АЛЖИР-дің шырақшысы

0 284

Ақмол ауылындағы «Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР»мемориалды-мұражай кешені» экспозиция және көрме бөлімінің аға ғылыми қызметкері Рахима Жақсыбаева «АЛЖИР-дің шырақшысы» деп атауға лайық. Ол – Карлагтың дербес бөлімшесі ретінде 1938 жылы 6 қаңтарда Р-17 еңбекпен түзеу лагерінің орнына құрылған Отанын сатқандар әйел­дерінің Ақмола лагерінің тарихына қатысты деректерді жинастырып, мұражайдың арғы-бергі  тарихын жатқа білетін жан. 

Жәдігерлер осылай жиналған

Әр нәрсеге бір оқиға себеп болады. 1980 жылдары Малиновкаға бір топ журналистер келген болатын. Артынша, «Известия» газетінде «Малиновка» өзінің әдемі атына сай емес, адам сүйегінің үстіне салынған мекен» деген мағынада мақала шығады. Сонда жергілікті тұрғындар «Қалайша?» деп таң қалады. Кеңес заманының құпиялары ашылмаған кез, саяси қуғын-сүргін құрбандары жайлы мәліметтер айтылмайтын. Содан осы ауылда орналасқан «Ақмола Феникс» АҚ басшылығы Р.Жақсыбаеваны «АЛЖИР» тарихи мұражай лагерін құру және насихаттау жұмысына шақырады. Сұрастыра келе, осы түрмеде отырған үш әйелді іздеп табады. Қарағанды облысында тұратын түрме бастығынан көптеген адамдардың дерегін біліп, әр жерде жасап жатқан бұрынғы тұтқындармен хабарласуға мүм­кіндік алады. Содан Одаққа тарайтын орталық газеттердің барлығына «Кімнің АЛЖИР есінде?» атты шағын мақала жариялайды. 1989 жылы қазіргі Ақмол, Малиновка елді мекенінде АЛЖИР-дің бұрынғы тұтқындарының кездесуі өтеді. Жиырмаға тарта әйелдер келіп, осында өткен өксікті жылдарды есіне алады. Осы кездесудің нәтижесінде кент орталығында темір тордың астындағы екіге айырылған бес жұлдыз бейнесінде ескерткіш ашылады. КСРО ыдырай қоймаған кезеңде қақ айырылған жұлдызды орнату да, Кеңес кезінде ұсталып еріксіз отырған әйелдердің батылы жетіп, өз еркімен келуі де ерлікке тән еді. Ал бұрынғы тұтқындар кездесуге құр қол емес, өздерімен бірге түрлі құжаттар, анықтамаларын ала келіпті. Солардың арасынан шағын мүсіндер шығады. Оны шикі қамырдан жасапты, шөптерді қайнатып, бояу жасап бояған. Мұнда сәбиін құшақтаған ана, үстінде күпәйкесі, қолында дорбасы бар әйелдер бейнеленген. Бұл – отыз сегізінші-қырқыншы жылдары тұтқындардың қолымен жасалынған дүниелер. Бірнеше жыл өздерімен сақтаған әйелдер сол жылдардың белгісі ретінде мұражайда сақталуы тиіс деп ала келген беті екен. Ол кезде мұражай болған жоқ, бірақ, кенттік кітапхананың бір бөлмесінде «Алжирдің» алғашқы жәдігері болып сақтаулы жатады.

Мүслиманың киіз байпақтары

Мұражайдың әрбір жәдігерінің тарихы, тағдыры бар. Рахима Рама­занқызы әрқайсысына байланысты деректерді жақсы біледі. Соның бірі мұражай қорына жақында қосылған қоғам қайраткері Әнес Ільясовтың жары Мүслима тіккен киіз байпақтарды Рахима Петропавл қаласына барып, оның қызымен кездесіп, осы заттарды алып келеді. Ільясова Мүслима 1910 жылы Солтүстік Қазақстан облысында туған. Тұтқынға алынғанға дейін Петропавл қаласындағы №1 мектепте мұғалім болған. 1938 жылы Ота-нын сатқандардың отбасы мүшесі ретінде айыпталып, «АЛЖИР» лагеріне жіберілген. Мұнда ол 1948 жылға дейін болыпты. Он жыл өмірін қапаста өткізген Мүслима еліне келеді. Келсе, үй де жоқ, жай да жоқ, екі қолға жұмыс та жоқ. Бейбақ әйелді көршісі пана­латыпты. Сонда көршісінің қызы он жаста екен. Сол қыздың құлағында Мүслима апайдың «Мұртты бәрімізді құртты» деген сөздері есінде қалып қояды. Жылдар өтеді, Мүслима апай қыздарына іздеу салады. Екі қыздың үлкені аурудан қайтыс болды деген қағаз алады. Мүслиманы паналатқан көршінің он жасар қызы жетпіске толған шағында бір себептермен Ақмолға келіп, мұражайдағы тізімнің ішінен Мүслима апасының атын көреді. Дереу Мүслиманың қызы Бақытпен байланысады. Ол Рахиманы Петропавлға шақырады. Қаланың вокзалында қарсы алған Бақыт көп адамның арасынан Рахима көзіне жылы ұшырап, бірден тани кетеді. Анаға құрмет, тарихқа ізет бейтаныс екі адамды осылайша апалы-сіңлідей араластырды.

