«АЛЖИР»-де туған ару

0 171

«Анасы ұрлық жасады» деген жалған айыппен сотталып, «АЛЖИР»-де жазасын өтеп жүргенде дүние есігін ашқан қыздың тағдыры қалай өрбіді?

Ел басына қара бұлт төнген 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында бүкіл елдегі еркек кіндікті азаматтар елін қорғау үшін қан майданға, соғысқа аттанып жатты.Елде тек балалар, қарттар мен аналар ғана қалды. Сол заманда бар ауыртпалық аналардың мойнына түскен. Қазақстанның барлық басқа елді мекендеріндегідей Ақмола облысы Астрахан ауданы Қоскөл ауылында да азаматтар соғысқа аттанып кеткен. Осы ауылдағы 1909 туған Есенқызы Ләтипаның да отбасын бұл нәубат айналып өтпеді. Жолдасы шаңырақ иесі Ахмет Құсайынов өзі сұранып әскер қатарына кеткенде артында сүйікті жұбайы, екі баласы Қорғанбай мен Ісіләмбекпен қалған еді. Ол кезде колхоздағы бүкіл әйелдерді ауыр-жеңіл демей, таңнан түн батқанша жұмысқа салатын. Ләтипа да ел қатарлы қай жұмысқа жұмсаса да істеп, кешке екі баласының қамын ойлап, ерінің аман-­есен келуін тілеп, бес уақыт намазын қалдырмайтын. Жастайынан әжесінің бауырында өсіп, тәрбиесін алып «Қызға қырық үйден тыю», «Қыз баланың әдебі», «Ер адамның жолын кеспеу, жолдасын сыйлау» т.б. тәрбиелік мәні бар ақыл-кеңесін айтып үйрете беретін және еңбекке баулып сырттың-іштің жұмысын атқаратын. Соны көріп өскен Ләтипа жастайынан еңбекке бейім, өз ортасының ұйытқысы, белсенді мінезі ақжарқын болатын.

