АЛЫСТЫ ЖАҚЫНДАТҚАН «АЗИЯ ЖАҢҒЫРЫҒЫ»

0 100

Азия жаңғырығы

Халықаралық «Азия жаңғырығы» фестивалі биыл жетінші рет шымылдығын түрді. Байқау үрмелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен Астана көшелеріндегі «Кавалькада» мерекелік шеруімен ашылды.

Жақын және алыс шетел әртістерін жинайтын байқау жылдан-жылға құлашын кеңге жайып келеді. Бұл – әр елдің әртістері арасындағы ең мықтылардың өнер додасы ғана емес, сонымен қатар, халықаралық қазылар алқасы сараптайтын ең ірі бағалау алаңы. Биылғы сайыста әдеттегіден әсерлі жаңа көріністер көрермендерге тарту етіледі. Фестивальдің бағдарламасы жаңа, қызықты әрі қауіпті қойылымдарға толы. Әрбір қатысушы өз мемлекетінің ұлттық цирк ерекшеліктерін ортаға салады. «Астаналық цирк» манежінде Ресей, Қытай, Моңғолия, Вьетнам, Беларусь, Якутия, Украина, Өзбекстан және Қазақстанның әртістері сегіз күн бойы өнер көрсетеді. Олардың көбі – бүкіләлемдік фестиваль жеңімпаздары мен лауреаттары, өз жанрларының хас шеберлері, цирк әулетінің ұрпақтары. Асқан шебер жонглерлер, әуе гимнастшылары мен акробаттар, көңілді сайқымазақтар көрерменге ерекше әсер қалдырады. Сондай-ақ, үйретілген түрлі жануарларды тамашалауға болады. Бұл циркке келген кішкентай көрермендерге теңдессіз сый болары анық.

«Астаналық цирктің» режиссері Лилия Кудерконың айтуынша, фестивальге қатысуға он сегіз өтінім түсіпті. «Алғаш рет Якутия мен Вьетнамның өнерпаздары қатысайын деп отыр. Барлығы ерекше дайындықпен келіпті. Цирк сахнасына понилер, ауған тазылары, арыстандар, иттер шығады. Өткен жылдарда бұл номерлер болған жоқ» дейді. Ал, Қытай циркінің әртісі Джан Юн Хвей Астанаға алғаш рет келіпті. «Арнайы дайындап келген классикалық бағдарламамыз бар. Ешқандай да сақтану құралдарын қолданбай әуеде өнер көрсетеміз. Қиын, қызық. Көруге тұрарлық қойылым» дейді.

Биылғы фестивальдің тағы бір ерекшелігі сайыс түрінде өткі­зіледі. Әлемдік әртістердің өнеріне халықаралық деңгейдегі жұл­дыз­дар қазылық етеді. Байқау 6, 7 шіл­деде жүргізіліп, 8 шілдеде қоры­тын­дыланады. Оған жұртшы­лыққа кеңінен танымал «Астаналық цирктің» бас директоры Ерік Жолжақсынов – қазылар төрағасы, ресейлік «Росгосцирктің» бас директоры Вадим Гаглоев, Ресей халық әртісі, Вернадский даң­ғылындағы Мәскеу үлкен циркінің бас директоры Эдгард Запашный, Никулин атындағы Мәскеу циркінің бас директоры Максим Никулин, Украина мемлекеттік циркінің бас директоры Игорь Хлебосолов және басқа да тұлғалар төрелік етеді.

Еркежан СӘТІМБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four + 16 =