«Құрт – асыл тас» атты өлеңнің шығу тарихында да Рахиманың әсері бар. Бірде Рахиманы іздеп, Германиядан екі ғалым келеді. Бірі – Владислав Хендлер, екіншісі – Марк Штарк. Жай келмей, 8 жыл өмірін Алжирде өткізген Гертруда Вильгельмовна Платайстың естелігі мен 300 евросын ала келіп, үлкен сәлемін жеткізеді. Оның естелігі негізінде Жаңажол ауылы тұрғындарының тұтқындарға көрсеткен қамқорлығы туралы «Құрт – асыл тас» атты өлең жазылып, шағын қойылым көрсетілетін болды.

Құрбандық шалу хикаясы

Міне, жылдан жылға деректер мен дәйектер қорланып, жәдігерлер де тұс-тұстан түсіп жатты. Рахима Жақсыбаеваның мына естелігі де қызықты. Бірде мектеп оқушысы Алжир туралы реферат жазбақ болады. Рахима бар білгенін айтып көмектеседі. Ал қызының жұмысын үздік қорғағанына қуанған анасы рахмет айтып, бір қойын жетелеп, Рахимаға келеді. Рахима қойды қорасына байламай, Наурызға арналған мерекеге сойып, көпшілікпен бірге бөлісуді жөн көреді. Сол күні, Рахимаға бір адам келіп, жаңа мұражайдың салынып жатқанын айтады. «Егер мүмкін болса, құрылысшыларды дәмге шақыруға бола ма?» деп сұрайды. Көңілдері көтерілсін, онсыз да тракторлары сынып, құрылысшылар қайта-қайта ауырып қалып, жұмыс жүрмей жатыр» дейді. Мұражайдың іргесі қаланбай тұрып, сексенінші жылдардан бастап жоқ мұражайдың шырақшысына айналып, барлық құжат-деректерін қастерлеп жинап, талай тағдырдың баянын білген Рахима істің жүрмеуінің бір себебін құрбандық шалмағанынан көреді. Құрылыс басшысына «Ортадан қаражат жинап, мал шалып бастаңдар, аналарымыздың көз жасы төгілген, талай арулардың намысы тапталып, ғұмыры үзілген жер ғой» деп түсіндіреді. Артынша Рахиманың айтуымен мал шалынып, құдайы беріледі. Содан не керек, 90 күн 90 түн дегенде бір техника сынбастан салынып бітіп, 2007 жылы 31 мамырда Елбасы «Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінің» лентасын қияды.
Міне, содан бері Арқаның бір қастерлі жері болып, тарихтың өтке­нінен сыр шертіп тұр.

Шәкітай апайдың шәлісі

Жақында тағы бір жәдігер келіп түсті. Белгілі демограф-ғалым Мақаш Тәтімов жеңгесінің шәлісін мұражай қорына тапсырды. Шәліні Ақмола лагеріне 1938 жылдың 3 қазанынан 1943 жылдың 5 мамы­рына дейін отырған Шәкітай Тәтімоваға грузин әйелі сыйға берген екен. Аласапыран жылдары көп нәрседен қол үзіп қалған кез. Бірақ, грузин әйелі Шәкітайдың шәлісін қастерлеп сақтапты. Өзі өмірден өтерде ұрпағына айтып кеткен екен. Бірнеше жылдар өткен соң, грузин әйелінің балалары Мақаш ағамызды тауып алып, жеңгесінің шәлісін тапсырып, аналарының аманатын орындайды.

Міне, апамыздың иығын жапқан қалың шәлі осылайша мұражайдан өз орнын тапты.

Мұражай жәдігерлерінің көбі – тұтқын әйелдердің қолынан шыққан не өздері тұтынған заттар. Ол заңды да шығар. Меніңше, мұндағы әр зат аяулы арулардың жүрегіндегі мейірім мен сүйіспеншілігін, қапаста қамалып, «халық жауы» атанса да сағы сынбай болашақтан күткен үмітінен хабардар етіп тұрғандай. Аранға түскен арулар «Малиновкада» мұңлы наласын ғана емес, жүректерінің шуағын да қалдырды. Рахима Жақсыбайқызы сияқты мұражай қызметкерлері сол шуақты маздатып, мұражайды ерлік пен намыс, ерік пен жігер, адалдық ұялаған ұлағатты мекенге айналдырды.

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × 4 =