Алыстағы ағайынды жадыратты

0 35

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысымен шет елдегі қазақ диаспорасын рухани қолдау және олармен байланысты нығайту мақсатында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы, «Отандастар қоры» КЕАҚ, «Қазақконцерт» ұйымы бірлесіп, «Ұлы дала елі» жобасы аясында алыстағы ағайынға арнап, «Қазағым-ай» атты онлайн концерт ұйымдастырды.

Қазақтың әні мен күйі төгілген кештің шымылдығы «Халық қазынасы» бөлімінің жетекшісі Ерлан Рысқалидың орындауындағы «Қазағым-ай» әнімен ашылды. Бұл әннің сөзін ақын Мұқағали Мақатаев, әнін Тұрсынғазы Рахимов жазған. Сазы мен сөзі үйлескен ән тыңдарманды бірден баурады. Одан кейін талантты әнші Абай атамыздың «Сегіз аяғы» өлеңін тамылжыта шырқады.
Шертпе күйдің шебері Жанғали Жүзбай қасиетті қара домбыраның үнімен Сүгірдің «Шалқымасы» мен Төлеген Момбековтің «Салтанатын» көрерменге шынайы жеткізе білді. Дәстүрлі әнші Ардақ Балажанова үш ішекті домбырамен «Асылзат» және «Угай-ай» әндерін орындаса, Клара Төленбаева Нартай ақынның термесін төгілдірді. Сондай-ақ халықаралық байқаулардың лауреаты, қобызшы Ақерке Тәжібаеваның орындауында Ықыластың күйі «Қазан», дәстүрлі әнші Ерболат Шалдыбековтің орындауында Кенен атаның «Көк шолақ» әні де ешкімді бей-жай қалдырмады. Жетігенде күй орындаудың шебері Венера Табыс орындаған халық әндерінен попури, кеш соңында ұжым болып шырқаған халық әні «Арман-ай» мен жас дарын Асқар Мұқияттың «Ата жұрт» әні де көрермендер көңілін әсерлі сезімге бөледі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 5 =