Алыстан айта алмайсың ақиқатты…

0 333

Жақында «Егемен Қазақстан» газетінде Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышевтің «Тату көрші, стратегиялық әріптес Қытаймен қарым-қатынасымыз туралы» деген мақаласы жарияланды. 25 жыл бойы Қытай бағытында еңбек еткен тәжірибесі бар дипломат ретінде Қытай мен Қазақстан қатынасына қатысты біраз мәселені қаузаған мақала авторы Қытайдағы қандастар мәселесіне де тоқталыпты.

«Қытайдағы қандастардың мәселесі – Қытайдың ішкі ісі» деп сөз бастаған Нұрышев мақаласында «Қазақстанға көшуді қалайтын қандастарға айтылатын өтініш – Қытайдан кетпей тұрып, ресми түрде ҚХР азаматтығынан шығу қажет. Сол кезде азаматтыққа кіру, зейнетақы алу және шекарадан өтуге қатысты мәселелер туындамайды» депті. Меніңше, бұл Қытайды білетін, Қытайдың ішкі-сыртқы саясатын түсінетін тәжірибелі дипломаттың сөзі емес. Себебі Қазақстан тәуелсіздік алғалы ата жұртқа оралған бір миллионнан астам қандастың 300 мыңнан астамы Қытайдан келген десек, солардың дені туысшылау жолымен келіп, Қазақстан азаматтығын алды. Арнаулы көші-қон шақыруымен Қазақстанға қоныс аударған отбасылар да бар, бірақ олардың саны өте аз. Ал Қытайдан көшпей тұрып, «Мен Қазақстанға кетем, мені азаматтықтан шығар» деп көшіп кеткен қазақты өз басым күні бүгінге дейін көрген де, естіген де емеспін. Себебі оған Қытайдың заңы бойынша мүмкіндік жоқ. Тек соңғы жылдары отбасы бөлініп қалған бірен-саран азаматтар ғана отбасын біріктіру мақсатында Қазақстандағы туыстары жіберген шақыртудың арқасында Қытайдан біржолата көшіп келді. Бірақ олар да ҚР азаматтығын алғаннан кейін, белгіленген тәртіп бойынша Қытай азаматтығынан шығуы шарт. Оның үстіне, Қытайдағы 1,5 миллионға жуық қазақтың бәрінің Қазақстанда туысы отырған жоқ, тегі бір жақын туысқанынан келген шақырту болмаса, Қазақстанның көк таңбасы соғылған кез келген қағазды қазір Қытай да қабылдай бермейді. Сондықтан да Қытайдағы қазақтардың кейбірі бірер айлық туысшылау сапарымен келіп азаматтық алса, кейбірі «ел көріп, жер көріп қайту» мақсатымен келіп азаматтық алуға мәжбүр. Ал жастар соңғы кездері оқу жолымен келіп азаматтық алып жатыр.
Қытай Халық Республикасының Азаматтық туралы заңының 9-бабында «Шетелде қоныстанған, өз еркімен шетел азаматтығын алғандардың Қытай азаматтығы автоматты түрде жойылады» деп жазылса, 10-бабында «Қытай азаматтары төмендегі шарттардың бірін әзірлесе, Қытай азаматтығынан шығуды өтініш етуіне болады» деп «1. Шетел азаматтарының жақын туыстары болса; 2. Шетелге қоныстанған болса; 3. Басқа да үйлесімді себептер бар болса» деп үш түрлі түйінді атап көрсеткен. Бұл заңда «Шетелге қоныс аударсаң, алдымен азаматтықтан шық» деген сөз атымен жоқ. Қытай заңы бойынша оған мүмкіндік те берілмейді. Оның үстіне, менің білуімше, Қытай азаматтары соңғы кездері Қытайға «Мені азаматтықтан шығар, мен Қазақстанға қоныс аударам» демек түгілі, жергілікті билік мәжбүрлі түрде жинап алған паспорттарын қолына ала алмай жүр.
Қытай азаматтығынан шығудың өзіндік тәртібі бар. Яғни Қазақстан азаматтығын алған адам міндетті түрде Қазақстан паспорты мен Қазақстаннан алған жеке куәлігінің көшірмесін көрсетіп, азаматтықтан шығу өтінішін берген соң барып өшіреді. Оның өзінде тарихыңды тексеріп, архивіңді ақтарып сарсаңға салады. Мәселен, Қытайда туып өскен, сол жақта 15 жыл тілші болған мен де, жұмыстан жарты жылда әзер шыққанан кейін, «бір айға барып келем» деген рұқсат қағазына 8 жерден таңба соқтырып, 2018 жылы 10 сәуірде Қазақстан шекарасынан өтіп, қазан айында Қазақстан азаматтығын алдым. Азаматтық алған күні ҚХР азаматтығынан шығу туралы арыз жазғанымда, «ҚХР азаматтығынан шығу үшін Қазақстанда тұрғанына 1 жыл толған немесе ҚР ықтиярхатын алғанына 2 жылдан асқан болуы керек» деп жоқ жерден заң шығарып, қинағаны әлі есімде. Тек мен ғана емес, менімен