Әкесіне тартқан көрікті, сұңғақ бойлы, қолаң шашты, көк көзді қазақтың ерекше сұлу қызы, енді екі баланың анасы, көрген кісі көркіне қызығатындай сымбатты жан.
«Малдың аласы сыртында, адамның аласы ішінде» дегендей, бар азамат елімізді қорғаймыз деп соғысқа кеткенде, ебін тауып елде қалып, сот қызметін атқарып жүрген бір ұятсыз, жанұясы, балалары бола тұра Ләтипаға қырындап мазасын ала береді. Жолдасым майданда, екі балам бар десе де, қоймай келгіштей беретін.
«Басыңа Ай мен Күн туғызамын. Күйеуің соғыстан келе ме, жоқ па, қайдан білесің?» деп кейде әлсіз жанға қоқан-лоққы да көрсетеді.
Жас, жарына адал, бірбеткей, сымбатты келіншектің көнбейтінін білгеннен кейін «Сенің көзіңе көк шыбын үймелетемін» деп қорқытып та көреді. Ақыры мүлдем көнбейтініне көзі жеткесін арам пиғылына басып, ауылда бір мал ұрланып, соның қаны жұққан бөшкені Ләтипаның үйінің жанына тығып, тауып алған болып кінәсіз жанды түрмеге қаматады. Қамауда жатқанда да сотына дейін тағы бірнеше рет келіп неше түрлі сөздер айтып, райынан қайтарғысы келеді.
Жолдасына адал, сөзіне берік, жүрегі таза жанды қиындық пен қыспаққа алса да, көндіре алмады. Ақыры 9 жылға соттатып жіберді.
Сотында соңғы сөз алған Ләтипаның бойында атасынан қалған «қасиет» бар болатын. Судьяға мені күнәсіз соттап отырсың, «Сен өз дәретіңді өзің көрме» деп айтады. Шынында сол сот үш жылдан кейін екі көзі көрмей, су қараңғы болып, азаппен өмірден өтеді.
Сонымен күнәсіз жанды Ақмола қаласының жанындағы 35 шақырым жердегі тек нөмірмен ғана аталатын «26 точка» атты әйелдер түрмесіне апарып қамайды. (Қазір «АЛЖИР» атанып кеткен. Целиноград ауданы Ақмол ауылы.)
Ләтипа енді тағдырдың тәлкегімен «26 точка» түрмесінде азаптың қамытын киеді. Осы лагерьде көп жылдардан азап көріп жатқан, КСРО-ның әр жерінен «халық жауы» әйелдері деп кінәсіз әкеліп қамаған ару аналармен танысады. Бойындағы «емшілік қасиетімен» кейбір кісілерге көмектеседі. Міне, осылай тар қапаста болса да, абыройға ие бола бастайды.
Қыста қандай аяз болса да Жалаңаш көлінен қамыс шауып, оны құшақтап тасып, қырға маялап үйеді. Кейде жан-жақтан итпен қоршаған солдаттардан тасалап, көрші ауылдағы кісілер өздерінде аз болса да, қамыс арасына тамақтарын тығып кетеді. Оны тауып алған аналар, тығып бір-біріне беріп талғажау қылады. Солдаттар көріп қалса, ұрып тамақтарын тартып алып, лақтырып не төгіп тастайтын.
Азап лагерінде аш-жалаңаш жүрсе де, өңі онша берілмей жүрген Ләтипаға ондағы ер сымақ солдат, офицерлердің де көзі түсіп мазалай бастады.
Осы кезде өзімен қатар осы түрменің ерлер жағында сотталу мерзімін атқарып жүрген, қолынан іс келетін, түрменің барлық жұмысын атқарып жүрген көкшетаулық Байболатпен танысып, бара-бара көңілдері жарасады. Байболат іскер болған соң басшылармен де жақсы тіл табысқан екен. Содан ретін тауып осында келіп жұмыс істейтін діннен сауаты бар адамға жасырын некелерін қидырады. Бірде Ләтипаны он шақты әйелмен ауыр жұмысқа салады. Оны көтере алмаған Ләтипа есінен танып құлайды. Ес-түссіз жатқан адамды солдаттар өлді деп моргқа апарып лақтырып тастай салады. Оны көрген лагерьде көптен отырған профессор ғалым әйел байқап, осы тірі деген сезіммен жанында болып мұрнының астына айнаның сынығын қойып, үш сағаттай уақыт өткенде айнадан аз дым көріп, дереу кезекшіге хабар беріп ауруханаға апарып, дәрігерлер көмектесіп, Алланың қалауымен әйтеуір аман алып қалады. Дәрігерлер толық тексеріп, аяғы ауыр екенін айтады. Міне, осылай өмірге тар қапастың ішінде 1947 жылы 24 наурызда аман-есен босанып, кішкентай қыз өмірге келеді. Нәрестенің атын әкесі анасымен ақылдасып Бақытжан деп қояды. Лагерьдің заңы бойынша баланы үш жасқа дейін анасының жанында болуға рұсат етеді де, үшке толғаннан кейін «халық жауының» баласы деп балалар үйіне үкіметтің асырауына беріп, анасын аналық құқығынан айырады екен. Соны естіп-білген баланың әкесінің мезгілі аяқталып елге кетейін деп жүргенде Ләтипаға бәрін түсіндіріп, менің балам ғой, мен өзіммен алып кетіп асырайын. Менің елде жұбайым болғанмен, кішкентайымыз болмай жүрген дейді. Ал баланы балалар үйіне әкетсе сосын таба алмай қаласың деген соң, анасы қимай-қимай көнеді. «Бірақ мен қалай босаймын, солай өзім барып алып кетемін» деп келісімін береді.
