бұрынғыдан бетер жақсы көрiп кеттiм….

Шарафат Рысбайқызы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × three =