«ӘЛЖАН АНА» МЕШІТІ АШЫЛДЫ

0 681

Алжан

Кеше «Пригородный» тұрғын үй алабындағы Арнасай көшесі мен Қабанбай батыр даңғылының түйіскен тұсында жаңа мешіт жамағатқа есігін айқара ашты.

Бір уақытта мың жарымға жуық адам сәждеге жығыла алатын құлшылық үйі күллі мұсылман қауымына құрметті Рамазан айының қарсаңында, қадірлі жұма күнінде ашылып отыр. Қашанда ана есімін ардақтаған азаматтар құлшылық үйіне «Әлжан ана» атауын лайық көріпті.

Жаңа мешітке арнайы ат басын бұрған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Мешіт елордамызға келетін қонақтар үшін қолайлы. Болашақта бұл мешіт тек ізгілік пен бірліктің құтты мекені болады деп сенемін» деп ізгі тілегін білдірді.

Мешіттің ашылу салтанатына арнайы Алматыдан келген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы жұртшылықты құтты күнмен құттықтап: «Алланың қалауымен қасиетті ораза айының қарсаңында осынау зәулім мешіт бой көтерді. Бүгін ақ түйенің қарны жарылған қуанышты күн. Мүбәрак айдың алдында Астана жұртшылығына бұл үлкен сыйлық болды. Әлбетте, жер-жерде осындай мешіттеріміздің бой көтеруі ел тыныштығының арқасы» деді.

Елорданың сегізінші жаңа мешітінің бас имамдығына дін саласында біраз жылдар еңбек еткен Ермек Мұқатай тағайындалды.

1 087 шаршы метр аумақты қамтитын мешіттің ішкі бөлме қабырғалары шығыс стиліндегі суреттермен безендіріліп, еденіне керамогранит тақта төселген.

Жайық НАҒЫМАШ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve − 11 =