Байболаттың мезгілі аяқталып, үш жасар баласын қолына алып еліне келгенде, ағайын-туыстары қуанып, Байболат аман-есен босап елге келді, үш жасар кішкентайы бар деп той жасады. Ал нәресте көтермеген әйелі баланы алып еміреніп кеудесіне қысқанда екі анарынан сүт шыққан көрінеді. Ләтипа төрт жылдан кейін 1954 жылы тоғыз жылын толық өтеп босап шығысымен еліне, ешқайда соқпай Байболат берген адреспен қызын іздеп, Байболаттың ауылына Кіндік қарағайға бір-ақ келеді.
Бұл уақытта Ләтипаның келерін ешкім күтпеген еді. Байболаттың әйелі де балаға бауыр басып қалған. Баланы туған шешесіне бергісі келмеген ол ауыл ақсақалдарымен ақылдасады. Сонда көпті көрген көнекөз ақсақалдың біреуі: «Қызыңмен жасты ауылдың жеті қызын киіндіріп, алдына алып кел. Егер қызын таныса ертіп жібер, танымаса кете берсін» деген шешімге келеді.
Тоғыз жылғы тағдырдың тауқыметі, ашаршылық, қиыншылық, ару ананы мүлдем өзгертіп қатал, тік мінезді, алды-артын терең ойлайтын қылып өзгертіп шығарды.
Бақытжан осы жылдар ішінде анасы түрмеде өз қолынан тігіп берген қамзолын әркез киіп жүреді екен. Жеті қыздың ішінде бұл жолы да неге екенін білмейді, сол қамзолын киіп келеді.
Анасы қыздарға қарай бергенде өзі қолымен тіккен қамзол көзіне, қызымен бірге оттай басылады.
Міне, менің қызым деп бауырына баса бергенде Бақытжан: «Әке, мені мына әжеден құтқарыңдар, мені неге құшақтайды?» деп жылайды. «Мен сенің анаңмын» деп баланы әрең көндіріп тоқтатады. Бұны көрген үйдегі аналар да жылап, тіпті мықтымын деген ер адамдар да көзіне жас алады.
Ана мен бейкүнә сәби осылай табысады.
Сағына көріскен ана мен бала осылай Астрахан ауданының Колутон стансасына көшіп, қоныстанып кішкентай Бақытжанды мектеп қабырғасына береді. Мұнда 1-4 класта оқып, туған ағасы Қорғанбай анасы мен екеуін Державенкаға көшіріп әкетіп, 5-8 класты сонда оқиды. Зерек қыз жақсы оқып, одан әрі мамандық алды, Едіге деген жігіттің етегінен ұстады.
Едіге некеге қиған күні Бақытжанның төлқұжатының туған жері «26 точка» дегенді көріп, бұл қалай деп сұрайды. Есін білгеннен осы күнге дейін осы сұраққа жауап беру Бақытжанға өміріндегі ең қолайсыз, ыңғайсыз жауап еді. Біреу сұраса қашқақтайтын, енді, міне, өмірінде теңін табу бақытты сәтінде де алдынан кесе-көлденең шыға келді.
Кішкене үнсіздіктен кейін Бақытжан қысылып, қиналыңқырап «Мені шын сүйсең сұрама, кезегі келгенде өзім айтамын» деді. Содан кейін сөзіне, уәдеге берік Едіге неше жылдар бірге тұрса да сұрап көрген емес.
Иә екеуі Алланың берген жасын жасап ел қатарлы балалы-шағалы бес құрсақ көріп, қатарларына сыйлы болып қызмет атқарды. Бақытжан өзінің сүйікті мамандығының ізденімпаз білгірі болып, Ақмола облысының бірқатар аудандарында банктерде бас есепші болып қызмет атқарып, халықтың құрметіне бөленді.
Жаратқанның берген сынағына да иманды жандар ретінде шүкіршілік ете білді.
Кейінгі жылдары өмірден ерте өткен екі азамат баласының қайғысы ауыр тиіп, өзінің сырқаты үдей түсті. Жағдайын сезген өзі бір күні өмірлік жан серігі Едігеге «Саған кезегі келгенде өзім айтамын» деп едім, міне, кезегі келген сияқты қанша ғұмырым қалды оны Алла біледі, оңдап тыңдап ал, ішімде кетпесін. Ата-анам қанша адал болса да «халық жауының» қызы дегеннен өмір бойы қысылып жүруші едім, ішкі зар-мұңымды бір босатайыншы.
Мен олай-бұлай болып кетсем балаларыңа ақылшы, ие бол. Имамға жаназа-намазымды шығарғанда Бақытжан Байболатқызы деп шығарсын. Құжаттағыдай Ахметқызы деп жүрмеңдер деп Едігенің қолын қимас­тықпен ұстап отырып, осы оқиғаны басының аяғына дейін ақырын есіне түскенін бірін қалдырмай айтып берді. Әсіресе, анасы жайлы айтқанда бір тебіреніспен, сүйіспеншілікпен айтатын деп еске алатын Едіге.
Бақытжан осы сырқатынан айыға алмай, 2008 жылы 14 қаңтарда өмірден өтті. Мыңдаған күнәсіз «халық жауы» аталғандар ұрпақтарының соңғы көші де осылай өмір бойы іштерінен тынып, сақтаған зар-мұңын бір ақтарып өмірден өте барды…
Ал айта алмай арманда кеткендер қаншама?!.

Оспан СҮЛЕЙМЕНҰЛЫ,
«Ыбырай Алтын­сарин» төсбелгісінің иегері,
ҚР Білім беру саласының құрметті қызметкері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven + 5 =