қатар азаматтық алғандардың бәрі осындай кедергі көрді. Әсте біздің министрдің орынбасары айтқандай, Қазақстанға кетем деген қазақты азаматтықтан шығарып, «Бара қой, айналайын» деп отырған Қытай билігі жоқ. Тіпті, Қазақстанға келген соң Қазақстан азаматтығын ала салып, Қытай азаматтығынан бас тарту өтінішін жазса да, Қытай азаматтықтан шығармай, Қытай паспортын өткізе (қидыра) алмай, Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы Қытай консулының алдында табанынан тозып жүрген Қазақстан азаматтары қаншама?! Ендеше, «Түйені жел ұшырса, ешкіні аспаннан көресің» дегендей, Қазақстанға келіп алған қазақтың Қытай азаматтығынан шығуының өзі осындай қиын болғанда, Қазақстанға жете алмай, қолына паспортын ала алмай, ұшарға қанаты жоқ болып отырған қазақтарға «Азаматтықтан шығып келсе, бәрі оңай болады» деп «түйе үстінен сирақ үйткендей» алыстан ақыл айтудың қажеті қанша?! Зәуде ғалам, Қытайдағы азаматтығын жойып тастап, Қазақстанға келгенде құжаттары дұрыс болмай азаматтық ала алмай қалса, қайда барады?! Егер «Қазақстанға біржолата қоныс аударғысы келетін қандастарымыз Қытайдағы Қазақстан елшілігіне Қазақстан азаматтығына қабылдау туралы өтініш жазып, өтінішке ресми түрде оң жауап берілгеннен кейін Қытай азаматтығынан шығып келсін» десе, бұл сөз қисынға сыяр еді. Он екіден бір нұсқа жоқ, «Қазақстанға келем десеңдер, Қытай азаматтығынан шығып келіңдер» деп, ол елдің ішкі саясатын зерттеп-зерделемей тұрып, «Тисе ағашқа, тимесе бұтаққа» дегендей, жеп-жеңіл айта салу тәжірибелі дипломаттың жасайтын тірлігі емес.
Сонымен қатар, Шахрат Нұрышев аталған мақалада «Кейбір қандастар біздің елге келіп, Қазақстан азаматтығын қабылдаған соң, ҚХР азаматтығынан шығу рәсімдерін орындамағандықтан, Қытайға кері қайтқан кезде түрлі қиыншылыққа тап болған» деп жазады. Дұрыс, бұл шындық. Алайда бұл қиыншылықты жасап отырған қандастар емес, Қытай билігінің өзі. Жоғарыда айтқанымыздай, Қытай халық республикасының азаматтық туралы заңының 9-бабында «Шетелде қоныстанған, өз еркімен шетел азаматтығын алғандардың Қытай азаматтығы автоматты түрде жойылады» деп анық жазылса да, Қазақстан азаматтығын алған қазақтар Қытайға туысшылай барғанда «Қос азаматтық қылмысымен» жауапқа тартылғаны Қытайдың өз заңын да, халықаралық қағиданы да белден басып отырғанын түсіндірсе керек. Ендеше, оны біздің министрдің ақтай, жақтай сөйлеуінің еш қажеті жоқ секілді.
Мақалада «ҚХР аумағында 1,6 млн қазақ тұрады. Олардың барлығы – Қытай Халық Республикасының азаматтары. Арасында түрлі заң бұзушылық үшін сот шешімімен түрлі мерзімдерге бас бостандығынан айырылған кісілер де бар» делінген. Алайда сол «Түрлі заң бұзушылықтардың» арасында «Қазақстанға келгені үшін үйрену орталықтарына қамалған, Қазақстанның туы бар киім кигені үшін жазаланған, қабырғаға ­Назарбаевтың суретін ілгені үшін кінәлі болған, Қазақстандағы туыстарымен ватсап арқылы сөйлескені үшін басына қара бұлт үйірілген қазақтар да бар. Оның үстіне, 2017 жылы Шыңжаңда Қытайға қауып төндіретін 26 мемлекеттің тізімі жасалып, осы елдерге барып қайт­қан азаматтарды қатаң тексеру туралы жасырын бұйрық шықты. Ирак, Сирия, Ливия, Ауғанстан бастаған осы 26 елдің қатарында біздің Қазақстан да бар. Ендеше, министр айтқандай, екі ел арасында ешқандай алауыздық жоқ, тату достық қана бар болса, біздің елді халқы күнде атыс-шабыстан көз ашпайтын Сирия, Ливия елдерінің қатарына қосып, сыртымыздан қара тізімдікке енгізгенін қалай түсінуге болады?! Анығын айтқанда, Шыңжаң билігінің Қазақстанды «қатерлі 26 елдің» қатарына қосуы қандастардың Қазақстанға келуіне үлкен кедергі болды. Мұны біз екі жыл бұрын дәлелімен көрсетіп, әлеуметтік желілерде жаздық та. Бірақ оған қарапайым халықтан басқа биліктен ешкім назар аударған жоқ.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × three =